Арқа төсін әлдилеген Әулиеата

Елбасының ерекше ықыласы

Күллі Қазақстан үшін, Елордамыз Астана үшін шілде айы мерекемен басталатын қызық-думанға толы ай. Биылғы «Астананың 20 жылдық мерейтойы» сынды атаулы датаға орай қалыптасқан дағдылы мереке, жылдағыдан ерте басталған болатын. Бас қаланың 20 жылдық торқалы тойы, тек қана Астананың емес, бүкіл елдің тойы екені белгілі. Қысқа ғана 20 жылдың ішінде Арқа төрінен бой көтерген әсем қалаға, Қазақстанның барлық аймағы атсалысты. Естеріңізде болса, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарт Таразда аталып өткенде, барлық облыс ерекше сый, тартулар жасап, бірлігімізді танытатын «асарлатудың» негізі басталып еді. Осы дәстүр Астанаға арнап, бөгенайы бөлек сыйлық ұсыну арқылы да жалғасын тапты. Кезегі келгенде айта кету керек. Жаңа облыстың орталығы Түркістан қаласының құрылысын дамыту үшін осы дәстүр «жоралғы» ретінде қолданылғалы жатыр. Қазақстанның әр облысы Түркістан қаласына бір-бір құрылыстан салып бермекші деген жаңалықты да жақында құлағымыз шалды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме десек те, осы игі дәстүрдің де Астанадан басталғанын айтпай болмас. Биылғы мерекеде де сол дәстүр жалғасын тапты. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында, Павлодар, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл бастаған жеті облыс бірлесіп велосипед жолын сыйға тартқан болатын. Жол Есіл өзенінің сол жағалауы, ЭКСПО құрылыстары арқылы өтіп, қала бағының шаңғы-роллерлік трассасы мен Ильинка ауылынан басталатын «жасыл белбеу» арқылы өтетін велосипед жолын байланыстырады. Жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын бұл жол өз кезегінде Елордалықтар үшін жылдың жаңалығы болды. 1 шілде күні Мемлекет басшысы Астанадағы жаңа нысандарды аралап көргеннен кейін көңілі толып, «Астаналықтар бұл объектілерді салуға қатысқан барлық аймақтарға риза болуы тиіс, Астананы бүкіл ел болып салдық, сол сияқты барлығымыз бірге қуануымыз керек», — деп өз ризашылығын білдірген еді. Астана тойының жыры сонан бері де жалғасын тауып жатыр. Елбасы да осы ұлы дүбірге есе қосқан облыстар мен оның басшыларына, Астанаға еңбегі сіңген азаматтарға алғысын айтып, «Астананың 20 жылдығы» медальдарын ұсынды. Сол үлкен құрметтен Жамбыл облысы да шет қалған жоқ. 12 шілде күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен өңір тұрғындарына алғыс хат жолдады. Хатта Елбасы аймақ басшысы мен халқын Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Құрметті Асқар Исабекұлы! Сізді және бүкіл Жамбыл облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы — барша Қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Жамбыл облысы да елордаға ерекше сый жасады. Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады» делінген алғыс хатта. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін қорытындылай келе, Астананы көркейтуге қосқан үлесі үшін Жамбыл облысының әкімі мен өңір халқына шынайы ризашылығын білдірген. «Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» — депті. Президенттің аузымен айтылған бұл алғыс, Әулиеаталықтарға деген бүкіл елдің ризашылығы еді.

«Жаңарған Жамбылдан — асқақтаған Астанаға!»

12-13 шілде күндері Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Жаңарған Жамбылдан — асқақта-ған Астанаға!» атты Жамбыл облысы-ның мәдени күндері өз жалғасын тапты. Екі күнге жалғасқан мерекелі думан, елорда жұртын бір серпілтіп тастады. Өнер сапары аясында спектакльдер мен қойылымдар, Әулиеатаның өнер шеберлерінің мерекелік гала-концерті, бармағынан бал тамған қолөнер шеберлерінің туындылары көрсетілетін жәрмеңке секілді қызықты шаралар ел есінде қалды.
Тарихы ұзақ Тараз жерінен күмбірлете жеткен керуеннің қатарында 200-ге жуық өнерпаз келген екен. Мерекелік концертте бас дирижер Адай Жұмат, «100 жаңа есімнің» жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей бастаған Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қайрат Болысбектің жетекшілігіндегі «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Назима Үсенова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров, Торғын Орынбаева, Ғани Мәтебаев, Әсел Уашева, Бахром Муминов, Қайсар Көкішов, Динара Диханбаева және т.б. дәстүрлі эстрада әншілері өнер көрсетті.


