“Арман” киносының анайы тілі жан шошырлық
Қазақ киносы деген тіркесті тұралатып, оны толық қазақы етіп көрсетпей немесе көрсете алмай жүргеніміз қашан? Тілі ала-шұбар қазақ киноларына ет өліп, бойымыз үйреніп кеткендей. Себебі әнші Қайрат Нұртастың соңғы шығарған «Арман» немесе «Періштелер ұйқыға кеткенде» фильмі тілі орашолақ, тұрпайы болса да, «бәрекелді мен шіркінайлардың» қошеметінде қалды. Бұл қазақтың таза қазақша емес киноөнімдерге әбден үйреніп, етене болып кеткен сұмдық жағдайын дәлелдейді. Алдағы әңгіме тек қана «Арман» киносының тілі жайлы болмақ. Кинодағы оқиға дамуы, шиеленісі, шарықтау шегі мен оқиғаның шешімі, ондағы белгісіз басты идея мен актерлік құрам туралы тіс жармастан, тек қана тіл турасын нысана етіп алдым. Өйткені кездейсоқ көрген бұл кино өзінің дөрекі тілімен жанымды жаралады.
Біріншіден, кино таза қазақтілді емес. Мұнда орыс тілінің үлес салмағы басым, соған қарамастан киноны толық орысша да емес, таза қазақша да емес, екі тілдің арасында «елбеңдетіп» қойған. Әлемде өркениетті елдердің барлығында кино бір ғана тілде түсіріледі. Қазақша басталып, оқиғасы орысша өрбіп, ресми тілде «ірі» аяқталатын мұндай фильмдерді шетелге «қазақ киносы» деп көрсетудің өзі масқара.
Екіншіден, киноның тілін кино тілі деп атауға мүлде келмейді. Кино тілі әдеби, таза, көркем болуы шарт. Асқан көркемдік болмаса да, қарапайым шарттар сақталуы қажет еді. Ал мынау «Арман» фильмі кино тілінен жұрдай, мүлдем ада. Бұл орыстың көше тілімен түсірілген әуесқойлық десем артық кетпеген болар едім. Егер сөзіме дау келтіргендер кездесер болса, төменде солар үшін арнайы кино тілінен сөзбе-сөз үзінділер келтіремін. Байдың балалары Арман аруға «сука» деп ажыраңдайды. Бұл көше тілінің жай бастамасы ғана. Оқиға шиеленіскен сайын, орыстың небір сорақы, арсыз сөздері жауа береді. Басты жағымсыз кейіпкер Дарханның әкесімен диалогынан үзінді ұсынамын. Әкесі:«А ты спрашивал, когда трахал эту девицу?»
Ұлы: «Я никого не трахнул». Әке мен бала осылай «аса ғибратты» түрде тілдеседі. Осы сөздерді құлағым шалғанда, кино көріп отырғанымды, не көше төбелесіне әлдеқалай куә болғанымды ажырата алмай дал болдым. Анау «трахать» деген орыс сөзі киноның тұтас тілін, әділін, беделін жоққа шығарып, төменге лақтыра салды. Оны қайталап айтқан кейіпкер көрермен алдында құбыжық болып көрініп, «актерлік шеберліктің шыңында» тұрғандай көрінген болар көпшілікке. Ал кино мәдениеті, кейіпкер тілі тұрғысынан алып қарағанда, бұл балдыр-батпақтағы бақаның бақылдай шыққан дауысы тәрізденді. «Оқыс тіркестер» мұнымен бітпейді. Тағы бір үзінді. Арман киноның соңына жақын бір сәтте өзін зорлаған жігітке қоңырау шалып, белгілі бір мекенжайға келуін талап етеді. Сонда анау жігіттің айтқан сөзі: «Ей, дырка, много себе не бери!» Бұл жерде Арман сұлуға «дырка» деп ат қойып және оған қазіргі өзіміздің жаргон ретінде айтып жүрген «өзіңе көп алма» деген қазақша тіркесті аударып, аузына салғаны көрініп тұр. «Өзіңе көп алма» деген қазақтың ерсі, диалект деп атауға да келмейтін сөзін киноға жауапты тұлғалар маржан тергендей теріп алыпты. Қазақтың әлем тілдері арасындағы аса бай, көркем тіл екенін жауапты мамандар білмеген, яки «білгісі келмеген.» Былапыт, боқтық сөзді көп қосып, көрермен назарын аударуды арзан мақсат тұтқандай. Ең өкініштісі де сол — осы тікенек тілінің және «қазіргі қоғамға аса тән» деп бағаланған «шындықтың» арқасында кино танымалдылыққа ие болды. Жә, танылсын, атағы айға ассын! Алайда орыстың «сукасы» мен «дыркасын» тұздық етіп алмасын! Анау айтуға ауыз бармайтын, тек кейіпкерлер экран арқылы әлденеше рет әдемілеп тұрып айтқан «трахать» сөзі тіптен жан шошытып тұр. Дегенмен бұл мәдениетсіздікті қалың көрерменнің қайсыбірі «өмір шындығы» деп қабылдады. Апырау, болған оқиғаны тура солай сайрата салса, оның несі кино? «Арман» фильмінің қазақшасы да жетісіп тұрғаны шамалы. Сөйлем-дердің басы қазақша басталып, соңы орысша тұйықталады. Негізгі кейпікер болып ойнаған Қайрат Нұртастың аузынан әжептәуір сөз шыға ма деп күтіп едік, ол да бекер болып шықты. Қайрекең де орыс тіліне едәуір «төселіп қалғанын» аңғартып, өзге кейпікерлермен ресми тілде ырылдасатын оқиғаларда кеңінен танылды. Қайрат әнші қазақшасын орысшаға ауыстырып алғанда, өзгеге не жорық?! Соңғы сәтке таяу сақшының Арманға айтқан сөзінің сиқы мынау: «түрегелсең болады. Жаны шықты». Кекеш бала былдырлап, әлденені түсіндірмек болғандай, тым шолақ, өте қарабайыр реңде «таңдалып алынған» қазақшасының халі осындай. Ал басты кейіпкер Арман екі тілге бірдей «жүйрік» екенін танытып, бірде қазақша, бірде орысша «тағдырымен тайталасты».
Түйін:
Қазақ киносы десе, ең алдымен кестелі, шұрайлы қазақ тілі еске түседі. Ал біздің көпшілік назарына қайталап, әрі мерекелерде «азық етсін» деп ұсынып жүргеніміз кімнің киносы? Дамыған елдердің киноөндірісі туралы айтпай-ақ қояйын. Өзімізбен іргелес, деңгейлес өзбекте шала өзбекше кино бар ма? Олардың тек өзбекше өрген киноларын біз қазір жаппай сатып алып, қазақшаға тәржімалап алып отырмыз. Қырғыз да өз фильмдерін таза қырғызша сайратады. Ал сонда бізге, қазаққа не жетпейді? Кезінде Баян Алакөзова «Ғашық жүрек» телехикаясын қос тілде жамыратқанда да дәл бүгінгідей «алақайлап» қабыл алғанбыз. Есірік күй бітті ме, ес кірді ме десем, қателесіппін. Сол баяғы жарым-жартылай қазақша, орысшасы да көркем сипатта емес бір сүметілген күй. Бұл төменшік халден қашан арыламыз? Қазақ киносының ешбірі енді қайтып «сука» деп арсызданбай, «дырка» деп дүбәраланбай, «тр…» деп тексінденбей шынайы нағыз қазақша қасиет тұнған ғибратты дәрежеде асқақтаса екен!
Айзат Рақыш