Артында өшпес із қалды

НЕСЛИХАН ӨЗТҮРІК:
Алпыс жылдық мерейтойға дейін елге әкем
қайтыс болғанда бірінші рет келген едім. Ол
кезде жасым он екіде болса да есімде көп
нәрсе қалмапты. Ал екінші рет келгенде алған
әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын.
Құдды бір түс көріп жатқандай күй кештім.
Себебі бұл сапарға дейін әкемнің Қазақстанда
осыншалықты беделге ие екенін білмеппін.
Шыны керек, бізді ыстық ықыласпен қарсы алған
халықтың әкемді сондай қадірлейтінін, көбісінің
әкемді жақсы танитынын көріп қатты қуандым.
Тіпті, көзіме жас келіп, жылап та алдым. Негізі,
әкем көп уақытын Қазақстанда өткізді ғой. Тіпті
Мюнхенге арнайы келген кезде де «Қазақстан —
біздің атажұртымыз. Біз осы жерден тараймыз.
Қазақстанға барып тұруымыз керек. Қайдан
келгендеріңді ұмытпаңдар» дегені есімде
қалыпты. Ол Қазақстанды өте қатты жақсы
көрді. Қазақ екенін мақтан тұтатын. Елге келіп
таэквондоны дамыту үшін барын салғанын елде
жүрген сіз менен жақсы білерсіз. Әлі есімде,
бізді мектепке апарып, сабақ біткен соң үйге
алып қайтатын. Сосын ойын алаңқайына апарып
ойнататын. Сол кезде көпшілік оның қасына
жақындап, амандасып, әңгімелесуге асығатын.
Тіпті, үйге арнайы іздеп келіп, оған ризашылығын
білдіріп жататын адамдардың қарасы көп
болды. Алайда бала кезімде көпшіліктің
неліктен әкемді сонша жақсы көретінін
түсінбейтінмін. Қазақстанға қандай еңбегі
сіңді деп ойлайтынмын. Бірақ жоғарыда айтып
өткенімдей, Алматыға әкемнің туғанына 60 жыл
толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға
шақыртылғанымда ол кісінің тек біз үшін емес,
қазақ халқы үшін ерекше тұлға болғанын жете
түсіндім. Алматыда болған жеті күннің ішінде
әкемнің құрметіне орай өткен іс-шараларға барып,
мүлде бос уақытымыз болмады. Бірінші күні
телевизиялық бағдарламаларға қатыссақ, екінші
күні журнал-газеттерге сұхбат бердік. Сосын әкеме
арнайы қойылған ескерткішке бардық, кейін ол
кісінің есімімен аталған көшені араладық. Ізінше
әкем ашқан таэквондо мектебіне бардық. Сол
кезде қаз-қатар тізілген жас спортшылардың
«Мұс-та-фа!» деп ұрандата айқайлағанын
естігенде ерекше толқыдым. Сөйтіп, бір аптаның
қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық.