Армян халқының «Терендез» тоқшылық мерекесі тойланды

Атырау қаласындағы «Достық үйінде» облыстық ҚХА жанындағы «Таврос» армян этномәдени бірлестігі армян халқының «Терендез» мерекесін тойлап, көпшілікке думан ұйымдастырды. Шуақты күні аталып өтілген ерекше мерекені қызықтауға қала тұрғындары көп жиналды. Той қашанда сән-салтанатқа толы болады емес пе?! «Достық үйінің» алаңында армян халқының түрлі ұлттық ойындары мен көпшілікке ортақ сайыстар ұйымдастырылды. Жастар мен жасөспірімдер арасында арқан тартыс, қашықтыққа жүгіріс және доп тебу сияқты жарыстар қызықты өтті.

Сондай-ақ, «Терендез» мейрамының ең басты ерекшелігі аулаға от жағылып ғашықтар қол ұстасып, оттың үстінен секіріп өтеді. Оның мәні араларындағы сезімді нығайту. Ежелгі наным-сенім бойынша оттың үстінен қолдарын үзбей секірген жұптың арасында ұрыс-керіс, отбасында түсініспеушілік орын алмайды екен. Яғни өмірдің кедергілерін қол ұстасып, татулықпен бірге жеңе біледі деген ырым.
Сонымен қатар, мерекеге жайылған дастарханнан жиналғандардың бәрі де міндетті түрде дәм татуы керек. Себебі бұл жаңа жылдың жайлы да құтты болуына, егістіктің бітік шығуына бастама болады, — дейді «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Плузян.
«Терендез» тоқшылық мерекесі жиналғандарға шаттық пен ынтымақ сыйлады. Армян ұлтының қонақжай дастарханынан дәм татып, ұлттық дәстүрін тамашалаған қала тұрғындары алғысқа толы ақ ниеттерін білдіріп, тойдан көңілді тарқады.

 

Светлана Муньянова