Ардагерлер рухани жаңғыру майданының алғы шебінде

Талдықорған қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттың алдағы кезеңдегі жүріп өтер айқын жолын көрсеткен тарихи құжатқа айналды. Сана-сезімі биік, дүниетанымы мол, парасаттың, мәдениеттің, салт-дәстүрдің құндылығын түсінген адамға бұл мақалада ұлттың алдағы кезеңдегі жүріп өтер бағыт жолы айқындалған.
Осыған байланысты жуырда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында облыстардың, Алматы және Астана қалаларының ардагерлер ұйымдары төрағалары және «Қазақстан ZAMAN» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбаева қатысқан Талдықорған қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген маңызды мәселелерді талқылауға арналған жиынға келген құрметті қонақтарды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов күтіп алды.
Өңірге келген ардагерлерге Жетісудың бас қаласы Талдықорғанның тыныс-тіршілігі таныстырылды. Әкім бастаған қонақтар қала тұрғындарының демалыс орнына айналған Қаратал жағалауын аралап көрді. Келесі кезекте олар шаһардың көрікті орталығында бой көтерген Елбасына арнап тұрғызылған монументтік ескерткішпен танысты. Одан кейінгі әңгіме қала тұрғындарының мерекелік мекеніне айналған «Жастар» саябағында жалғасты. Өңір басшысы алдағы уақытта саябақ маңында бой көтеретін нысандар мен кешенді жұмыстардың жай-жапсарын айтып берді. Осы шара кезінде келген сыйлы қонақтар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіш бюстін көріп, рухына тағзым жасады.
Одан кейін ардагерлер жаңадан бой көтерген үш жүзге тарта БАҚ қызметкерлері қызмет ететін бес қабатты Журналистер үйін аралап көріп, телерадио кешенінің бағдарламалар студиясымен танысты. Сонымен қатар қонақтар облыс орталығында бой көтерген Жастарға қызмет көрсету орталығы мен Оқушылар сарайын аралап, алған әсерлерімен бөлісті.
Осы шара келесі күні де жалғасын тапты. Ардагерлер ұйымының төрағалары қаладағы жаңадан қолданысқа берілген Көрме кешені мен Салтанат сарайын тамашалады. Одан кейін қаланың бір жеті бұрын ғана ашылған Салтанат сарайында ардагерлер ұйымдарының республикалық кеңесі өз жұмысын бастады. Жиын алдында республикалық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысы жөнінде бейнефильм көрсетілді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы талаптарды жүзеге асыру бойынша кеңес өзара тәжірибе алмасу алаңына айналып, әр өңірден келген ұйым жетекшілері өз ойларын ортаға салды.

ЖЕТІСУ ЕЛ АРДАГЕРЛЕРІН ЗОР ҚУАНЫШ, ТАБЫСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Осы маңызды жиында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлерді ұйымның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтады.
— Жер жаннаты Жетісуға қош келдіңіздер! «Рухани жаңғыруға» арналған бұл кеңестің Талдықорған қаласында өткізілуі біз үшін үлкен қуаныш. Бүгінде елдігіміз бен тұтастығымызды сақтауда белсенділік танытып, Отанымыздың дамуына өз үлестерін қосып жүрген ардагерлерімізді ерекше құрметтейміз, — деді өз сөзінде өңір басшысы. — Өткеніміз бен бүгінімізді саралап, кемел келешегімізді бағамдап, дұрыс жол таңдауда кеудесі күмбірлеген қариялардың берері мол. Қазыналы қарияларымыздың мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыруға белсенді араласып, қоғамдық сананы жаңғыртуға атсалысып жүргені ерекше аталады.
Президентіміздің бағдарламалық мақаласында ерекше назар аударылған «Туған жер» бағдарламасының аясында жалпы құны 37 млрд. теңгені құрайтын 308 жоба жүзеге асырылуда. Өңіріміздің түлектері Қарасай ауданында 465 млн. теңгеге «Батыр бабалар» мемориалдық кешенін тұрғызса, Кербұлақ ауданында бір кәсіпкер ауылына бастауыш мектеп ғимаратын салуда. Осы бағдарлама аясында Шамалған ауылында 17 тұрмысы төмен отбасына үй берілсе, Еңбекшіқазақ ауданының Ащыбұлақ ауылында тұтас бір ауылдың қараусыз қалған саябағы жөнделді.
Жылдың соңына шейін облыс аумағында 35 мектеп пен 98 балабақша есігін айқара ашатынын атап өткім келеді. Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі мен алғашқы Президент күні қарсаңында біз 100 жаңа нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Өткен мерзім ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында алға жылжушылық бар. Облыстың жалпы ішкі өнімі соңғы үш жылда 26 пайызға өсіп, 2016 жылы 2,2 триллион теңгені құрады. Өнеркәсіп өндіріс көлемі 27,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 58,4 пайызға, сауда 44,3 пайызға, құрылыс 25,6 пайызға өсті.
Облыс қызылша дақылын өсірудегі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жұмыс істеуде. Қазір қызылша алқабы 9 мың гектарға жеткізілді. Жекелеген шаруашылықтар тәтті дақылдың әр гектарынан 500-700 центнерден өнім жинауда. Биыл 350 мың тонна рекордтық өнім аламыз деп болжамдап отырмыз. Үшінші жылы Көксу қант зауыты өнім өңдеп жатса, бұдан бірер күн бұрын жылына 300 мың тонна қызылша түбірін өңдей алатын Ақсу қант зауыты іске қосылды. Биыл 35 мың тонна қант шығарып, өңірдің осы өнімге деген сұранысын өтейміз. Біздің алдағы мақсатымыз еліміздің барлық өңірін қантқа деген қажеттілігін қанағаттандыру болып отыр.
Облыста тұрғын үй құрылысы жақсы қарқында дамыған. Биылғы жылдың өзінде 611,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 103,6 мың шаршы метрі, яғни 1496 пәтерлі 103 тұрғын үй «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні облыстық ардагерлер ұйымында 215 мың зейнеткер бар. Біз олардың әрқайсысының еңбегін жоғары бағалаймыз. Әрбір ардагерге өмір сүру деңгейін жақсартуға жағдай жасаймыз. Соңғы екі жыл ішінде 90 ардагерге пәтер бөлінді. Ұлы Отан соғыс мүгедектері мен қатысушыларына біржолғы көмек — 25,5 млн. теңге облыстық бюджеттен қарастырылып, берілді. Биылғы жылы бюджет қаржысына 1600-ға жуық демалыс орындарына ардагерлердің ем алуы үшін жолдама берілді. Алдағы жылы да соғыс кезінде тылда еңбек еткен ардагерлерге емдік мекемелерге жолдама бөлу жоспарланып отыр. Астана қаласында өткен «ЭКСПО — 2017» көремесін 1000-ға жуық ардагерлердің тегін барып көруі ұйымдастырды.

