АРЫС: 55 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНҒА 100 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛЕДІ
Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 2019 жылғы 29 маусымда арыстықтарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы беру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұрған мәселе. Осы тапсырмаға сәйкес бірінші кезекте 55 602 тұрғынға (Арыс қаласы – 44 994 адам, Ақдала ауыл округі –4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі – 4 232 адам, Дермене ауыл округі – 2 052 адам) 100 мың теңгеден жалпы 5,6 млрд.теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде.
Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер жинақтауда.
2019 жылдың 9 шілдесіндегі сағат 17:00-дегі жинақталған ақпарат бойынша 58 207 тұрғыннан құжаттар жинақталып, жалпы тіркелген тұрғынның 104,7 пайызын құрады.
Аталған бағытта тиісті жұмыстар жалғасып, бекітілген мамандар келмеген тұрғындар бойынша мекенжайларына барып хабарлауда.
Төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бағытталған бұл төлемақы екі-үш апта көлемінде төленеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі