АРМЯН ҰЛТЫНЫҢ «ВАРДАВАР» СУ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

2018 жылғы шілде айының 15 жұлдызында «Тамаша» ойын-сауық орталығының алаңында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Таврос» армян этномәдени бірлестігі «Вардавар» дәстүрлі мерекесін атап өтті. Бұл жаңбыр немесе су мерекесі ретінде тойланатын армян халқының ұлттық мейрамдарының бірі. Еліміздегі барлық облыстарда жыл сайын «Вардавар» аталып келеді. Осылайша армян ұлты Қазақстанда өз салт-дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруда.

— Су – молшылық көзі, суға деген құрмет армян халқында ерекше. Сондықтанда бір-біріне су шашып қуанудың астарында адамдардың жақсы тілегі мен ырыздық, несібең мол болсын деген ақ тілеуі жатыр — дейді «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Плузян  Гагик  Сережаевич.

Алаңға жиналған атыраулықтарға «Вардавар» мерекесінің мәні мен мазмұны айтылды. Сонан соң жақсы тілектермен қошталып, әркім өз ыдыстарымен су шашу ойынын бастап кетті. Сол күні Атырауда күн қатты ыстық еді. Салқындағысы келгендерге енді «Жайыққа барудың» қажеті болмай қалды. Малмандай су болғандардың күлкісі мен дауыстары алаңға біраз көрермен де жинап үлгерді.

Өте көңілді өткен су шашу мерекесі келгендердің бәріне де қуаныш пен шаттық сыйлады. Әсіресе балалардың мәз болғандарын айтсаңызшы. Шараға этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, тұрғындар, «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Осы мейрам армян халқының ең жақсы көретін қуанышты күндерінің бірі екен. Әсіресе, селолық жерлерде үйлердің алдын раушан гүлімен безендіріп, думандатып өткізеді.

Бұл өткізілген шара – халықтар достығын нығайтып, ынтымақ пен бірлікті, достықты паш етіп, отанға деген патриоттық сезімді күшейте түскені анық. Өзге ұлттардың дәстүріне  құрметпен қарап, бауырмалдықпен қатар өмір сүруді көрсеткен ізгі мереке болды. «Вардавар» мерекесінің көңілді өтуіне «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Гагик Сережаевичпен бірге қызы Лиана Гагиковна Плузян да үлкен еңбек сіңірді.

Жыл сайын Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтау және насихаттау мақсатында, этномәдени бірлестіктердің дәстүрлі мейрамдары өткізіледі. Бұл шара да соның бір көрінісі.

                                                                                             Светлана Әбілхашқызы,

                                                                                               Атырау қаласы