АРДАГЕРЛЕРДІ ШАҢЫРАҚТАРЫНА БАРЫП ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қарты бар ел — бақытты ел. Дархан даланың киесі іспеттес текті қариялар ауданымызда баршылық.
Пейілі кең, ойы терең, көкірегі ояу, көзі ашық ардагерлермен дидарласудың өзі бір ғанибет.
Бүгін 1 қазан — Халықаралық қарттар күні аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан, ауданымыздың Құрметті азаматтары Асылбеков Бейбіт қарияның және Ысқақова Ақбай ананың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
Дастархан басында емен-жарқын дидарласқан аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы ардагерлерге сый-сияпат тарту етіп, құрмет көрсетті.
Мерекелік құттықтауда аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев және Жаңатас қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы Сағындық Бегеев болды.
Асылбеков Бейбіт аға өндіріс саласының ардагері. Алматыдағы политехникалық институтты бітіргеннен кейін, еңбек жолын 1961 жылы Қаратаудағы жер асты кенішінде шебер болып бастап, осы кеніш бастығының орынбасары,
1970 жылы Жаңатастағы тау-кен өңдеу кешенінің «Оңтүстік-Шығыс» кенішінде, одан кейін фабрикада учаске бастығы, байыту фабрикасының директоры, «Жаңатас» руда басқармасының директоры, Орталық байыту фабрикасының директоры, Қаратау біріккен фабрикасының бастығы қызметтерін атқарған.
Ысқақова Ақбай апа энергетика саласының ардагері.
Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының «Энергетика» факультетін бітірген. Еңбек жолын 1967 жылы Талас аудандық электр желілері мекемесінде шебер болып бастаған. 1968 жылдың күзінен бастап Сарысу аудандық электр желілері мекемесінің бастығы болып, 1996 жылға дейін 28 жыл жемісті еңбек етті. Ақбай апа Кеңес Одағы тұсында қазақ қыздары арасынан шыққан білікті энергетика маманы әрі алғашқы әйел басшының бірі.
Сарысу ауданы