Жортқанда жолың болсын, ақ жол Аружан..!
Аружан ҚУАНДЫҚ, 1999 жылғы 26 шілдеде Жезқазған қаласында туған. 2006 жылы 1-сыныпқа Жезқазған қаласының № 1 –ші қазақ Орта мектебіне барған. 2009 жылы отбасы Астанаға көшіп келіп, № 56 қазақ мектеп лицейінде оқуын жалғастырып, 2017 жылы «Алтын белгі» иегері болып мектепті бітіріп отыр.
Бірінші сыныптан бастап тек өте жақсы деген бағамен оқыды. Сыныптың старостасы болды 10 сыныпқа дейін, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысқан.
Кішкентайынан би өнеріне бейім болды. Жезқазған қаласында «Мақпал» би ансамблінің солисі болды. Астана қаласында бірнеше би байқауларына қатысқан. «Шаттық» байқауында жеке бишілер жарысында 3-ші орын алған, топпен 2-і орын иеленген. Сонымен қатар Санкт-Петерберг қаласында өткен «Салют талантов» байқауында топпен 2-орын иеленген. Академик Әлікей Марғұлан атындағы жыл сайын өтетін ғылыми-практикалық конференцияные бірнеше рет қатысқан.Аружан журналист мамандығын өзіне 9 сыныптан бастап таңдап, шешіп қойған. Мақалалар жазып, олары бірнеше газеттерде басылған.Әкесі Жасұлан мен анасы Шырын да мектепті медальмен, институттарын қызыл дипломмен бітірген азаматтар.
Бізде Аружанды құттықтап болашағы жарқын болып мұрат мақсатарына жетсін деп, ақ жол тілеп, назарларыңызға мақалаларын беріп отырмыз:
Елін сүйген, елі сүйген Елбасы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев — елдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, тарихи маңызы бар батыл қадамдар жасау арқылы аты аңызға айналған дара жан. АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама көшбасшымыз туралы былай деген болатын : «Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді. Мен Қазақстанға Ауғанстандағы тұрақтылық пен қалпына келтіру ісіндегі ұстанымы үшін ризашылығымды білдіремін және мен Сіздің ұлтаралық және діни төзімділікті ілгерілету жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын». Әлемдік сахнада өзінің ерекше орнын ойып алған Америка Құрама Штаттарының президенті болған Б.Обаманың айтқан бұл сөзінен елбасымыздың лидерлік, дипломаттық, отансүйгіштік қасиеттері халқымызға ғана емес, сонымен қатар шет ел азаматтарына да үлгі екендігін аңғаруға болады. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің таң қаларлық еңбекқорлығының арқасында талай жетістіктерге жеткен, 25 жыл бойы күнен-күнге даму үстіндегі егеменді Қазақстанда елдің бағыт-бағдар берер көшбасшысы болып саналады. Мен үшін, Елбасымыздың бұл қайсарлығы, табандылығы әрбір адамның биік шыңдарды бағындыра алатынына тамаша мысал бола ала алады. Ол үшін тек елін, жерін сүю аз, әр адам «Мен елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» деген ізденісте болып, дегеніне жету жолында талмай еңбектенуге тиіс.
Елбасымыз қашанда елімізді тығырықтан шығаруға жол іздеп, болашаққа жоспар құрып, елдің қамын ойлаумен түн ұйқысын төрт бөлген, нағыз елін сүйген жан екендігі бәрімізге де мәлім. Егеменді Қазақстанымызды қай тұрғыдан болсын, алдыңғы қатарлардан көрсету мақсатында қабылдаған батыл шешімдерінің бірі – биылғы жылдың қараша айынан бастап халықтың назарында болған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жолдауы. Елбасымыз бұдан да ертерек кездерде жария еткен «Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев», «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» сияқты жолдаулары республикамыздың өркендеуіне негізделген іс-шаралар еді. Биылғы «Нұрлы жол» жолдауындағы басты өзекті мәселе — жаңа экономикалық саясатқа көшу. Н.Ә.Назарбаев ел экономикасының өсіміне әсер ететін салаларды қолдау керектігін баса айтты.
«Ең бірінші байлық — денсаулық» демекші, адам әрдайым өзінің он екі мүшесінің саулығын ойлаумен жүреді. Осы орайда Нұр ағамыз да жұртшылықтың денсаулығына ерекше көңіл бөліп келеді. Жуырда шыққан жолдау барысында да бұл мәселе оның назарынан тыс қалмады. Оған дәлел — Елбасымыздың қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін жеткізу, медициналық туризмді дамытып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары жалғасатынына кепіл беруі.
Сонымен қатар, бұл «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін айқындап, келешектің кемел болуында жасөспірімнің рөлі ерекше екендігін атап өткен еді. Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін сапалы білім, саналы тәрбиесі бар ұлтшыл жастар ғана бар белестерді бағындыра алатыны баршамызға белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен құрал-жабдықтарды енгізу, білім сапасын арттыру еліміздің қарыштауына үлкен үлес қосады деген сенімде. Сонымен қатар ол балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы мәселелерді шешу жолында да қосымша 20 млрд көлеміндегі қаражат бөлінетінін айтты. Осы аталған тарихи маңызы бар шешімдер еліміздегі білімді жастар мен мамандардың санын арттыру мақсатындағы керемет нәтижелерді көрсететін істің дұрыс бастамасы болмақ.
Менің ойымша, бұл жаңа бағдарламаның мазмұны ғана емес, тіпті атауының өзінде де терең ой, мән жатыр. Өзіңіз ойлап көріңіз, «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол». Бұл сөйлемдегі ерекше екпінмен айтқым келіп тұрғаны- «Нұрлы жол» тіркесі. Мен елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты халқымызды аяғына тік тұрғызып, бәрін басынан бастауға мүмкіндік берген табиғаты ерекше тылсым күш деп білемін. Тіпті, қазіргі шүкіршілік етіп отырған жағдайымызға жеткізген, қараңғы түнектен жол сілтеп, бағыт- бағдар берген, әлі күнге дейін беріп келе жатқан Нұр сәулесі десем, қателеспеймін. Мен де Нұрсұлтан ағамыз секілді жарық, жан-жағына жылуын төгетін нұрдың азғантай ғана сәулесі болғым келеді. Бәлкім, мен де басқаларға дұрыс бағдар бере білетін, болашаққа бастау бола алатын, жарығын шашуға дайын Нұр болармын
Тәуелсіздік – тұғырым!
«Мен — Тәуелсіз елдің, кең байтақ Қазақстанның ұланымын!», — деп жар салып, мақтанышпен айтамын. Мен елімді, жерімді, атамекенімді, Отанымды сүйемін. Биыл менің Тәуелсіз елім үлкен қуаныш үстінде. Ата-бабам аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеніне — 25 жыл. Осы жылдар ішінде егеменді еліміздің қадамы қарыштап дамып, биікке ұмытылуда.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан — әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Европаны мойындата білген рухы биік қайсар елдің мекені. Мен- сол өркениетке қадам басқан тәуелсіз елдің білімді ұрпағымын. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы, оның ертеңгі күні , одан әрі дамып, өсіп-өркендеуі – білімді де тәрбиелі ұрпағының қолында. Елбасы әр Жолдауында республика жастарына үлкен сенім білдіріп, үміт арта сөйлейді. «Тәуелсіз елдің болашағы-білімді ұрпақ!» деп жастарға ойлы салмақ тастайды…
Еліміз егемендік алып береке-бірліктің, ынтымақты тірліктің арқасында барлық қиындықты артқа тастады. Ғылым мен білімді дамытып, әлемдік өркениеттің көшінен қалмай білім кеңістігінің қалыптасуын Елбасымыз үнемі назарда ұстап отырды. Қазақстан жастарына мектеп қабырғасында жүріп терең білім алуға мүмкіндіктер ертегідегідей күн сайын, сағат сайын жасалды, әлі де жасалып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық құралдармен, компьютермен толық жабдықталған жаңа мектептер, түрлі лицей-гимназиялар, тереңдетіліп оқытуға арналған бағдарлы мектептер, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ашылуда. Оқушылар жаңашылдықпен, шығармашылықпен жарқыраған сәулетті мектептерде әлемдік деңгейде алаңсыз білім алуда. Бұл – тәуелсіздіктің ұрпағына жасаған ең жоғары жемісі. Бұл күнде дарынды, талантты балалардың қатары көбейіп келеді. Әр түрлі білім байқауларында, түрлі сайыстарда, интеллектуальдық олимпиада жарыстарында, ғылыми жобалар байқауларында дарынды оқушылар жүлделі орындарға ие болуда. Үш тілді меңгеруде де қазақ жастары алдына жан салмайды деп айтуға болады. Қазақ тілін-мемлекеттік тіл, орыс тілін – қарым-қатынас тілі, ағылшын тілін-жаhандану тілі деп үш тілді меңгеруге талпынып, үйреніп жатырмыз. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөз бар емес пе? Даналарымыз да бірнеше тілді білген данышпан, ғұламалар емес пе?
Егеменді елімізде мектептің жаңа адам тәрбиелеудегі орны да өзгеше. Мектеп жас ұрпақты жас кезінен бастап адамгершіліктің алғашқы нышандарына тәрбиелеп, әр адам оны бойына сіңіріп, есейіп кеткенде де жетілдіріп, толықтырып отырады. Қазақ халқы ұрпағымен мың жасайды!
Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз тыныш, бейбіт өмірде болуын бала жүрегіммен тілеймін. Білікті ұстаздарымыздың арқасында Қазақстан білім мен тәрбиенің Меккесіне айналады деп үміттенемін.. Қазақстанның білім мен тәрбие алған шәкірттері төрткүл дүниеде қазақтың оң имиджін қалыптастырады деп сендіремін. Тәуелсіз Қазақстаным білімді де өнегелі ұрпағымен әлемді таң қалдырады деп нық сеніммен айта аламын. Білімді болайық, жастар!