13 шілдеде Астана қалалық «Қазанат» ипподромының аумағындағы Этноауыл мәдени кешенінде Жамбыл облыстық қолөнер бұйымдары шеберлерінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды. Бізде алыстан келген ағайынның мерекелік шашуынан «дәм тату» үшін асай-мүсейлерімізді арқалап барып қайтқан болатынбыз. Мерекелік думан таңертеңнен басталды. Этноауылдың кіре берісінің екі қапталындағы ақшаңқандай үйлердің ішіне Жамбыл облысынан арнайы келген қолөнер ше-берлерінің бағалы бұйымдары мен көздің жауын алатын құнды экспонаттары орналастырылған екен. Көрме заттары ішінде қазақи оюлармен өрнектелген қыш ыдыстар, құрал-жабдықтар, əшекей-бұйымдар, қазыналы кітаптардан бөлек, халықтың көзайымына айналған «Жиналмалы бесікке» ықыласымыз ауды. Бұдан ары концерт болып жатқан жабық сахнаға қарай беттедік. Ілгерілеп келе жатып жолымызда алтыбақандарды, нысана көздеп жатқан садақшы мергендерді, қыран бүркітін қолына қондырған құсбегілер мен құмай тазы баптаған аңшыларды көріп, ұлттық өнердің ұлықталып жатқандығына бір марқайып қалдық.
Осы күні сағат 14:00-де Жамбыл облыстық филармониясының «Жаңарған Жамбылдан — асқақтаған Астанаға!» атты мерекелік концерті өтті. Бұл думанның жалғасы кешке қарай Есіл өзенінің жағасындағы жаңадан бой көтерген амфитеатрда жалғасты. Мерекелік думаннан кейін көрермендер арасында алдын ала таратылған лоторея билеттерімен ұтыс ойыны ұйымдастырылып, 20 адамға Тараздан жеткен тарту табыс етілді.


Астананың 20 жылдығына орай өткізілген ауқымды шараға, Жамбыл облыстық орыс жəне қазақ драма театрлары, Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы, Тараздық қолөнер бұйымдарының шеберлері өнер көрсетсе, Облыстық Халық Шығармашылығы Орталығы, Жамбыл Облыстық Тарихи-өлкетану Музейі, шараның жоғары деңгейде өтуіне көмегін аямаған. Сонымен қатар Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мырзаның да өз кезегінде әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, кең көлемде ақпараттық қолдау көрсеткендігін айта кеткен жөн. Осы шаралардың негізгі ұйымдастырушы Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы екен. Біз ретін тауып, аталмыш мекеменің басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы Бықыбаев мырзаға бірнеше сауал қойдық.
— Елорданың 20 жылдық мерей-тойының қызуы басылмай жатып елордаға арнаулы керуен тартып келіп қалыпсыздар. Сапарларыңыздың мәнісін білсек дейміз?

