«Ардақты елім – Ақтоғайым»
Павлодарда Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінде «Ардақты елім – Ақтоғайым» атты көрменің ашылуы болды. Көрмеге ауданның киелі және тарихи орындары туралы мол мағлұматтар және фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар, Ақтоғайдың танамал тұлғалары туралы құнды құжаттар мен олар тұтынған заттарын да осы көрмеден тамашалауға болады.
Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Нұрахметованың сөзінше, жыл басынан бері «Тамыры терең туған жер» жобасы аясында әр ауданның киелі және тарихи орындары туралы көрме ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Екібастұз және Ақсу қалалары мен Шарбақты ауданының көрмелері қойылған.
— Мақсатымыз – әр өңірдің тарихын, киелі орындарын және танымал адамдарын халыққа таныту. Ақтоғай ауданында талай дарынды тұлғалар өмір сүрді. Соның бірі – әнші, сазгер Естай Беркімбаев. Бүгінгі көрмеге әншінің тұтынған заттары, киген шапаны және шығармалары мен зиратының макеті қойылды. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларын да тамашалауға болады, — дейді Гүлнәр Баркенқызы.
Өңірімізге белгілі айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажановтың сөзінше, Ақтоғай өңірінде ашылмай, айтылмай жатқан тарихи дүниелер әлі көп. Болашақта осы бағытта жұмыс істеп, есімдері елге белгісіз болып келген трихи тұлғалар туралы жазу керек.
— Ауданның тарихы сонау 1700 жылдардан басталады. Ол кезде бұл өңірде атақты Тоқтас деген бай болған. Заманның қиын кезінде Байқоңырдан түйемен тұз тасып, халық игілігіне жаратқан. Сондай-ақ, осы жерге алғаш рет ағаштан үй салып, отырықшылықты қалыптастырған. Бұл өңірде кезінде Бежудің торы аты деген болған. Ол Ақанның құлагерінен елу шақырым артық шауып өткен. Сонымен қатар, бойының биіктігі үш метрден асатын Алпыс деген палуанды ұмытуға болмайды. Боз кілемде оның жауырынын ешкім жерге тигізе алмаған деседі. Бұл аймақта Торайғыр, Шоң билермен қатарлас жүрген Жақсыбай абыз, Қазағап билер өмір сүрген. Міне, мұның бәрі қазір көп атала бермейді. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» аясында осындай тұлғаларды жарыққа шығару керек, — дейді Бейсенбі аға.
Тілеуберді САХАБА
Суретке түсірген Д.Өмірзақов.