Ару-ана МҰХАҢНЫҢ АМАНАТЫМЕН
Қазіргі аға буын өкілдеріне: «Сонау Кеңес дәуірі тұсындағы өз ұлтымыздан шыққан ең білімді министрді атап беріңізші!» деп тосын сауал тастаса кімді айтар еді? Ай, қайдам, мұндайда, тіпті, сол ескі Үкімет мүшелерінің кескіндерінің өзі еске түсе қоймас-ау. Өйткені онда Министрлер Кабинетінің жұмысы қазіргідей көз алдымызда атқарылмайтын. Ал бүгін Үкіметіміздің көпшілік тірлігін күнде теледидардан көріп, ана министр алай деді, мынау былай деп жатыр деп әңгіме қылып отырамыз. Ал, жоғарыдағы сұрақты сәл өзгертіп, «Онда сол кездегі ең көрікті министрді атаңызшы!» десе не дер едіңіз?..
Бұл «жұмбақтың» жауабы – Мүсілім Базарбаев. Өзі мемлекет қайраткері, өзі ғылым докторы және жазушы. Кезінде Ғылым Академиясының Әдебиет пен өнер институтын да басқарған адам. Бастапқыда республиканың Мәдениет министрі қызметінде болды, кейінірек Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етті. Және ол «Қазақ кәне?» десе, «Міне!» деп мақтана көрсететіндей өте келбетті кісі еді. Қысқасы, көркіне бөркі сай. (Ал біздің бүйрегіміздің бұрыңқырайтыны, Мәкең ҚазМУ-дың Журналистика факультетінің түлегі еді де, аталған жоғары лауазымды қызметтеріне кәдімгі «Лениншіл жастың» тілшісі қатарынан көтерілген екен).
Алғашқыда сонау Сыр өңірі жағынан Алматыға арман арқалап келген жиырма жасар жігіт қаланың орысша оқыған Гүлбараштай сұлуының жүрегін дүрсіл қақтырғаны да анық. Бірақ мұны, тәкаппар мінезінен әлі де қайта қоймаған Гүлбараш Байтоғаева апайымыз ашық мойындамаса да, Мүсекеңмен қалайша танысып, қалайша табысқаны туралы жәйттерді жасырмайды:
– Онда ҚазМУ-дің филология факультетінде оқимын. Сегізінші кластан кейін осы оқу орнының жанындағы төрт айлық даярлық курсты түгесіп, студент атанған кезіміз. (Апай Алматыда өскеніммен, төркінім – Түркістан дейді). Жатақханамыз қазіргі «Никольский» базарының түбінде. Ығы-жығы, мидай араласқан кілең жастар ғой. Кешке қарай би болып жатады. Оған бара қоймағанмен, анда-санда әркіммен билеп жүрген Мүсілімді байқап қалушы ем. Кейін өзі айтты, ол да мені көріпті. Лекциядан шыға сала мектеп оқушылары секілді бір-бірімізді қуалап, алыса жөнелетініміз ересек студенттерге ұнамайтын көрінеді. Сондықтан, «Өй, шуылдаған өңкей бір инкубаторские!» деп ат та қойып алыпты бізге. О кезде, қыз да болсам, басыма төбетей киіп жүретін мәнерім бар еді. Мені есте қалдыратындай тағы бір көрініс осы болуы да мүмкін. Төрт орыс қызымен бірге тұрамын. Арада біраз өткен соң Мүсілім бастаған екі-үш жігіт біздің бөлмеге келгіштей бастады. Олар дуылдасып шай ішіп, күлкілі әңгімелерін айтып кеткеннен кейін көрші қыздар: «Ішіндегі ең әдемісі де, естісі де әне бір жігіт сияқты. Саған сол лайық» деп сыбырлайтын. Шынында, өзім де теріс көрмейтінмін. Біз оқуды аяқтайтын 1948-де Жаңа жыл мерекесін әлгі жігіттермен бірге біздің бөлмеде қарсы алдық. Осыдан бастап жақын таныстық десе болады. О кезде Мүсілім қызметке орналасқан. Мен де ұзамай, дипломды үздік қорғадым. Жетекшім – Мұхтар Әуезов. Араға бір жыл салып Ғылым Академиясына жұмысқа келдім. «Лениншіл жаста» жүрген Мүсілім аспирантураға түсті. 1950-ші жылы үйлендік қой…
Кейін замандастары да жазғанындай, Мүсекең біртоға мінезімен, досқа да, жарға да адалдығымен ерекешеленген адам. Әйтсе де, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, бастапқыда осынау аса ізденімпаз, зерек, парасатты жігіт талай арудың көңілін өрекпітсе керек. Мұндай жағдай, әрине, үйдегі жас келіншегінің де мазасын кетіріп бағады.
