“Бұл кінәлі жағдай емес. Бұл табиғи нәрсе. Арсеналдың өзіндік қауіптері болады. Сондықтын әзірше кешірім сұрайтын жағдай көріп тұрған жоқпын”, — деді ҚР Қорғаныс министр Н.Ермекбаев.
Арыс оқиғасы елдің үрейін ұшырған жаңалық болып тарихта қалары сөзсіз! …Сол күнгі тыныштығын айқай-сүргін, ию-қю, у-шу болып үдіре көшкен халық бұзды. Жылаған бала, шошына қашқан ағайынның кейпі жүректі мұңға орады. Арыс қаласындағы әскери қару-жарақ қоймасындағы жарылысты алғаш көргенде тұтқиылдан жау тиіп, бейне қаланы бомбалап, ел үдіре көшіп жатқандай әсерге бөлегенін жасырмайық.
«Астана көшесінде шерулеткен адамдардың лаңы аз болғандай, мынау қандай сынақ тағы» деген сөздерді де құлағымыз шалды. «Мал-жаның аман ба?» дейтін қазақ, қиналған сәтте жанын сауға етіп, малын тастап кете барды… Иесіз мал қалды. Қараусыз отау қалды. Баласын іздеп аңыраған аналарды көрдік. Ұлын іздеп жамыраған әкелерді көрдік. «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деген осы екенін ұқтық. Үй-жайын тастап қашқан жұрт «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» еске салды. «Қайғыны көрмей, қуаныштың ләззатын сезінбейсің» деген тәмсілдің де шындығына көз жеткіздік…Бейбіт заманда ауласында снаряд жарылып, көшесін автоматтың оқтары «кезіп жүрсе», ондай жұрттың билікке деген сеніміне селкеу, үмітіне қаяу түспесіне кім кепіл?! Қара басын күйттеген базбіреулердің, ақша үшін отанын да сатып жіберуге деген талпынысы — осы Арыс оқиғасының орын алуына себеп емес пе деген күдік бар халықта. Өйткені адам тағдырына бейғам қарау, қай қоғамда болмасын кешірілмес күнә саналады. Ұлтына ұрда-жық істерімен танылған талай көсемнің артында қарғыс пен лағынет қалған. Оның беті әрман болсын! Келешектен үміті бар біздің билік осы жағына басты назар аударып, қаны бір қандасының ауырған жүрегінің тынышталуын, келешекте ұйқысынан шошып оянбауын қамтамасыз етсе жарады. Әйтпесе, көңілі бір қалса, ағысқа қарсы жүзетін арда қазақтың ашуымен ойнау, намысын қайрау кішкентай нәрестенің қоламтадағы шоқпен ойнауындай кіді мәселе.
Соңғы уақытта халықтың бейбіт шеруге шығуға деген талпынысы құптай қоярлық іргелі іс емес. Дүрлігіп жүріп дүбәрә болып, кім көрінгенге жем болған халықтар көп. Солардың кебін киіп қалмасақ дейміз. Халық неге ашынады? Әділетсіздікке ашынады. Елге тірек болады деген азаматтардың екі жүзділігіне ашынады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген аталы сөзге мойынсұнбағандардың іс-әрекетіне ашынады!
Арыс қаласында болған оқиға ел мен жұртқа деген немқұрайлылықтың жемісі ме деп күйінеді қалың қазақ! Өйткені бір емес, бірнеше рет Арыстағы әскери нысанда жарылыс тіркелген. Бірақ дүйім-жұрттың талап-тілегі ағынды судай ағып кеткен. Бұдан асқан сорақылық болар ма?
2009 жылдың наурызында қаладан екі шақырым жерде орналасқан, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімше жанындағы ғылыми-өндірістік бірлестік қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Ол жолы төрт адам қаза тауып, 16 адам жараланған. Арыс гарнизоны әскери қалашығының тұрғындары көшіріліп, төтенше оқиғаның салдарымен күресуге 100 миллион теңге жұмсалған.
2014 жылы Арыста «ҚазақЖарылысӨндіріс» кәсіпорнында жарылыс болып, екі жұмысшы мерт болып, бір адам жараланған.
2015 жылы қару-жарақты жою кезінде болған жарылыстан бір адам қаза тапқан.
Енді міне 2019 жылы ресми дерекке сүйенсек, Арыстағы жағдайды зерттеумен қазір Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы айналысып жатыр. Оқиға себептері әлі айтылған жоқ. Билік жарылыс кезінде Арыс қаласының тұрғыны мен екі әскери қызметкер, жалпы үш адам қаза тапқанын мәлімдеді. Маусымның 28-і күнгі дерек бойынша, тоғыз адам, оның ішінде төрт бала жансақтау бөліміне түскен. Ауруханада 60 адам жатыр.