Сәуле Мешітбайқызы, Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық, саяси газетінің бас директоры: 
Жәр жәннаты — Жетісу, ал Талдықорған рухани жаңғыру қаласы дер едім

Республикалық Ардагерлер кеңесінің жыл сайынғы семинарларына қатынасып келемін. Мен бұрынғы кезде ардагерлер түк бітірмей жүр деп ойлаушы едім… Жоқ, осы ардагерлер кеңесімен араласқалы бері олардың орасан зор жұмыстар атқарып жатқанына көзім жетті. Бүгінгі ардагерлер кешегі жастар болатын. Олар алған білімдері мен жастық жалынын, күш-қуатын халыққа арнады. Қазіргі таңда республикамыз бойынша неше жүз мың зейнеткерлер бар. Олардағы мол тәжірибе мен өмірден түйген, көрген-білгендерінің өзі бүгінгі ұрпақ үшін  өнегелілі өмір тәжрибелеріерін  кеңінен насихаттау, оларды жастар мен балаларға өнеге етіп көрсете білу, өмірден алған тағылымдарын жас ұрпақтың бойларына сіңіре білу аса қажет. Біз, БАҚ өкілдері, сол үшін де ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыста болғымыз келеді. Талдықорған қаласында бас қосқан ардагерлерді облыс әкімі жоғары деңгейде күтіп алды. Өңірдегі алып құрылыстарды бүге-шігесіне дейін таныстырып, түсіндіріп, олардың қалай салынғанына дейін айтып, гид болды. Жастар сарайындағы игілікті істер, әсіресе, электрондық кітапхана, жастарды жұмысқа тарту, Оқушылар сарайындағы ондаған үйірмелер — барлығы тегін екенін жеткізді. Басқа облыстың ардагерлері мен әкімдері келіп, тәжірибе алса деген ниетін де жасырмады. Спорт кешені, Тіл сарайы, Журналистер ғимараты, Ардагерлер үйі, бітуге жақын драма театр, 16 қабатты 5 жұлдызды «Көктем» қонақүйі. Соңғы 3-4 жылғы салынған ғимараттар өңірдегі бірлік пен тірліктің, зор еңбектің нәтижелері. Облыс әкімі Амандық Баталовтың халыққа жақын екенін, қарапайым адамдардың аты-жөнін білетінін, үлкенді-кішімен еркін араласуын, тіпті өнерге деген үлкен қамқорлығын білдік. Өзі спорт шебері салауатты өмірге белсене қатысуын волейбол турнирінде өзі ойнағанынан-ақ көріп, іскерлігіне, кішіпейілділігіне, қарапайымдылығына жиналған ардагерлер риза болдық. Алматы облысы Республикамыздағы маңызды да үлкен аймақ болып саналады. Алматы мен Талдықорған арасын жалғап жатқан жаңа жолдың да сапасы көңілден шықты. Қала көркейіп келе жатыр екен. Нақты нәтижелерін көзбен көрген адамдар ғана білетін шығар. Осылай дами берсе, Алматы облысы еліміздің өндірісінде, экономикасында алдыңғы орынға шығады деп ойлаймын. 2017 жылы бұл аймақта 20-дан астам мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліпті. Елбасы айтып жүрген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын еске алғанда, бір ғана Алматы облысы бір жылда осыншама бастамаларға мұрындық болуы мақтанышпен айтуға тұратын шаруа ғой. Осыдан біраз жыл бұрын келген мен жаңарған Талдықорғанды танымай қалдым. Рухани жаңғыру қаласы да, жаңғырған жер жаннаты да Жетісу өлкесі дер едім.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 
депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы:

