Арғы атам «Ер түріктің» қызы

….25 желтоқсан күні үйге академик Ақай ата Нүсіпбеков келді. Мен бұл кісіні көрмеп едім. Кең маңдайлы, аппақ шашы, жасына қарамай көз жанары таймаған, ұзын бойлы, тіп-тік жүретін келісті қарт кісі екен.
Атам көңілі жақын адамының, әрі майдандас жолдасының келгеніне қуанып қалды……
-Мына бала Бақытжанның келіншегі ме?,-деп , әңгімені мен жаққа бұрып жіберді.
-Аты Зейнеп, өзі турчанка,-деді атам жайбарақат. Ана кісі маған сенімсіздікпен қарап, иығын қозғады.
-Ұқсамайды,- ғой деді.
-Құдағиға тартқан,-деді атам. Мен үндемей дастарқан жасап жаттым.
-Япыр-ай,ә!- деп Ақай ата біресе маған, біресе атама қарап жалтақтап қалды. Атам сонда барып, ата-тегімді айтуға көшті.
-Марқұм Мәлике құдағи Кеген жақтағы Албандардың Тоқан деген руының қызы. Он жеті жасында қазақтың ішінде жүрген жалғыз дәрігер түрікке ғашық болады. Айдаһардай алты бауырының қаһарынан қорықпастан, бір түні түріктің етегінен ұстап, қашты да кетті. Жүректісін көрдің бе? Түбі Момышұлына құдағи болатыны әуел бастан белгілі болған. Байқап отырған шығарсың, Зейнеп арғы атам «Ер түріктің» қызы. Өзі жүректі. Әйтпесе, бауырларының ашуынан тайсалмай, тілін шайнап жүрген менің балбесіме сескенбей, қалай келген,а?
-Ой, айналайын-ай, өзіміздің Албанның жиені екен ғой,-деп Ақай ата атамның сөзіне әбден күлді.
-Кеңірек ойла, академик жолдас, барлық қазаққа жиен болады,- деп атам темекісін будақтатып қойды…..