«АРЫС МИНЕРАЛДЫ СУ» КӘСІПОРНЫ СОЛТҮСТІККЕ 10 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ
Су тасқыны салдарынан еліміздің 10 өңірінде жарияланған төтенше жағдай бүгінгі күні барша қазақстандықтардың бірлігін көрсетті. Мемлекет тарапынан берілетін көмектен бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен ерікті азаматтарымыз қолдарынан келген көмегін аянбай жатыр.
Осы орайда, Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС-нің басшысы, қайырымды істерімен сыйлы азамат Руслан Полатханұлы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға, дәлірек айтсақ Солтүстік Қазақстан облысына 10 тонна минералды ауыз су жіберді.
«Ел басына ауыр күн туғанда мүмкіндігінше көмек беру әрбір азаматтың парызы деп білеміз. Бұл күндер артта қалып, еліміз аман болсын!» дейді кәсіпкерлер.
Қайырымды іске бір кісіше жұмылған арыстық басқа да кәсіпкерлер үн қосып, жол шығындарын өз мойындарына алған.
Айта кетейік, бұған дейін арыстықтар тасқын судан зардап шеккен батыс еліне 10 тоннаға жуық көмек керуенін жолдады. Оның ішінде, ерте бұзылмайтын азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын және гигеналық заттар бар.
Сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған өңір тұрғындарына көмек қолын созамын деген волонтерлер мен Арыс тұрғындары үшін қалалық волонтерлі штабы сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында гигиеналық заттар мен азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты халыққа қажет заттарды Арыс қаласы, Әділбек би көшесі, №1 үйде (Арыс-1 вокзалына қарама-қарсы) орналасқан қабылдау пунктіне өткізуге болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі