Ардагерлер – асыл қазынамыз
Тараз қалалық ардагерлер ұйымы – қоғамда өзіндік орны бар, ортақ істе ықпалды іргелі құрылым. Ардагерлер қозғалысы қоғамның үлкен күшіне айналды деп батыл айта аламыз. Біздің мақсатымыз – ұзақ жыл еңбектің бейнетін көрген, жасы егде тартқан жандарды қартайған шақтарында қоғамдық ортадан тыс қалдырмай, қамқорлыққа бөлеп, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Оларға көрсетілетін барлық қызмет түрлері сапалы болуы керек.
Қала бойынша 47 мың 500 зейнеткер бар. Зейнеткерлердің саны жыл сайын өсіп отырса, өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны азаюда. Қалада бар болғаны 11 майдангер қалды. Олардың 3-еуінің жасы жүзден асса, қалғандары да осы жасқа таяп қалғандар. Сондай-ақ 1344 тыл еңбеккерлері есепте тұр. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, оларды ардақтау – басты міндетіміз. Майдангерлердің әлеуметтік- тұрмыстық жағдайы ардагерлер кеңесінің жіті назарында. Барлығы пәтермен, коммуналдық қызмет, басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз етілген. Денсаулықтары дәрігерлердің бақылауында. Жеңіс күні қарсаңында үш жыл қатарынан әскери округпен бірлесе отырып, қала әкімдігінің қолдауымен майдангерлер тұратын үйлердің алдында әскери шеру ұйымдастырылып, 1 миллион теңгенің сертификаттары тапсырылды.
Қалалық кеңес емдеу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Дәрігерлік көмектің уақтылы көрсетілуін назарда ұстайды. Олардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектері арнайы журналға тіркеліп, дер кезінде жауап беріледі. Айына бір рет кесте бойынша дәрігер, психолог және заңгерлер тегін кеңес-консультация береді. Білікті дәрігерлердің қатарында жоғары санатты дәрігер Ж.Абылғазина, психолог Ф.Нақыш және көп жыл прокурорлық қызметті абыроймен атқарған К.Абдрахманова бар. Кеңес жанындағы ардагерлер денсаулығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссия жетекшісі, қарт дәрігер Гүлнұр Губайдулина жасы 87-ге келсе де тиянақты жұмыс істейді.
Қандай елде болмасын қарт кісілердің ақыл- кеңесінен түзелмейтін кемшілік жоқ. Осы орайда С.Досымбеков төрағалық ететін билер алқасы пәрменді жұмыс атқарып отыр деп айта аламыз. 2021-2022 жылдар аралығында билер алқасының араласуымен 190 отбасы татуласты. Олардың отбасын сақтап қалуына ықпал етті. Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтарға үлкен көңіл бөлінуде. Отбасын құрудағы қыздар мен ер балалардың ролі, олардың отбасылық өмірге дайындығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі мәселе. Сондықтан да қалалық ардагерлер ұйымының жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» құрылды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сарыбекова басшылық жасайтын «Аналар алқасының» құрамы 11 адамнан тұрады. Түрлі мамандық иелерінен жасақталған аналар алқасы қыз балалар тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге байланысты біршама шаралар өткізді.
«Жаңа замандағы әділетті Қазақстан» құру жолында жастарға тағылымы мол, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру мақсатында құрамында 70-ке жуық ардагерлеріміз бар ақпараттық-насихаттық топ Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау жұмыстарына араласты.
Сонымен қатар бүкілхалықтық референдум, кезектен тыс Президент сайлау алды науқанында ардагерлер үлкен белсенділік танытты. Қалалық ардагерлер кеңесі бір жылда 365 күн болса, соның 300 күнінде облыс орталығында өтетін барлық науқандық шараларға қатысып жүреміз. Біздің ерекшелігіміз – осы.
Бірқатар соғыс және еңбек ардагерлері Тараз қаласының «Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталып, аталған құрмет иелері қалалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» еңгізіліп отырады. Ардагерлер кеңесі қалалық «AMANAT» партиясы, қалалық қоғамдық кеңес, «Жастар ресурстық орталығы» және басқа да қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қалалық ардагерлер кеңесі бұқаралық ақпарат құралдармен тығыз байланыса отырып, «Ардагер айнасы», «Aq jol», «Жамбыл-Тараз», «Ғұмыр-Дария» газеттеріне мақалалар жариялап тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесінің атқарған және алдағы уақытта атқаратын істері аз емес. Ең бастысы, жұрттың береке-бірлігін, ырыс- ынтымағын, тәлімді татулығын сақтауға атсалысып, қоғамда болып жатқан мәселелерге өз үлестерін қосып отырады.
Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.