— Арқа төсінен орын алған еліміздің жүрегі Астананың 20 жылдығы әрбір қазақстандық үшін атаулы мереке екені анық. Бұл датаны барша ел болып, жер болып тойлап жатқанымыз әмбеге аян. Әр облыс бас қалаға ерекше сый жасап, құрмет көрсетіп жатыр. Жамбыл облысы арнайы веложолақ салып берді. Елбасының алғысын да алдық. Еліміздегі ең көне, тарихи мекені Жамбыл облысы ең жас қала Астанамыздың торқалы тойында құр жатпай барша өнерпаздарды жұмылдырып Астанаға ән мен жырдан шашу шаша келдік. Екі күн бойы астаналықтар мен қала қонақтары жамбылдық өнерпаздардың өнерін тамашалады. Оның барлығының бағасын халық бере жатар. Біз қарт Тараз жерінің сәлемін әкелдік. Астанамыздың мерейі үстем болса, бүкіл еліміздің мақтанышы болмақ. Мақсатымыз Елорданың 20 жылдық торқалы тойын онан ары қыздырып, көркіне көрік, халқына қуаныш сыйласақ дейміз.
— Күллі Алаш баласын елеңдеткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарт Тараздың төрінде өткені белгілі. Биыл Астананың 20 жылдығын тойлап жатырмыз. Біреулер науқан ретінде қабылдаса, енді біреулер «Рухани жаңғыру» ретінде қабылдайтыны белгілі. Жалпы осындай атаулы күндерді тойлау, әспеттеудің маңыздылығы қандай деп ойлайсыз? Ел-жұртқа, шаһарға пайдасы қаншалық?
— Ел арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді құжаттарды қате қабылдап, өзіңіз атап отырғандай мерекелерді науқан деп қабылдайтындарын да байқап жатамыз. Өз басым, мұндай құжаттар мен аталмыш мерекелерді науқаншылдық емес, ата-дәстүріміз бен тарихымызды, өткенімізді, қазақтың күре тамыры — ұлттық дүниетанымын кеңінен әспеттеудің бірден-бір жолы деп есептеймін. Технология мен нарықтың дамыған тұсында бізге «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалық мақала ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіретін құжат болды. Бұл әуелі рухты оятудың бір тәсілі болса, екіншіден еуропалық стильге ауып бара жатқан жастардың санасын сілку болып табылады. Әр ұлттың, әр халықтың өзіндік ерекшелігі, даралығы мен өзгешелігі болатынын ескерсек, аталмыш мерекелер осы дүниелерді еске салып, ұмыттырмауға, одан әрі жандандыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Ал мұның шаһар үшін де, ел үшін де пайдасы орасан. Мұны көз көріп, көңілге тоқып жүргендіктен, осындай іс-шараларды кеңінен, тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз.

Астанадан тамаша әсермен кетіп барамыз

Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Жаңарған Жамбылдан — асқақтаған Астанаға!» атты Жамбыл облысының мәдени күндері аясында облыстық қазақ драма театры мен орыс драма театры да Елордалықтарға өнермен шашу шашқан болатын. Бұл өнер ұжымдары Астаналықтарға жақсы таныс. Былтыр ғана «Домалақ ана» тарихи спектаклімен Астаналықтардың есінде қалған өнер ұжымын театр сүйетін көрермен бұл жолы да жылы қабылдады. Біз ретін тауып, Жамбыл облыстық Қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Үмбетәліұлы Бекжанов мырзамен тілдескен едік.

