Ардақ Назаров Ертіс- Баян өңірінде
Аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы, Еуразияның екі дүркін чемпионы, Әлем Кубогының иегері Ардақ Назаров және жекпе-жектен Әлем чемпионы Аңсар Дәулетбаев Павлодар облысына келді. Шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, «National art» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Спортшылар алдымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік офисінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Құрметті меймандарды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков, «Ертіс медиа» ЖШС басшысының орынбасары Жұмабек Сманов бастаған азаматтар қарсы алды.
Өз кезегінде облыстағы «Рухани жаңғыру» офисінің бас менеджері Самал Айтқазина өңірімізде аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кездесу барысында ол 2002 жылы Павлодар қаласына жарысқа келіп, Еуразия чемпионы атанған сәттерін есіне алды.
— Қазақтың әр даласы киелі ғой. Мен үшін Павлодар өңірі де ерекше ыстық, қымбатты сезіледі. Себебі, 2002 жылы осы өңірге біріншілікке келдім. Жасым 21-де болған. Жекпе-жекте үш кавказдық жігіттен басым болып, чемпион атандым. Сол кездегі қуанышыда шек жоқ, павлодарлық жанкүйерлерім де ерекше құрмет іблдіріп еді. Сол жарыстан кейін «Әлем чемпионы боламын» деген мақсат қойдым. Араға бірнеше жыл салып, Алланың қалауымен 25 жасымда аралас жекпе-жектен Әлем чемпионы атағына қол жеткіздім, — дейді Ардақ Назаров.
Кездесуден кейін Ардақ Назаров «Асық party» акциясына қатысып, өзінің ұлттық ойынымыздың нағыз жанашыры екенін де көрсетті. Сонымен қатар, қазақтың батыр ұлымен кездесуге арнайы келген бас жасар Иманғали есімді балаға бата беріп, болашақта ұлтының ұлы болсын деген ақ тілегін білдірді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков павлодарлықтардың атынан Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Әлем чемпионы Ардақ Назаров кешегі күні «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында павлодарлықтармен арнайы кездесу өткізді. Жиынға 500-ден астам адам жиналды. Спортшының ұлт болашағы, ата-анаға құрмет көрсету және жастар тәрбиесі жөніндегі әңгімесі өте әсерлі болды.
— Құрметті қыз-жігіттер, ұлттың болашағы сіздерсіздер. Әр қазақтың қызы біздің туған қарындасымыз, біз олардың темір таудай қорғаны болуымыз керек. Ата-аналарыңыздың ризашылығын алыңыздар. Оларды қадірлеңіздер. Құшақ-құшақ гүлді сүйікті қызыңа ғана емес, аналарыңызға да беріп, қуантып отырыңыздар. Елге қызмет ету деген осыдан басталады. Сіздер мықты болсаңыздар, ел де мықты болады, — деді өз сөзінде.
Кездесу барысында Ардақ Назаров қазақ халқының болашағы үшін күрескен, батырлар мен билердің өмір жолдарынан мысал келтіріп, келген қауымды рухани әңгімемен сусындатты. Бұдан кейін әлем чемпионы Әмір мен Нұрасыл есімді сәбилердің тұсауын кесті. Бұдан соң Павлодар қаласындағы «Абылай» жекпе-жек спорт клубында болып, жас спортшыларға өз ақыл-кеңесін айтты. Сонымен қатар, жақында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына баратын павлодарлық жас таэквондошы Балнұр Өркеноваға ақ жол тілеп, ақ батасын берді.
– Қазақта «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген өз бар. Сіздер тек залда ғана тер төкпей, күніне жарты сағат кітап оқып өздеріңізге пайдалы дүниелерді жинау керексіздер. Күні бойы инстаграмм, Вконтакте желісінде отырған балалар чемпион болмайды. Егер сенің досың осы залға алтыда келсе, сен бес жарымда кел. Ол таңертең екі шақырым жүгірсе, сен үш шақырым жүгір. Сонда ғана алға қойған мақсатыңа жетесің, — деді.
Айта кетейік, Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алтынбек Рысжанов Ардақ Назаровқа күміс қанжар тарту етті. Шара соңында жас спортшылар кумиріне айналған әлем чемпионымен естелік суреттерге түсті.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген – Абзал Қабдраш.