Әріптестер қойған сұрақтарына нақты жауап алды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек ауданның биылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы туралы хабарлама жасады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аудан экономикасының негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отырғанына тоқталып өткен хабарламашы әр салада атқарылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын тірліктен қысқаша хабардар етті. Жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі, өнеркәсіп өнімі, негізгі капиталға салынған инвестициялар, ауыл шаруашылығы, құрылыс, бюджет, кәсіпкерлік және басқа да салалар бойынша қысқа да, нұсқа хабардар етті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-наурыз айларында 2 миллиард 827 миллион 400 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 128,7 пайызға артық орындалған. Аудандағы жетекші салалардың бірі ауыл шаруашылығы өнімі де биылғы үш айда 2 миллиард 460 миллион 400 мың теңгеге, 119,6 пайызға артық орындалған. Жеке және шағын кәсіпорындардағы сауда-тауар айналымы 773 миллион 100 мың теңгені құрап, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 125 пайызға артық орындалыпты. Құрылыс жұмыстарының көлемінде де ілгерілеушілік бар. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш 884 миллион 500 мың теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 миллион 700 мың теңгеге артық. Мемлекеттік кірістер бойынша бекітілген жоспар да артығымен орындалыпты. «Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы бойынша бірінші және екінші бесжылдығында жалпы құны 374811,7 миллион теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, 18211,7 миллион теңгенің үш жобасы іске асырылған. Әрине, жалпы өндірілген өнімнің көлемі, өнеркәсіп өнімдері былтырғы үш аймен салыстырғанда кем орындалған. Аудан әкімі оның себеп-салдарын да түсіндіріп, алдағы айларда жарты және жылдық жоспарда орындау үшін қолға алынып жатқан шараларды да тарқатып айтып берді.
Қанатбек Қайшыбекұлы ұзын-сонар баяндама жасаған жоқ. Осындай негізгі салаларға қысқаша ғана тоқталып, мейлінше журналистер сұрақтарына назар аударды. Әріптестер Ақкөл ауылының іргесіне жеткен газды көшеге және үйге кіргізу қаржысы қалай төленетіндігі, ауыл орталығындағы «Сауда орталығы» мен басқа да жекешеге өтіп кеткен ғимараттардың мәселесі, Қаратау іргесіндегі «Жартас» жасынды көлінде қауіпсіздік шараларын сақтау, бос қалған тұрғын үйлер мен ғимараттардың жайы, жол салу, ауылдарға газ және ауыз су жүйелерін тарту қалай жүргізіліп жатқандығы туралы сұрақтар қойды. Осы жолдардың авторы қазіргідей су тапшы уақытта жерасты суын игеру, су үнемдеу технологиясын енгізу және облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру қанатқақты жобасына енген Үшарал ауылдық округі тұрғындары жеткен жетістіктері қандай деген сұрақтар қойды. Аудан әкімі әлеуметтік желі арқылы түскен және баспасөз мәслихатына қатысып отырған журналистер қойған әрбір сұрақтың маңыздылығын атап өтіп, әрқайсына жеке-жеке жауап қайтарды.
Амангелді ӘБІЛ, aqjolgazet.kz