– Сонадайдан көз тартатыны рас. Әлгі қасымдағы орыс қыздары да әу бастан-ақ: «жігітің саған қарағанда әдемірек» деуші еді. Ал менің өзім туралы пікірім жоғары. Құрбыларыммен келіспей, қызараңдап қаламын. Түріме қарамай, өркөкірекпін. Ол – ауылдың қарапайым баласы. Мен болсам қаланың қызымын дегендей. Бірақ, бәрібір, тартымды екені көрініп тұр ғой. Сайтан қыздардың көп төңіректейтіні содан. Кейін үйленген соң да қоймай жағалады антұрғандар! (Күледі). Жас кезімде оңай болған жоқ. Керісіп қаламыз. Қатты-қатты әңгімелер кетеді. Сонда айтатын: «Менің жазығым не, өз бетімше тырбанып жұмыс істеп жүрген адаммын. Елмен араласпаймын ба?! Бәрібір бірінші орында отбасым тұрады. Көрінгеннен қызғанбасайшы!» деп. 1964 жылы екі қызымызды алып Ыстықкөлде дем алдық. Орналасқан үйіміздің екінші басына Шара Жиенқұлова жайғасты. О кісі де баласымен келіпті. Шара апайды кішкентайымнан білем. Жасымда биге баулыған. Кешкісін демалыс орнында да би болады. Ыңғайы келгенде Мүсілімге еріп бірге барамын. Кейде балаларға қарап шыға алмай да қаласың. Сондайда күйеуіңді терезенің сыртынан қағынған бір қыздар ысқырып шақырып тұрса қалай шыдамақсың! Бір күні мен оны жібермей, екеуміз ұрысып жатқан көрінеміз. Соны байқап қалған Шара апай мені ымдап, оңаша шақырып алып: «Гүлбараш, сен қызықсың ба, барса – барсын. Нең кетеді. Келесі жолы сен барасың. Алтындай мына екі аппақ қыз бен сен тұрғанда бұл қайда ұзар дейсің. Ұсақ болма. Титтей нәрсе үшін араларың ашылады. Сөйт!» деді. Басылдым. Сөзі көңіліме қонды. Кейбір жеңгелерім де: «Майда-шүйдеге мән берме. Ең алдымен үй мен бала-шағаны ұстайтын – Әйел, Ана. Сондықтан, кішкене ұстамды болған жөн» дейтін. Келе-келе түсіндік қой көп жағдайды. Ұрыс-керісті азайттық. Анығында, Мүсекең өте әділетті, адал адам болатын. Мінезі қолайлы. Бетімнен қағып көрген емес. Ал әлгіндей әңгімелерді шығаратын көбіне мен едім…
Гүлбараш Ізбасқанқызы – орыс тілі мен әдебиетінің маманы. Сол себептен де әлем әдебиеті тарихын жақсы біледі; оның ішінде әйгілі ақын-жазушылардың қызықты отбасылық өмірлерінен хабардар. Бәлкім, осыған да байланысты болар, кезінде Гүлекең құрастырған «Мүсілім Базарбаев туралы естеліктер» жинағы өте тартымды шыққан-ды. Сондай-ақ Гүлбараш Байтоғаеваның бертінде жарық көрген «Біз және біздің замандастар» кітабы да оқырманын шынайылығымен, бүкпесіздігімен баураған. Мұнда Базарбаевтар үйелменінің әр тұстардағы қазақтың айтулы тұлғаларымен ара-қатынасы баяндалады. Жалпы, қарап отырсақ, Мүсілім өмірінде көбінесе атақты Мұхтар Әуезовтің айрықша орын алғанын байқаймыз.
– Мұхаң Мүсілімді өзіне өте жақын ұстады. Жиі шақыратын. Түрлі тапсырмаларын беріп жатады. Ғылыми мақалалар жаздырады. Фрунзе, Ташкент, Мәскеуде өтіп жататын конференцияларға да бірге алып барып жүрді. Бірде сен ендігіде үйге Гүлбарашты қоса ертіп кел деген екен. Алғаш рет қазақтың кіл ығай-сығайымен табақтас болудың сәті түскені бар. Бір мезгілде Мұхтар аға мені тұрғызып: «Кәне, Гүлбараш, ендігі сөзді сен айт! Алдыда қорғағалы жүрген диссертацияңа дайындық болсын. Мына отырған академиктер мен жазушылардың алдында жасқанбай бір көсіл!» дегені. Күтпеген жерден не дерімді білмей тізем дірілдеп бір мезет тұрып қалдым да, Мұхаңның қызы Ләйланың тұрмысқа шығып, осы үйде жолдасымен бірге тұрып жатқаны есіме түсті. Сосын: «Бұл тосты үлкен шаңырақтағы шағын отаудың бақыты үшін көтерулеріңізді өтінемін!» дедім. Меймандар да, Мұхаң да дуылдап мәз болып қалды. Мұхтар аға: «Сенің қысылтаяңда жол тауып кететін алғырлығыңды білем ғой!» деп арқамнан қағып жатыр.
