Арман Махамбетов «Павлодар барысы» атанды

Жақында қазақ күресінен облыстық «Павлодар барысы» турнирі ұйымдастырылып, оған аудандар мен қалалардан 27 палуан қатысты. Солардың ішінен бағы мен бабы қатар шапқан екібастұздық Арман Махамбетов 2018 жылғы «Павлодар барысы» атағына ие болды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Нұрлан Есембаевтың мәліметіне сәйкес, жарысқа қатысушылардың барлығы бұған дейін қалалық және аудандық турнирлерде жеңімпаз атанғандар. Арасында бұған дейін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде белдескен палуандар да бар.

— Осы жылы әр ауданнан екі балуан келді. Ал Павлодар қаласынан төртеу және Ақсу мен Екібастұз қалаларынан үш спортшыдан қатысты. Сонымен қатар өткен жылдың чемпионы Әділет Нұрпейісов те бақ сынасты.

90 келіден жоғары салмақтағы палуандар бәсекесін спортсүйер қауыммен бірге облыс әкімі Болат Бақауов тамашалады.

Турнир қорытындысы бойынша екібастұздық Арман Махамбетов «Павлодар барысы» атанып, 500 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Ал жүлделі екінші орын Павлодар қаласының үміткері Серік Сәлменовке бұйрып, 300 мың теңге сыйақыға ие болса,  үшінші орынды Екібастұздық Әділет Нұрпейсов иеленіп, 100 мың теңгені қанжығалады. Осылайша аймақ намысын маусым айында өтетін республикалық «Қазақстан барысында» Серік Сәлменов пен Арман Махамбетов қорғайтын болды.

— Менің ақтық мәредегі қарсыласым – дзюдоист болды. Біз көптен бері күресіп келеміз. Оның салмағы менен жоғары. Мен 90 келі салмақта болсам да одан айламды асыра білдім. 2015 жылы «Павлодар барысы» атанып, кейін салмақтың жетіспеуіне байланысты шеттеліп жүрдім. Енді міне, араға 2 жыл салып қайта келіп, күресте салмақты маңызы аз екенін дәлелдедім деп ойлаймын. 2015 жылы «Қазақстан барысында» үш айналымнан өткен едім. Биыл жеңіл салмақтағы палуандардың да жеңіске лайық болатынын үлкен сында дәлелдегім келеді, — дейді «Павлодар барысы» Арман Махамбетов.

 

Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы.