Арқа төсіндегі Әулиеата күндері Елбасының ерекше ықыласы
Күллі Қазақстан үшін, Елордамыз Астана үшін шілде айы мерекемен басталатын, қызық-думанға толы ай. Биылғы «Астананың 20 жылдық мерейтойы» сынды атаулы датаға орай, қалыптасқан дағдылы мереке, жылдағыдан ерте басталған болатын. Бас қаланың 20 жылдығы тек қана бір қаланың атаулы күні емес, бүкіл елдің тойы екені белгілі. Қысқа ғана 20 жылдың ішінде Арқа төрінен бой көтерген әсем қаланың құрлысына, гүлденіп-көркеюіне, Қазақстанның барлық аймағы атсалысты. Әр облыс Астанаға арнап, бөгенайы бөлек силық ұсыну арқылы да «Асардың» жаңаша үлгісін қалыптастырды десек артық кетпеспіз. Кезегі келгенде айта кету керек. Осы «дәстүр» енді жаңа облыстың орталығы Түркістан қаласының құрылысын дамыту үшін «жоралғы» ретінде қолданылғалы жатыр. Яғни, «Қазақстанның әр облысы Түркістан қаласына бір-бір құрлыстан салып бермекші» деген жаңалықты да жақында құлағымыз шалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана 2000 жылдық тарихы бар көне шаһар Таразда, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аса жоғары деңгейде аталып өткені белгілі. Сол айтулы датаға орай, Тараз қаласында қарқын алған қала құрылысын көркейту жұмысына да бүкіл ел болып білек сыбана кірскен еді. Соның нәтижесінде, Ұлы Жібек Жолының бойындағы ежелгі қала, дүр сілкінгені бар. Реті келгенде еске алып жатқанымыз болмаса, бұлардың барлығы бөлек-бөлек тақырыптардың аясында өрбитін әңгіме. Биылғы мерекеде де сол дәстүр жалғасын тапты. Әр облыс, Астана қаласына арнап, әдемі нысандар тұрғызды. Солардың қатарында, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, «Өңірлердің Астанаға таруы» бағдарламасы негізінде, Павлодар, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл бастаған жеті облыс бірлесіп велосипед жолын сиға тартқан болатын. Жол Есіл өзенінің сол жағалауы, ЭКСПО құрылыстары арқылы өтіп, қала бағының шаңғы-роллерлік трассасы мен Ильинка ауылынан басталатын «жасыл белбеу» арқылы өтетін велосипед жолын байланыстырады. Жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын бұл жол, өз кезегінде Елордалықтар үшін жылдың жаңалығы болды. 1 шілде күні Мемлекет басшысы, Астанадағы жаңа ысандарды аралап көргеннен кейін, көңілі толып, «Астаналықтар бұл объектілерді салуға қатысқан барлық аймақтарға риза болуы тиіс, Астананы бүкіл ел болып салдық, сол сияқты барлығымыз бірге қуануымыз керек»- деп өз ризашылығын білдірген еді. Астана тойының дыр-дуы сонан бері де жалғасын тауып жатыр. Елбасы да осы ұлы дүбірге есе қосқан облыстар мен оның басшыларына, Астанаға еңбегі сіңген азаматтарға алғысын айтып, «Астананың 20 жылдығы» медалыдарын ұсынып, алғыс хаттар тапсырды. Сол үлкен құрметтен Жамбыл облысы да шет қалған жоқ. 12 шілде күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен өңір тұрғындарына алғыс хат жолдады. Хатта Елбасы аймақ басшысы мен халқын Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Құрметті Асқар Исабекұлы! Сізді және бүкіл Жамбыл облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы — барша Қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Жамбыл облысы да елордаға ерекше сый жасады. Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл
велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады» делінген алғыс хатта. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін қорытындылай келе Астананы көркейтуге қосқан үлесі үшін Жамбыл облысының әкімі мен өңір халқына шынайы ризашылығын білдірген. «Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» депті. Президенттің аузымен айтылған бұл алғыс, Әулиеаталықтарға деген бүкіл елдің ризашылығы еді.
Арқа төрінде дүркіреген Жамбылдың мәдени күндері
12-13 шілде күндері Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға!» атты Жамбыл облысының мәдени күндері өз жалғасын тапты. Екі күнге жалғасқан мерекелі думан, елорда жұртын бір серпілтіп тастады. Өнер сапары аясында спектакльдер мен қойылымдар, Әулиеатаның өнер шеберлерінің мерекелік гала-концерті, бармағынан бал тамған қолөнер шеберлерінің туындылары көрсетілетін жәрмеңке секілді қызықты шаралар ел есінде қалды.
Тарихы ұзақ Тараз жерінен күмбірлете жеткен керуеннің қатарында, 200- ге жуық өнерпаз келген екен. Мерекелік концертте бас дирижер Адай Жұмат, «100 жаңа есімнің» жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей бастаған Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қайрат Болысбектің жетекшілігіндегі «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Назима Үсенова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров, Торғын Орынбаева, Ғани Мәтебаев, Әсел Уашева, Бахром Муминов, Қайсар Көкішов, Динара Диханбаева және т.б. дәстүрлі, эстрада әншілері өнер көрсетті.
13-шілдеде Астана қалалық «Қазанат» ипподромының аумағындағы Этноауыл мәдени кешенінде Жамбыл облыстық қолөнер бұйымдары шеберлерінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды. Бізде алыстан келген ағайынның, мерекелік шәшуінан «дәм тату» үшін асай-мүсейлерімізді арқалап барып қайтқан болатынбыз. Мерекелік думан таңертеңнен басталды. Этноауылдың кіре берісінің екі қапталындағы ақшаңқандай үйлердің ішіне Жамбыл облысынан арнайы келген қолөнер шеберлерінің бағалы бұйымдары мен көздің жауын алатын құнды экспонаттары орналастырылған екен. Көрме заттары ішінде қазақи оюлармен өрнектелген қыш ыдыстар, құрал — жабдықтар, əшекей — бұйымдар, қазыналы кітаптардан бөлек, халықтың көзайымына айналған – «Жиналмалы бесікке» ықыласымыз ауды. Бұдан ары концерт болып жатқан жабық сахнаға қарай беттедік. Ілгерілеп келе жатып жолымызда алтыбақандарды, нысана көздеп жатқан садақшы мергендерді, қыран бүркітін қолына қондырған құсбегілер мен құмай тазы баптаған аңшыларды көріп, ұлттық өнердің ұлықталып жатқандығына бір марқайып қалдық.
Осы күні сағат 14:00-де Жамбыл облыстық филармониясының «Жаңарған Жамбылдан – Асқақтаған Астанаға!» атты мерекелік концерті өтті. Бұл думанның жалғасы кешке қарай Есіл өзенінің жағасындағы жаңадан бой көтерген амфитеатрда жалғасты. Мерекелік думаннан кейін көрермендер арасында алдын ала таратылған лоторея билеттерімен ұтыс ойыны ұйымдастырылып, 20 адамға Тараздан жеткен тарту табыс етілді.
Астананың 20 жылдығына орай өткізілген ауқымды шараға, Жамбыл облыстық орыс жəне қазақ драма театрлары, Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы, Тараздық қолөнер бұйымдарының шеберлері өнер көрсетсе, Облыстық Халық Шығармашылығы Орталығы, Жамбыл Облыстық Тарихи-өлкетану Музейі, шараның жоғары деңгейде өтуіне көмегін аямаған. Сонымен қатар Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мырзаның да өз кезегінде әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, кең көлемде
ақпараттық қолдау көрсеткендігін айта кеткен жөн. Осы шаралардың негізгі ұйымдастырушы Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы екен. Біз ретін тауып, аталмыш мекеменің басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы Бықыбаев мырзаға бірнеше сауал қойдық.
Елорданың 20 жылдық мерейтойының қызуы басылмай жатып Елордаға арнаулы керуен тартып келіп қалыпсыздар. Сапарларыңыздың мәнісін білсек дейміз?
-Арқа төсінен орын алған еліміздің жүрегі Астананың 20 жылдығы әрбір қазақстандық үшін атаулы мереке екені анық. Бұл датаны барша ел болып, жер болып тойлап жатқанымыз әмбеге аян. Әр облыс бас қалаға ерекше сый жасап, құрмет көрсетіп жатыр. Жамбыл облысы арнайы веложолақ салып берді. Елбасының алғысын да алдық. Еліміздегі ең көне, тарихи мекені Жамбыл облысы ең жас қала Астанамыздың торқалы тойында құр жатпай барша өнерпаздарды жұмылдырып Астанаға ән мен жырдан шашу шаша келдік. Екі күн бойы астаналықтар мен қала қонақтары жамбылдық өнерпаздардың өнерін тамашалайды. Оның барлығының бағасын халық бере жатар. Біз қарт Тараз жерінің сәлемін әкелдік. Астанамыздың мерейі үстем болса, бүкіл еліміздің мақтанышы болмақ. Мақсатымыз Елорданың 20 жылдық торқалы тойын онан ары қыздырып, көркіне көрік, халқына қуаныш силасақ дейміз.
Күллі Алаш баласын елеңдеткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарт Тараздың төрінде өткені белгілі. Биыл Астананың 20 жылдығын тойлап жатырмыз. Біреулер науқан ретінде қабылдаса, енді біреулер «Рухани жаңғыру» ретінде қабылдайтыны белгілі. Жалпы осындай атаулы күндерді тойлау, әспеттеудің маңыздылығы қандай деп ойлайсыз? Ел-жұртқа, шаһарға пайдасы қаншалық?
-Ел арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді құжаттарды қате қабылдап, өзіңіз атап отырғандай мерекелерді науқан деп қабылдайтындарын да байқап жатамыз. Өз басым, мұндай құжаттар мен аталмыш мерекелерді науқаншылдық емес, ата дәстүріміз бен тарихымызды, өткенімізді, қазақтың күре тамыры — ұлттық дүниетанымын кеңінен әспеттеудің бірден бір жолы деп есептеймін. Технология мен нарықтың дамыған тұсында бізге «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалық мақала ұлттық құнлықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіретін құжат болды. Бұл әуелі рухты оятудың бір тәсілі болса, екіншіден еуропалық стильге ауып бара жатқан жастардың санасын сілку болып табылады. Әр ұлттың, әр халықтың өзіндік ерекшелігі, даралығы мен өзгешелігі болатынын ескерсек, аталмыш мерекелер осы дүниелерді еске салып, ұмыттырмауға, одан әрі жандандыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Ал мұның шаһар үшін де, ел үшін де пайдасы орасан. Мұны көз көріп, көңілге тоқып жүргендіктен, осындай іс-шараларды кеңінен, тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз.
Ерқазы Сейтқали
Ержігіт Күнтубаев