АРДАГЕРЛЕРІМІЗ — ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЫНТЫМАҚ-БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселесі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов баяндама жасады.
— Бүгінгі семинар кеңесіміз жер жаннаты Жетісу төрінде өтуде. Өткен жылы осындай шараны еліміздің мұнайлы Астанасы Атырауда өткізген болатынбыз. 2017 жыл ардагерлеріміздің есінде жарқын оқиғалармен қалары анық. Биыл Ардагерлер Ұйымы РҚБ-нің құрылғанына 30 жыл толды және бүкіл әлем көз тіккен ЭКСПО — 2017 көрмесінің ашылу салтанаты өтті. ЭКСПО көрмесін еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған ардагерлеріміз келіп тамашалады, — деді өз баяндамасында лауазым иесі.
Астанада мамыр айында өткен Ардагерлер Ұйымының 30 жылдық салтанатты жиынына Елбасымыз құттықтауын жіберді. Сонымен қатар, мемлекеттік хатшы, мемлекеттік орган басшылары, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен барлық өңірден делегаттар қатысты.
Бұл атаулы дата Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жариялануына орай келгендіктен, салтанатты жиын тақырыбы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналды. Салтанатты жиналыста мақаладағы 6 тапсырманы жүзеге асырудың жолдары тұжырымдалды. Нәтижесінде ардагерлеріміз «Бабалар аманаты», «Отбасы құндылықтары», «Ағаның ақылы» бағдарламалық жұмыстарын қолға алды. Ел ардагерлері ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатындағы игі шаралардан тыс қалған емес. Ардагерлердің алдында ата-бабаларымыздың жүздеген буынының қалдырған өсиетін ақтап, мұраларын сақтап, жас ұрпаққа жеткізу. Жаңарған қоғамда бабалар аманатына адал болып, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұмытпау. Бізге дейінгі бабаларымыздың қол жеткізген игіліктерін сақтау. Тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға атсалысу. Дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай сананы жаңғыртуға үлес қосу міндеті тұр.
Біз, ардагерлер, әрқашан Көшбасшы-мыздың сенімді сүйеніші болып қала береміз. Ендеше, ел ардагерлері кейінгілерге үлгі болып, қоғамдық сананы жаңғырту жолында ата-бабаларымыздың ерекше қастер тұтқан асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды лайықтап жалғастыру жолында аянып қалмақ емес.
Бұл біздің қолымыздан келеді. Жаңарған қоғамда ардагерлеріміз бәсекеге қабілетті. Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін үйрене отырып, дәстүріміздің озық қазыналарын ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыстанады. Бүгінге дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы төңірегінде ел ардагерлері көптеген жұмыстарға араласып, қолдау білдірді. Әсіресе, еліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесіне де ардагерлер оң көзқарас танытты. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі — жаһандық ғылым мен білім жүйесіне өтуіміздің басты қадамы. Бұл біздің рухани бірлігімізді нығайтады», — деген сөзін бірауыздан қолдап, жаhандану дәуірінде латын әліпбиіне көшу болашақ ұрпақ үшін маңызды мәселе екендігін түсініп, жергілікті және республикалық БАҚ-тарға мақалалар мен сұхбаттар беріп, телебағдарламалар мен дөңгелек үстелдерге, түрлі деңгейде өткен актив жиналыстарына қатысты.
Ардагерлер Ұйымы Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Орталық кеңесі 1 қазан «Халықаралық қарттар күніне» «Ардагерлерді аялайық» айлық акциясына қатысуға ҮНДЕУ жариялаған болатын. Үндеуге жер-жерден барлық мемлекеттік органдары, кәсіпорындар мен мекемелер, бизнес қауымдастығы басшылары, жастар өкілдері осы айлыққа бір жұдырықтай жұмыла қимылдап үлкен қолдау көрсетті.
Орталық кеңесте құрылған жұмыс тобы жетекшілері еліміздің біраз облыстары мен қалаларында болып халықпен жүздесіп, пікір алмасты.
Алматы облысында «Туған жерге туыңды тік» атты жастар форумы, Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуы, «Бабалар аманаты» атты театрландырылған көрініс, облыс орталығында салынып жатқан үш қабатты, 510 орынды жаңа театр ғимараты мәдениет пен төл тарихымызды, жалпы алғанда, ұлт руханиятын кеңінен қамтитын іс-шаралар.
Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі елге елеулі, қадірлі ақсақалдарға «Ел ағасы» құрметті атағын беруді жолға қойып, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен тартуда.
Тұңғыш рет «Ақсақалдар алқасы» деген айдармен Қазақстан — Атырау телебағдар-ламасы ашылды. Ақтөбе облысы полицейлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ардагерлер көмегіне жүгіне бастады.
Қызылорда ардагерлері өткізіліп жүрген «Қазақтың келіндері-ай» сайысына ерекше тоқталғым келеді. Жүзден жүйрік танылған келіндерді ынталандырып, облыс ардагерлерінің «Құрмет кітабына» тіркеу үлгісі атап өтуге лайық. Қазақстанның барлық аймақтарында осындай игілікті істер жалғасуда.
Бүгінгі семинар барысында біраз жұмыстардың атқарылғанын, ардагерлердің жұмысы қазіргі заман талабына жауап беретін жаңа әдістерге көшкенін байқаған боларсыздар. Біздің ардагерлердің мақсаты айқын. Алда сананы жаңғыру бағытында жұмыстарымыз жалғаса береді. Ардагерлеріміз Елбасымыздың саясатын әрқашан қолдау білдіріп, өздерінің бар жиған тәжірибелерін қоғамның дамуына жаратуда қалыс қалмайды. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

