Ардагерлердің сүйегі туған топыраққа әкелінді
Қарулы Күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Мәскеуден Астанаға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бортымен жеткізілген Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Сапарбай Имахаев пен Дәдікбай Құлтасовтың сүйектерін табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
Рәсім Қорғаныс министрлігі басшылығының, Құрмет Қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің, қоғам өкілдерінің, Қарулы Күштер ардагерлері және қаза тапқан жауынгерлердің туыстарының қатысуымен өтті.
– Біз бүгін болашақ ұрпақ үшін өздерін құрбан еткен жауынгерлерге құрмет көрсетіп отырмыз. Қазіргі Отан қорғаушылар үшін олар мықты рухтың, көзсіз батырлық пен антқа шын берілгендіктің үлгісі болып табылады. Олардың ерлігі келер ұрпақтың жадында мәңгі қалады. Іздеу жұмыстарына белсенді қатысып, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге зор үлес қосқандарға Қарулы Күштер басшылығы атынан зор алғысымды білдіремін, – деді Бас штаб бастығының орынбасары, генерал-майор Асан Жүсіпов.
Сапарбай Имахаевтың сүйегін Новгород облысындағы «Находка» жасағының іздеушілері тапты. Ол 1916 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Жаңаауыл ауылында дүниеге келген. Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа шақырылды, 1943 жылдың қаңтарында хабар-ошарсыз кетті.
Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының тумасы Дәдікбай Құлтасов 1904 жылы туған. Ол Ленинград майданында 136-шы атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, 1942 жылдың қыркүйек айының басынан бері хабар-ошарсыз кетті. Оның сүйегін Ленинград облысындағы шайқас орнынан «Суворов» жасағының іздеушілері тапты.
– Әрбір іздеуші үшін ең бастысы – қаза тапқан сарбаздың туыстарын табу. Біз үнемі елімізде тұрғындар, туыстар мен жерлестер арасында жақын байланыс бар деп айтамыз. Бұрындары іздеумен айналысатын өзге елдегі әріптестер бұған таңданыспен қарайтын. Қазір мұндай қарым-қатынастың мықты екеніне көздері әбден жетті, – дейді «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова.
Сарбаздардың сүйектері Жамбыл және Қызылорда облыстарында жауынгерлік құрметпен қайта жерленеді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.