Әріптестік әрі қарай да жалғасын табатын болды
Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «Қазатомпром» ҰАҚ» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовпен кездесті. Жүздесу барысында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының Оңтүстік Қазақстанмен арадағы әріптестігі одан ары жалғаса беретіні белгілі болды. Өйткені, аталмыш ұлттық компания өңірімізде уран өндіріп қана қоймай, облысымыздағы тауар өндірушілерге көп қолдау көрсетіп келеді. Сонымен бірге, Созақ ауданындағы жастардың шетелдерде оқуына жәрдемдесіп, мектеп, балабақша сынды орындарға көмек бергені баршамызға мәлім. Қала берді, Созақ ауданымен көрші Бәйдібек ауданындағы да кейбір әлеуметтік нысандарға да демеушілік жасаған. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілік тарапынан да «Қазатомпромға» қажетті құрал жабдықтардың жергілікті жерде өндірілуіне рұқсат беріліп келеді. Ұлттық компания тарапы да облыстағы ішкі өнімнің 13 пайызын өндіруде. Мұның өзі облыс экономикасына серпін беріп, кірістің тұрақтылығын сақтайды. Аталмыш компания жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп, өңірдегі жоғары жалақымен қамтамасыз етіп отырғанын айта кету қажет.
Тараптар арасында бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз болып, Ж.Түймебаев Ғ.Біртанов пен оның қасындағы әріптестерін атом қызметкерлері күнімен құттықтады.
С. САЙЛАУ,
Оңтүстік Қазақстан облысы.