ЖАРЫССӨЗГЕ ҚАТЫСҚАНДАР:

Өмірзақ Озғанбай, Қазақстан Ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Болашаққа үмітпен қараған елдің берекелі тірлігіне сүйсіндім

Осы реткі бір жаңалығымыз — ардагерлер кеңесінен келген орынбасарлардың бөлек сессиясын ұйымдастырдық. Алматы облысы Ардагерлер ұйымдарының жұмысын ұйымдастыруда алда келе жатыр. Жетісуда республикада алғашқы болып Ардагерлер үйі салынған болатын. Талдықорған қаласына барған ардагерлер ол жерде істеліп жатқан жұмыстармен танысып, лайықты бағаларын беріп қайтты. Талдықорған қаласында құрылыс жұмыстары үлкен қарқынмен жүріп жатыр екен. Жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандар, балалардың ойын алаңдары, Қаратал өзені бойындағы абаттандырылған ардагерлерге арналған демалыс орындары өте тамаша жасалыпты. Облыстық әкімдік тарапынан қалаға көрік беретін нысандардың барлығы бүгінгі заман талабына сай жарақталған екен. Мұның барлығы бүгінгі Рухани жаңғыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар екені анық. 2 миллионға жуық халқы бар Жетісу өңіріндегі тыныштық, тұтастық, ондағы болашаққа үмітпен қарап жұмыс жасап жатқан елдің тірлігіне біз жоғары баға бердік. Тағы бір айта кететін мәселе, бірнеше жылдан бері тоқырап қалған қант қызылшасын егу қайта жанданыпты. Қазір Алматы облысы тұрғындары жергілікті өніммен қамтамасыз етіліпті. Енді бүкіл республиканы қамтамасыз етеміз деген жоспарлары бар екен. Жалпы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар көп, оны көрген ардагерлер үлкен қанағаттанған сезіммен ауылдарына оралды деп ойлаймын.
Ардагерлер ұйымының жане бір бастамасы әрқайсысы өңірлердегі жасалып жатқан игі бастамаларды көріп, оны насихаттау еді. Өткен жылы осындай кеңес Атырау қаласында ұйымдастырылды. Сонда байқағанымыз халықты әлеуметтік жағынан қорғау аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр екен. Кәсіпкерлердің көмегімен салынған үлкен жүн өңдейтін кешен қолданысқа енгізіліпті. Тағы бір ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кешенді де аралап көрдік. Ол жерде түрлі көкөністер мен жеміс-жидектерден консерві жасап немесе арнаулы қоймаларда сақтап, халыққа қажетті кезде базарға шығарып отырады екен. Бұған қоса сүт өнімдерін дайындайтын цехтың да жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз. Ал биыл Ардагерлердің Республикалық семинарында, Талдықорғанға барған сапарымызда сол жерде қарқын алып жатқан құрылыспен таныстық, осында ерекше айтатын бір мәселе, сол құрылыстарға көбінде өздерінің жергілікті өнімдерін пайдаланыпты. Ардагерлер ұйымы жыл сайын өткізіп отыратын дәстүрлі семинарлары аясында әр облыстағы жаңалықтар мен алға басып келе жатқан өндіріс ошақтарын аралап көруді әдетке айналдырып жатырмыз. Осы арқылы өзге өңірлерге де насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Сейілбек Шаухаманов, Қызылорда облысының ардагерлер ұйымының төрағасы: 
ІШІНДЕ ДАУЫ, СЫРТЫНДА ЖАУЫ ЖОҚ ЕЛМІЗ