Елдік мүддені көбірек діттеген Мұхтар Әуезовтің қазақ қоғамындағы Әйел рөліне зор мән бергені мәлім.
– Мұхаңның, әсіресе, үлкен халықтық мұраттар бағытында Қазақ қызы атқаратын міндеттерге жіті қарағанын келе-келе пайымдадым. Бұ кісінің үйіне екінші мәрте 1960 жылы жазушы ұзақ бір жолсапардан келгенде бардық-ау деймін. Со жолы Жапон елінің әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы туралы толғанғаны есімде. Көбінесе, жапон әйелдері жөнінде әңгімелеп, олардың, расында да, әлем танығанындай, аса инабатты, нәзік, әдепті болып саналатыны орынды екеніне тоқталды. Бірақ Мұхаңның, сөйте тұра, бұлар бәрібір Еуропаға да, басқа да құрылық елдеріне онша таныс емес қазақ әйеліне ешбір жете алмайды; қазақ қыздары олардан қай жағынан да асып түседі дегенін ұмытпаппын. Мұхтар аға сөзінің шындығына 1982 жылы Жапонияға барғанымда көзім жетті. Жапон қыздары біздің аруларға қарағанда майда келеді екен. Араларынан қазақ қыздары секілді сүмбіл шашы иығынан төгіліп, маңдайлары жарқырап, көздері жайнап тұратын сұңғақ бойлы сұлуларды көре алмадым…
Басты мәселенің, әрине, тек сырт келбетте ғана емес екені де түсінікті. Сол себептен Мұхаң ең алдымен ұл-қыздардың моральдық-адамгершілік тұрғыда биіктен көрініп, ақыл-парасаты мол, білімді болуына ден қойған.
– Иә, дана ағамыз ару аналарымыздың батырлар мен билердің асыл жары, ақылгөйі ғана болып қоймай, олармен бірге жауға шауып, ел намысын қорғағанын мақтана әңгімелеуші еді. Ұлттың озық қасиеттері қанына сіңген қазақ сұлуларының әр алуан тұрмыстық жәйттерді де, кез келген тілді де тез меңгеріп кететіні бағытында көптеген мысалдар келтіретін. Жастау кезінде Ленинградта оқып жүргенде бір жолдасының ауылдан келген келіншегі жылға жетпей жан-жақты өсіп-жетіліп, өзін-өзі ұстау, киім кию тұрғысында нағыз «леди» болып шыққанын айтып тамсанғаны бар. Қазақ халқы басқа Шығыс елдеріне қарағанда қыз балаларын аса қадірлеп, еркін өсірген деп отырушы еді. Ерлермен қатар найза ұстаған өжет қыздарды тек тарихтан ғана білсек, енді сондай ерлік үлгісін көрсеткен Мәншүк пен Әлиядай қыздар Шығыстың қай елінде бар, айтыңдаршы кәне, деп шабыттанатын. Сондай-ақ қазақ бойжеткен қыздарын тек өз теңіне, сүйгеніне қосқан; ал кейіннен пайда болған қалыңмал деген дәстүр, негізінен, қазаққа тән емес дейтін-ді.
Мұхтар Әуезов Гүлбараш Ізбасқанқызының да өміріне айтарлықтай ықпал еткен көрінеді. Гүлбарашты да қызындай көріп, әр кез ақыл-кеңес беріп отырған.
– 1959 жылы КазГУ-де жұмыс істеп жүріп, кандидаттық диссертациямды қорғадым. Бір күні Мұхтар аға ұшырасып қалды да, хал-жағдай сұраған соң: «Негізі, бұл жерде сенен басқа да оқытушылар баршылық қой. Сенің нағыз орның – Қыздар Педагогикалық институты. Мені тыңдасаң, сонда бар. Апаға қарап сіңлі өсер дегендей, ауылдан келген қазақ қыздарын жоғары мәдениеттілікке, зайырлылыққа тәрбиелеу керек. Оларға дәл сендей ұстаздар қажет. Мен қоғамдық негізде өзім-ақ барып сабақ берер едім. Әттең, уақытым тапшы!» деді. Дәл сол сәт кемеңгер ғалым сөзінің мәнін терең ұқпасам да, ұстаз аманатын екі етпей, келесі оқу жылында ЖенПИ-ге ауыстым. Әуелден университетте өз кафедрасына таңдап алған Семен Махмудов менің кеткелі жатқанымды естіп: «Ой, сенің басың жұмыс істемейді екен ғой, – деп қатты налыды. – Есі түзу адам КазГУ-ді тастап ЖенПИ-ге бара ма?!». Ешбір ренішке көңіл аударғам жоқ. Ал Мұхаң ақылының дұрыстығын арада біраз жыл өткенде барып түсіне бастағандай болдым. Өзімнен дәріс алған жүздеген қыздың: «Біз сізге қарап бойымызды да, ойымызды да түзедік» деген сөзін естіген сәтте «е-е, солай екен-ау!» деп іштей қатты толқығаным бар.
«Отбасы – шағын мемлекет» десек, Мұхтар аға, расында да, қастерлі елдік мүдделердің әрбір ошақ жарасымынан, қыз тәрбиесінен басталатынын жақсы түйсінген. Бұл тұрғыда зиялылардың, оның ішінде ақын-жазушылардың әйелдері атқаратын міндет жеңіл емес. Мұндай ретте алдыңғы лектегі қаламгерлердің қайсының зайыбын үлгі тұтуға болар еді? Сөз арасында Гүлекеңнен осыны сұрадық.
– Алаш арыстарын немесе әйгілі алыптар тобының қай-қайсын алсаңыз да, олардың сүйген жарларының биік тұлғалар екенін аңдайсыз. Мұндайда алдымен кешегі Сәбит Мұқанов ақсақалдың үйіндегі Мәриям апай еске түседі. Керемет бәйбіше. Көсем десе артық емес. Күйеуімен бірге жүріп, бірге тұрған. Одан соң Ғабеңнің алғашқы қосағы Хұсни апайдың әсері де өте жағымды еді. Кескін-келбеті де ерекше. Бұ кісімен көп араласудың сәті түспеді. Дегенмен, ер-азаматын күтуі, дастархан ұстауы жағынан өнеге тұттық. Мәриям апайдың «Киімді иіс су сеуіп өтектеуді Хұснидан көрдім!» деп жазғаны да бар. Ғабит ағаның атақты «Ұлпан» романының жазылуында кейінгі әйелі Ғазиза апай көп еңбек сіңірген деп естиміз. О кезде Ғабеңнің көзі нашарлаған тұс. Ғазекең туралы кейінде әртүрлі сөздер айтылады, бірақ Ғабеңді баладай күткені анық. Бұ кісінің қалт еткенде жазушының екінші зайыбы Раисадан туған жас қыздарын шомылдырып жататынын да байқап, ішім жылитын еді. Ақын-жазушыға жар болу оңай емес. Олардың әрқайсысы бір-бір әлем. Жан дүниесінде қаншама кереғар құбылыстар сапырылысып жатады. Еркіндікке құмар. Атағы дүркіреген кейбір қаламгер ағаларымыздың әйелдері: «Ойбай, мұның көрсетпегені аз ғой. Жасыратыны не. Мынау бертінде ғана адам болған түрі!» деп ағынан жарылғанын білемін. Қазақ арасында жұбайларының абыройын асырған небір аяулы жарлар бар. Жұбан Молдағалиевтың Софиясы, Ғафудың Бәдеші сияқты әйелдер сондай асылдар қатарына қосылады.
Қаламынан елдік мұраттарға қатысты талай сүбелі кітаптар туған Мүсілім Базарбаев та Мұхтар ағасы секілді өз маңайына көкейі сәулелі жастарды шоғырландырған кісі. Бүгінде Мүсекеңнің үміт күткен біраз шәкірті халық келешегі бағытында лайықты тер төгіп, биіктен көрініп жүр. Мүсілім өзінің көз қарашығындай екі қызын да жастайларынан ат спортына, мылтық ату өнеріне баулып, ғылым-білімге бейімдеген екен. Жаннат қазір – ірі биолог ғалым, профессор. Зейнеп – тілдер маманы. Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті.
– Мүсекеңнің күтпеген жерден кетіп қалғаны әлі қамықтырады. Сол жолы Солженицын дегеннің Қазақ елінің батыс, солтүстік облыстарын түгелдей Ресей құрамына беру туралы сандырақ сөзі халықпен бірге Мүсілімді де қатты күйіндірді. Осыған орай қазақ зиялыларының алқалы жиыны өтіп, қызу сөз сөйлеген оған жиналыс атынан арандатушыға қарсы хат жазу тапсырылыпты. Өте намысқой, керемет ұлтшыл адам еді ғой. Жиыннан келген соң «мұндай да басыну болады екен-ау!» деп аласапыран күйге түсіп, түннің бір уағына дейін отырып «Комсомольская правда» газетіне мақала жазды. Өрт сөндіргендей түрін көріп, іштей шошынған едім. Айтқандай-ақ, таңертеңіне инфаркт болды. Амал не…
(Құлтөлеу Мұқаш. «Жас қазақ». 2016. 28-қазан)