— Астана қаласына қош келдіңіздер. Біздің білуімізше, Астанаға алғаш келулеріңіз емес. Бұл сапардағы әсеріңіз қалай?
— Өнер сапарымен Астанаға келуіміз, әсіресе, біздің өнер ұжымына дәстүрлі мереке десек те болады. Жыл сайын, жаздың жайма-шуақ күндерінде біздің Жамбыл облыстық Қазақ драма театрының әртістері елорда жұртымен қауышады, өз қойылымдарын ұсынады. Ал биылғы сапарымыз жылдағыдан ерекше болып тұр. Ол — Астананың 20 жылдығы. Бұл — бүкіл елдің мерекесі. Біз бұл мерекені өз жерімізде түрлі формада атап өттік. Енді соның жалғасын «Жамбыл облысының Астанадағы мәдени күндері» етіп жалғастырып жатырмыз. Көңіл-күй туралы айтар болсақ, Астана — жылдан-жылға түрленіп келе жатқан қала. Сонысымен де бізді қуантады. Біз бұл жолы 200-ге тарта өнерпазды бастап келдік.
Тараз — тарихы тереңнен басталатын көне қала. Тараз тарихы — жалпы қазақтың тарихы. Елбасымыздың «Тарихымыздың темір қазығы» деп атаған қаласы. Біздің елімізде, бәлкім дүниеде тарихи қалалар көп. Еліміз бойынша Сарайшық, Сауран сияқты көптеген көне қалалар бар екені белгілі. Бірақ бүгінге дейін өмір сүріп тұрғаны — жалғыз Тараз қаласы. Қазір де кез келген жерін түртіп қалсаң тарих шыға келетін Әулиеата өңірінен құнды тарихи жәдігерлерімізді алып келдік. Он күн бойы Астанада «Тараз жәдігерлерінің көрмесі» өтіп жатыр. Астана жұрты сол көне жәдігерлерді көріп, тарих тереңіне сапар шегеді. Одан соң этноауылда үлкен концерт бердік. Елордалықтар өнерімізбен танысып, қолөнер шеберлеріміз дайындаған әсем бұйымдарын тамашалап жатыр.
— Жалпы Астана сізді несімен қызықтырады?
— Адамзат баласының жанына, жүрегіне жақын бір ыстық нүктесі болатын болса, біздің жүрек түкпіріміздегі ыстық нүкте, ол — Астана. Кез келген мемлекеттің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны дегендей өзіне тән нышандары бар. Солардың қатарына астаналарын, елге еңбегі сіңген басшыларын да қосуға болады. Кешегі Кеңес Одағында «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ» дейтін сөз тіркесі бар еді. Бұл сөздің мәнісінен Мәскеудің ғасырлар бойы қалыптасып, гүлденіп-көркейгендігін аңғаруға болатындай. Енді тарихы ұзақ, жылдар бойы қалыптасып, дамып келген Мәскеумен салыстырғанда, ширек ғасырдың ішінде мынадай қала тұрғызуымыз, ұшан-теңіз еңбектің нәтижесі, Елбасының жігерінің, көрегендігінің арқасы деуге болады. Қай елге барсақ та, біз сол елдің астанасына қарап жалпы мемлекетін бағамдаймыз. Астанасына қарап, тарихын, мәдениетін, өнерін бағалаймыз. Мен таяуда Қазан қаласында болып қайттым. Қаланың ортасында ағып жатқан Кабан деген өзені, оның жағалауы, тамаша жарасымдылығымен мені қайран қалдырды. Мен Астанаға келіп, Есілдің жағалауын, мынау жаңадан бой көтерген балық пішінді көпірді көріп отырып кейде өзімізде барды бағалай алмайтын мінезімізге таң қалдым. Мен көрген Қазандағы жағалауды, біздің Астанадағы Есілдің жағалауы он орап алатындай. Біз Астанамызбен кімге болсын мақтана алатын, ұялмай айта алатын қала ретінде бой көтеріпті. Астананың төңірегінде Алатау секілді таулар болмаса да, Елбасының бастамасымен бой көтерген қала шетіндегі орманды көріп риза болдым.
— Бұл жолы Жамбыл облысының екі театры келіп отыр. Қандай қойылымдарыңыз бар?
— 82 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық қазақ драма театры, әр жылдары Астана көрермендеріне есеп беру мақсатында өздерінің туындыларын көрсетіп келе жатқанына да біраз жыл болып қалыпты. Биыл Астананың 20 жылдық мерекесі екендігін ескеріп, сонау 1960 жылдары жазылған Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» атты комедиясын алып келдік. Ол комедия Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда өтті. Халық көп жиналды. Қазіргі кезде жалпы жұрт демалысқа кеткен, қаладағы адамдар азайған кез десек те, көрермендер қарасының көптігі мен ықыласы бізді желпінтіп тастады. Астана жұрты театр сүйетін халық екен. Комедияны қойған — Алматылық жас, талантты режиссер Рүстем Шанаманов деген азамат. Ол бұл спектакльді бүгінгі заманға икемдеп қойды. Театрға арқау болған оқиға 1960 жылдары жазылғанымен, бүгінгі еліміздегі жолға қойылып жатқан «дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес келетін тұстары бар. Содан кейінгі бір қамтылған жағдай, қазіргі қыздарымыздың кешеуілдеп тұрмыс құратындығы. Осы мәселелерді өткір сөзбен, ащы әжуамен сынамай-ақ, әдемі сөзбен, музыкамен, күлкімен комедияға айналдыра отырып тамаша жеткізе білді және бұл ностальгия. 1960 жылдарды көрген көрермендер мұны сағынып көреді. Бұл қойылымды қазақ комедиясының ішіндегі классика деп те айтуға болады. Сондықтан көрермен жылы қабылдап, қойылым аяқталған соң әртістерімізбен қимай қоштасты. Осының өзі біздің ұжымды қанаттандырып, шабыттандырды. Ал орыс театрының қойылымын да елорда жұрты жылы қабылдап, құрмет көрсетті. Қорыта айтқанда, астаналық көрермендердің ризашылығы шексіз. Қимай қоштасып, Астанадан тамаша көңіл-күймен аттанып бара жатырмыз.
— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

Бетті дайындағандар —
Ерқазы Сейтқали, Ержігіт Күнтубаев