Ел бірлігін, тірлігін сақтау, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, ішінде дауы, сыртында жауы жоқ ел болуға, жастарды ел мен жерді сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелеу бүгінгі ардагерлердің парызы да, борышы да, міндеті де болуға тиіс. «Қариясы жоқ ауылдың жастары дуана болар» дегенде сөз бар. Жастарымыз дуана болмас үшін, дені сау, тәні сау салауатты өмір салтын қалыптастыруға түбегейлі бетбұрыс жасап, ардагерлер атқа мінген азаматтарға ақылшы, кеңесші болуға тиіс. Өңірлердегі ардагерлерге билік тарапынан барлық жағдайлар, қамқорлық жасалып жатқаны белгілі. Елдің ең беделді ардагерлерін сыйлау, құрметтеу өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың салт-дәстүрін сақтауға ықпал етеді. Біздің облыстық ардагерлер ұйымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген талаптарға сәйкес іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.
Мен осы Жетісу өңірінде бұдан отыз жылдай бұрын қызмет жасаған адаммын. Шынымды айтсам, Талдықорғанның қазіргі жасарған, жаңарған бейнесі көңіліме көп қуаныш әкелді. Бірталай өңірлерде көптеген шаруалар жасалып жатқаны бізге мәлім, алайда Жетісудың бас қаласы Талдықорғандағы жаңадан салынған нысандарды аралап көріп, көңіліміз толды. Мұндағы Жастар орталығы, Оқушылар сарайы, демалыс саябақтары және тағы басқа нысандар жастардың болашағын қамтамасыз етуге, тәлім-тәрбиесін жақсартуға, халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін сақтауға бағытталғанын көрдік. Біз, ардагерлер, адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алдымызға қойып отырмыз. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарыла бермекші.
Төлетов Серікбай, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: 
КӨПТІҢ КӨКЕЙІНДЕ ЖҮРГЕН МҰРАТЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көптің көкейінде жүрген мұратын дөп басып, көңілінен шығып, серпіліс туғызған бағдарлама болды. Дана халқымыз «Заманына қарай адамы» деп бекер айтпаған. Қазіргі технологиялардың дамыған кезеңіне халықтың санасының сәйкес болуы, бұл бағытта мақсатты да масштабты қызмет жүргізілуі елімізді өркениетті елдер қатарына жеткізері сөзсіз.
Мақала шыққан күннен бастап, барлық аудан, қалалардың ардагерлер активтерінің қатысуымен облыстық жиын өтікізіліп, оған облыс әкімі Е.Л.Тоғжанов қатысып, рухани жаңғыруға байланысты баяндама жасап, облыстың белгілі ардагерлері Д.Әріпов, Қ.Ережепов, Қ.Қаражанов және тағы басқалары сөз сөйлеп, талқылауға қатысты. Маңғыстау облысы әкімшілігінің «Рухани жаңғырудың» төрт ішкі бағдармаласы: «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» бағытында бүгінгі таңда кәсіпкерлердің демеушілігімен 39 жоба іске асырылды.
Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымдары мақалада көрсетілген негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында жоспарлы шараларды жасақтап, оларды іске асыруда. Көпшілікке кеңінен насихаттау үшін жұмысшы топтары құрылды.
Осы уақытқа шейін облыстық ардагерлер кеңестерінің ұйымдастыруымен рухани жаңғыруға байланысты 105 кездесу жиналыстары, 20 дөңгелек үстелдер өткізіліп, ақпарат құралдарында 47 ардагер пікір айтып, 11 ұсыныстарын білдірді. Республикалық Ардагерлер Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевпен 3 аудан, 2 қала ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылып, рухани жаңғырудың талаптары кеңінен талқыланып, түсіндірілді. Облыстық теледидарда «Орта толсын» деген айдармен ашылған тікелей эфирде, Озғанбаев Өмірзақ ағамыз «Атамекен», «Ағаның ақылы» тақырыбын облыс көрермендеріне түсіндіріп, көптеген сұрақтарына жауап берді. Республикалық ардагерлер бірлестігінің белгілеген төрт бағдарламасын облыс бағдарламаларымен ұштастыра отырып, «Алтын ұя. Отбасы» бағдарламасында: «Алтын ұям — шаңырағым», «Бала тәрбиесі — бесіктен», «Әжелер тағылымы», «Үлгілі отбасы», «Тіл мәртебесі — ел мәртебесі», «Отан отбасынан басталады» деген тақырыптарға іс-шаралар өтті. Республиканың «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдесінің иегері, Түпқараған ауданының Баутин ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Т.Қалжановтың жанұясы болды. Белгіленген 105 іс-шаралардың орындалу барысында Түпқараған аудандық ардагерлер ұйымы 40 іс-шарасын өткізіп, алда келеді.
Облыста рухани жаңғыру аясында этноауылдар бой көтерді. Ақсақалдардың пікірі ескеріліп, Маңғыстау ауданында «Көгез» атты этноауылы іске қосылды. «Отпантау» тарихи-мәдени кешенінің 10 жыл толған тойында, рухани жаңғыру аясында қазақтың үш дала биі: Қазыбек би, Төле би, Әйтеке билерге ескерткіш орнатылды.
«Туған жер» бағдарламасының аясында облыс ардагерлері Астанада өткен «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмені барып тамашалады. Маңғыстаудың киелі жерлері — Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Сұлтан ене, Сисем Ата деген әулиелер қорымдарына барып, Қазақстан егемендігінің өркендеуіне, халқымыздың бірлік татулығына, Елбасының сабдал саясатының тұғырлы болуына дұға-тілектер арнады. Мұнайлы ауданының он жылдығы мерекеленіп, онда рухани жаңғыру аясында тәуелсіздік саябағында «Мәңгілік Ел» монументінің ашылуына ауыл ақсақалдары қатысып, жастарға жарқын болашақ тіледі.

А.Моисеева, Алматы қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасының орынбасары:
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ САЛТ-ДӘСТҮРІН САҚТАУ КЕРЕК

Алматы қалалық ардагерлер ұйымының қолдауымен транспорт және коммуникация Академиясының 500-ге жуық студенттері және аудандық, қалалық жастармен жұмыс істейтін қоғамдық комиссия мүшелері қатысқан «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында кездесу өткізілді. Жастармен кездесу барысында «Адам тағдырының энциклопедиясы» хабарлама алаңы ашылды.
«Туған жер» жобасы бойынша этномәдениет орталықтарымен мақсатты бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, қалалық ардагерлер ұйымы Ұйғыр этномәдениет орталығын қатыстырып, Ұлттық кітапханада рухани жаңғырудан туындайтын мәселелерге арналған дөңгелек үстел өткізді. Бұл жиынға қаладағы ардагерлер ұйымының өкілдері мен ұйғыр халқының әулеттері қатысты.
Боралдайдағы сақ қорғандарында өткізілген «Ұлы дала рухы» этномәдениет фестиваліне біздің ардагерлеріміз кеңінен атсалысты. Алыс-жақыннан келген қонақтар ұйымдастырылған ұлттық ойындарды тамашалады. Осындай рухани жаңғыруға арналған фестиваль «Алатау» жаңа орталығында да қанат қақты. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты қазақ ұлты мен қалада тұрып жатқан басқа да ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, жиналғандарға таныстыру болды.
Еркінбек Солтыбаев, Жамбыл облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы:
БАБАЛАР АМАНАТЫН ОРЫНДАУ — ЖАС ҰРПАҚТЫҢ МІНДЕТІ

