Әркімге бірдей жаға алмайсың

–Ел басшысы болу, елге жағу қиын, – депті бір әңгімесінде Төле би. – Ілгеріде бір ханның дүйім жұртқа атағы шығыпты. Тұс-тұстан сәлем беріп келушілер жыл бойына таусылмайды екен. Сол хан бір күні той жасайды.

– Жұрт не айтар екен? – деп жасырын адам қойыпты. Күнде екі-үш ауылдан келіп той ұзаққа созылады.

– Па, мынау байлығын бір көрсетті, күнде той. Тамағы май, жей алмадық, – деп жұрт жақтырмапты.

– Не деді ел? –  деп хан сұраса:

– Хан байлығын көрсетті. Еті семіз, тамағы май болып, жей алмадық деді, –  дейді тыңшысы.

Хан келесі жылы елді сынамақ болып тағы той жасады.

– Майлы етті азырақ салыңдар, сойыс мал семіз болмасын, – дейді.

Ел тағы келеді:

–Уай, бұл хан жас күнінде жетім боп өскен кедей еді. Бұл баяғы кембағалдығын танытты, –дейді халық берген етін арықсынып.

–Бұл – әркімге бірдей жаға алмайсың деген мысал сөз. Бірақ, бірдей бола алғанға не жетсін. Бар қажыр-қайратты, ақылды соған жұмсау керек, – деп доғарыпты Төле би.