Жасампаз Жамбыл өңірінде Қазақ хандығының 550 жылдығы, яғни қазақ халқының Орта Азияда тұңғыш мемлекет құруын Елбасымыздың бастамасымен атап өтілгенін жақсы білесіздер.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласынан туындайтын 6 тапсырмаға орай, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесінің ұсынысына сәйкес, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі осы реттегі жұмысын үш бағытта ұйымдастырып отыр. Бірінші, Елбасы мақаласында айтылғандай, ұлттық бірегейлікті, салт-дәстүр үрдістерін сақтау жолындағы жұмыстарды жандандыруды көздейтін «Бабалар аманаты» мектебінің жұмысы жолға қойылуда. Онда ұлттық құндылықтарымызды, атап айтқанда, халықтың тiлi, дiнi, мәдениетi, әдебиетi, өнерi, сондай-ақ, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары мен ұғым-түсiнiктерін насихаттаудамыз.
Екінші, отбасы құндылықтарын жаңғыртуға, ата-ананың жанұядағы рөлін көтеруге қажетті алғы шарттар бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік беретін «Отбасы» мектебін қалыптастыру шараларын жүргізудеміз. Жастардың Отаны мен халқының алдындағы, еңбек етудегі және қоғамдық іс-әрекеттерге қатысудағы жауапкершіліктерін терең түйсінуіне ықпал ету арқылы, олардың бойында адамгершілік асыл қасиеттерді орнықтырудамыз.
Үшінші, қазақстандық қоғамда жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттердің орнығып қалыптасуына осындай келелі кездесулер ардагерлер мен жастардың қатысуымен «Заман және біз» деген тақырыппен ауқымды іс-шарасы өткізіліп, ол тікелей телеарнадан көрсетілді, халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінде жарық көрді. Осындай келелі кездесулер облыстың имамдарының, зиялы қауымының қатысуымен ысырапшылдықпен жастардың күресуін өткізіп, ол тікелей телеарнада трансляцияланды.
Халқымызда «Уықты ұстайтын — басқұр, халықты ұстайтын — дәстүр» деген мақалдың мәні зор. Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының өзегі де осы халқымыздың дәстүріне негізделген. Дәстүрдің бір қыры — ұлттық құндылықтар.
Облыста ұлттық құндылықтарды насихаттау барысына еңбек ардагері Жапар Сатылғанов халқымыздың ежелден біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан құсбегілік өнерін, ардагер Аяз Бетбаев еліміздегі айтыс, терме өнерін, кәсіпкер Сайранбай Дөненбаев бие байлап, қымыз өндіру ісін, ал ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары шебері Қырғызбай Қаңтарбаевтың шәкірттерімен сонау сақ, ғұн, үйсін мәдениетінен бастау алатын әдіс-тәсілдердің негізінде күмісті, былғарыны, киізді пайдаланып, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды паш етуде.
Ұлт көшбасшысының осынау құжаттық мәні бар уәжінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін Жамбыл облысындағы Тараз қаласы мен барлық он ауданда «Туған жер» бағдарламасын орындау мақсатында бір мезгілде «Туған жерге туыңды тік!» атты ауқымды акциясы бастау алды. Оның барысында облыстан шыққан танымал тұлғалар мен меценаттар жергілікті халықпен кездесіп, бағдарламалық құжатта көтерілген мәселелерді іске асыру бойынша алдағы қадамдарын белгіледі.
Қазіргі таңда «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізіміне Жамбыл облысынан 8 мәдениет және тарих нысандары енгізілді. Олар: Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі, «Ежелгі Тараз қалашығы», «Тектұрмас» кешені, «Қарахан», «Айша бибі», «Бабажы Хатун», «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенелері.
Бүгінгі таңда облыс көлемінде барлығы 3365 тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Оның ішінде: 741 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған, мұның 711-і жергілікті дәрежедегі, 25-і республикалық дәрежедегі, ал 5-уі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ескерткіштер (Құлан, Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені).
Сонымен қатар, 2011 жылы бастау алған «Ежелгі Тараз» қалашығы археологиялық қазба жұмыстарының оң нәтижесінде бүгінгі күні ашық аспан астындағы музейге айналып, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы бой көтерді.
Бүгіннің өзінде «Ежелгі Тараз» қалашығын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі ұлттық тарихымыздың айшықты куәсіне айналған ғасырлық жәдігерлер мен ескерткіштер ұлттық бай мұрамыздың қатарын толықтырып отыр.
Сонымен бірге көненің көзіндей болған «Бектөбе», «Тамды», «Саудакент», «Георгиевск» (Қордай) қалашықтарына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Бағдарлама аясында Қазақстанның микросакралды картасын жасау үшін жинақталып жатқан 500 ескерткіштің тізіміне Жамбыл облысынан 33 ескерткіш ұсынылды. Аталған нысандардың танымалдылығын арттыру мен туристік нысан ретінде қалыптастыру үшін тиісті шаралар іске асырылатын болады.
Бүгінгі күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлерін QR-код жүйесіне енгізу жобасы қолға алу жоспарлануда.
Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда музей экспозицияларында QR-кодты пайдалану бір мезетте бірқатар қажетті мәселелерді іске асыруға мүмкіндік береді.
«Рухани қазына» кіші бағдарлама реестріне 39 кіші жоба енгізілді. Ағымдағы жылы сәуір-қазан айларында жалпы құны 35 млн. 925 мың теңгеге 23 061 адамның қатысуымен 8 кіші жоба жүзеге асырылды.
«Рухани қазына» жобасы аясында «Шу өзені аңғарындағы түркілердің киелі ескерткіштері» кіші жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл жобаның мақсаты — бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде зерттелмеген, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін Шу өзенінің аңғарында және Меркі елді мекенінен 37 км қашықтықта орналасқан Меркі-Жайсан ескерткіштерінің бұған дейін ашылмаған құпиялары мен сырларын зерттеуге бағытталады.
Жоба аясында «Әулиеатаның киелі жерлері» атты экспедиция жоспарлануда. Экспедицияға шетелдік және отандық түрколог ғалымдар, Ә.Х.Марғұлан атындағы «Археология институты» және әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жетекші мамандары тартылмақ.
Экспедиция барысында облыстың жоғары оқу орындарының тарихшы мамандары мен білімгерлерінің қатысуымен далалық семинарлар мен мастер кластар өткізіліп, облыстағы тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлерін QR-код жүйесіне енгізу қолға алынды.

Ермек Келімсейіт, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
ҚАРТЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

Ардагерлер ұйымы Алматы облыстық филиалы жергілікті облыс, қалалар, аудандар әкімдіктерінің қолдауымен зейнеткерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартуда, ата-бабалар салт-дәстүрін ұрпақтар санасына сіңіруде, ұйымның жүйесін жетілдіруде де тиімді жұмыстар атқарып келеді.
2008 жылдан бастап барлық облыстың 700 астам мектептерінде, колледждерінде, жоғары оқу орындарында «Ата-бабалар дәстүрі — ұрпаққа аманат» атты облыстық бағдарлама бойынша тәрбие сағаттары өткізіліп, тиісті шаралар іске асырылуда. Бұл бағдарламаның мақсаты — ата-баба дәстүрін жалғастыру, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты дамыту және сол арқылы оқушы жастардың ұлттық, патриоттық сана-сезімін ояту.
Аталған бағдарлама бойынша отбасындағы және ұрпақ тәрбиесіндегі аталардың, әжелердің, әкелердің, келіндердің, енелердің белсенділігін арттыруымыз үшін: «Атадан ұлағат», «Ата — шаңырақ иесі», «Әжелер — отбасының берекесі», «Енесі жақсының шаңырағы алтын» атты облыстық форумдар, «Келін — отбасының келешегі» атты келіндер байқауы және «Жарасымды көршілер — сенімді әріптестер», «Ақ орамал» акциялары өткізілді. Әрине, бұл шаралар өз тиімділігін көрсетті. Соның арқасында бүгінгі күні ардагерлер ұйымы халық таныған, жастар арасында ұрпақтар сабақтастығы жөнінде үлкен жұмыс жүргізетін, абыройлы ұйымға айналды. Бүгінгі күні облыста «Бабалар аманаты» мектебін қалыптастырып, ұлттық кодты жаңғырту жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Сонымен қатар аталар мен әжелер өсиетін де «Отбасы мектебі» арқылы насихаттап, жастар бойында ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыру үшін жұмыс жасаудамыз.
Жетісу ардагерлерінің тағылымын насихаттау бағытындағы «Ағаның ақылы» аясындағы шараларды жандандырып, жас ұрпақтың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруымыз керек.
Облысымызда 210 мыңнан артық зейнеткерлер бар. Оның 165-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оның 63-і Ұлы Отан соғысының мүгедектері, 12 500-ден астамы соғыс жылдарында тылда еңбек еткен зейнеткерлер. Бұлар 900 бастауыш, 16 аудандық және 3 қалалық ұйымдарға біріктірілген. Біз қоғамдық ұйым болғандықтан, облыс, аудан, қала ардагерлер кеңесінің басшылары қоғамдық негізде қызмет атқарып келеді. Алды 85-те, ең жасы 65-те болса да, жас үлкендігіне қарамастан, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда. Жұмыс негізінен ұйымның жарғысы мен ережесіне сай жүргізіледі.
Атап айтсақ, 70 жылдық мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне 80 жаңа пәтерлер беріліп, 100-ден аса пәтер жөнделді. Тек бір жылдың ішінде «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, жетімдер үйінде тәрбиеленушілерге Талдықорған қаласынан 60 пәтер, Алматы қаласының шағын ауданынан 100 пәтер берілді.
Қазақта «Ел іші — өнер кеніші» деген әдемі мақал бар. Былайша айтқанда, талантын аша білгенге өнердің майталман тарландары ауылдарда екені анық.
Солардың бүгінгі таңдағы аяқ алыстары қандай екен деген мақсатта Алматы облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының аясында өнерпаз ардагерлердің арасында «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты байқау өткізілді. Оған облыстың барлық аудандарының өміріне өнерді серік еткен ардагерлері қатысып, үлкен белсенділік танытты.
Жыл сайын «Дені саудың жаны сау» деген ұран аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыста дәстүрлі түрде бильярдтан, шахматтан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан ардагерлердің жарыстары, «Батагөй», «Мүшәйра» атты ақсақалдардың облыстық конкурстары өткізіледі.

С.Шаухаманов Алматы облысының «Құрметті азаматы» атанды

Осы кеңесте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қызылорда облысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы сонау бір жылдары Жетісу өңірінде қызмет атқарған Сейілбек Шаухамановтың иығына шапан жауып, «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы белгісін табыстады. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов игі шараны өткізуге ықпал еткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа «Құрмет» төсбелгісін табыстап, өңір ардагерлерінің бір тобын Құрмет грамотасымен марапаттады.
КЕҢЕСТЕН КЕЙІНГІ КЕЛЕЛІ ӘСЕР-ОЙЛАР:

Айтқазы Шерубаев, Шығыс Қазақстан облысының ардагерлер ұйымының төрағасы:
ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАРҒА КӨҢІЛІМ ТОЛДЫ

Бұдан 10 шақты жылдар жүзі бұрын жолым түсіп, Талдықорған қаласына келіп кеткенім бар еді. Ал Республикалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырған бүгінгі жиынына келіп, Жетісудың ең көрікті қаласы Талдықорғанның соңғы 3-4 жылда жасарып, жайнап кеткенін көріп, қатты таң қалғанымды айтқым келеді. Сөз жоқ, барлық жақсылық шаралары өңірдің экономикасына байланысты ғой. Алайда қаладағы бой көтерген ел игілігіне арналған нысандардың сәулеттік кескін-келбетіне көңілім толды. Мысалы, Қаратал жағажайындағы демалыс орны бүгінгі талап тұрғысында салынған. Қазіргі кезде бұл жағажай тұрғындардың демалатын сүйікті орнына айналған. Аралаған нысандардың ішінде маған қатты ұнағаны жаңадан салынған балалар орталығы — Оқушылар сарайы болды. Күніне 3 мың бала әртүрлі үйірмелерге тегін қатыса алатын сарай іші технологияның соңғы түрлерімен толық жабдықталған. Одан кейінгі көрген Жастар сарайы ата салт-дәстүрді насихаттайтын орталыққа айналып, жастардың тәлім-тәрбиесіне, рухани жаңғыруына мол үлесін қосады деген ой-пікірім қалыптасты. Осы кеңестен талай ой түйіп келіп, өз өңірімнің азаматтары арасында кеңінен әңгіме қозғауды жөн көріп отырмын. Бізде де талай шаруалар жасалып жатыр, алайда Алматы облысындағы жақсы жаңалықтарға көңілім толып, қызығып келдім.

Ғибатолла Тілебалиев, Батыс Қазақстан облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы:
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Бұл менің Алматы облысына алғашқы сапарым. Республикалық кеңес жиыны өз деңгейінде өтті. Көптеген іс-тәжірибе алып қайттық. Кеңестің көшпелі отырысының өтуіне төрағамыз Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыс әкімі Амандық Баталовтың көп ықпалы болды. Екі күндік іссапарымызда облыс әкімі ардагерлермен бірге болып, бүкіл Талдықорған қаласының көрікті жаңа нысандарымен таныстырды. Елбасына тұрғызылған ескерткішті көріп тамашаладық. Одан кейін Қаратал жағажайындағы салынған демалыс орны, «Жастар» саябағы, Оқушылар сарайы, Жастар орталығы, Салтанат сарайы, Көрме залы, Журналистер үйі және тағы басқа көпқабатты тұрғын үйлер қаланың көркіне көрік қосып, халық үшін жасалған игі шаралар көңіліміздің көгіне қуаныш ұялатты. Бір ғана оқушылар сарайында 45 бөлме, 8 шеберхана, музей, екі үлкен зал және тағы басқа балаларға қажетті үйірмелер өткізетін орындар бар екен.

Ғабит Тұяқов, Қарағанды облысы Қазбек би ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы:
ВОЛЕЙБОЛ БӘСЕКЕСІ ЖАСТЫҚ ШАҒЫМЫЗДЫ ЕСКЕ ТҮСІРДІ

Маған ең ұнағаны биылғы жылы 26 мектеп салынып, пайдалануға берілген екен. Бұл енді кімгеде болса қуаныш сыйлайтын шаруалардың бірі дер едім. Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, жақсы әсермен қайттық. Есте қалатын шаралардың бірі ретінде кезекті семинар аясында өткізілген волейболдан халықаралық турнирді айтпай кетуге болмас деп ойлаймын. Турнир Талдықорғандағы Жастар спорт кешенінде өтті. Ресей, Өзбекстан, Монғолия, Қазақстан, Буриятия, Тува республикаларынан келген ардагерлерден құралған командалар арасындағы бәсеке аса қызықты болды. Облыс әкімі Амандық Батталов өзі спорт шебері екен. Жетісу командасының қатарында ойнады, жеңімпаз атанды. Бұл да өз кезегінде бір тамаша әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралардың бір болды деп ойлаймын.

Материалды дайындаған — Нұрила Бектемірова