Ал бұл жолы билік қаланы қалпына келтіруге қанша қаржы жұмсайтыны әлі белгісіз. «Апат айтып келмейді» дейін десең, апатты өзіміз қолдап жасап отырғанымыз жан сыздатады. Ойламаған жерден келген апат дейін десең, бұған дейін 3-4 рет қару-жарақ қоймасы жарылыпты. Одан шыққан қорытынды жоқ.
Күні өткен қаруға
«кіндіктен байланған» ел екенбіз
Қазақстан Қорғаныс министрлігі Азаттық тілшісіне бұған дейін қойманы қаладан аулақ жерге көшіруге қаржы тапшылығы қолбайлау боп келгенін айтыпты. Министрлік өкілдерінің сөздеріне сенсек, қаржы тапшылығына қа-рамастан, қаладан 200 метр жерде сақталған қару-жарақты басқа жерге көшіру 2005 жылдан басталыпты. Бірақ жеткен жеріміз осы болып тұр.
— Біз қала мен қойманың арақашықтығы он километр болсын деген ұсыныс жасап, бірнеше рет құжат тапсырдық. Бірақ ол үшін сол жерге орнығып қалған адамдарды басқа жаққа көшіру керек болады, сондықтан қойманың орнын ауыстыратын болдық. Қаржы жетіңкіремей қалғандықтан бүкіл қойманы көшіріп үлгермедік, — депті Қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектанов. Сол баяғы ақталу, сол баяғы дәрменсіздік.
Алматыдағы төтенше жағдайлар органдары бөлімшелеріндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, азаматтық қорғаныс штабының бұрынғы басшысы, Совет одағы тарағаннан кейін ұлттық жедел құтқару қызметін құрушылардың бірі Амантай Малғаждаров Арыста жарылған оқ-дәрі қоймасы сияқты әскери нысандар елдімекендерден алыс орналасуы керек деп есептейді. Ол 1979 жылы совет одағы әскері Ауғанстанға кірердің алдында, сол елге жіберілетін оқ-дәріні тасымалдаған эшелондардың бірінде шыққан өртті ауыздықтауға қатысқанын айтады. Амантай Молғаджаров «қорқынышты сәтке» балаған тәжірибесін былай еске алады:
— Қару-жарақтың өртенуі — сұмдық жағдай. Қатардағы өрт сөндірушілерді жарылыстан қорғау қарастырылмаған. Бұл да өрт сөндіру жұмысын тежейді. Өрттен кейін үш тәулік бойы жарылмаған снарядтарды жинап, соңынан оларды жарғанымыз есімде.
Оның пікірінше, зерттеу бірінші кезекте өрт себебін анықтауға бағытталып, ал салалық ведомство қайғылы жағдай қайталанбауы үшін қажет шараларды қолға алуы керек. Қазір жағдайдың салдарын жоюға барынша күш салып жатыр. Бірақ мұндай қайғылы жағдайға жол бермеуге талпыныс әрдайым нәтижелі аяқтала бермейді. Мемлекеттің жарылыс салдарын жоюға жұмыс істейтін қызметкерлері мен мол мүмкіндігі бар, — деген Амантай Малғаждаров «мәселе үкіметте ғана емес, белгілі бір іс үшін жауапкершілік алған адамдарда» деп қадап айтады.
Дұрыс сөз! Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Ешкім халық алдында жауапкершіліктен қаша алмайды. Қарап отырсақ, Арыс мәселесі 2009 жылы көтерілген екен. Тұп-тура 10 жыл бұрын. Бірақ оңалып кеткен ештеңе байқалмайды. «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салардың» кебі ғой бұл! Кінәлі кім? Билік те осы мәселеге бас қатырып жатқан болар, халық та алаңдаулы. Бірақ шындықтың түбіне жету үшін Италия мафиясымен қырқысқан комиссар Катани бар ма бізде? Әлде, «Баяғы жартас бір жартас болып» жабулы қазан жабулы күйінде қала ма? Олай болса, «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, Арысқа қайтқан жұртқа бұл мекен қайырлы болса құба-құп. Қайырсыз болып, өзі қаңырап қалған үйіне әрең оралған, жүректе күдігі басым ағайынға күндердің күні болғанда, тағы бір зауалдың қара бұлты шүйіліп өтсе қайтеміз. Онда кім жауап береді? Сарапшылардың айтуынша, қару-жарақ сақталатын әскери қоймалардағы қауіпсіздік шарасы ескірген. Кез келген уақытта тоқ желісінен де от тұтанып кетуі мүмкін.
Иә, халық толқыды, билік басында отырған кейбір енжарлардың қылығына жәнеқара халықты шыбын құрлы көрмеген өктемдігіне. Тұтас бір қауым жұртты оқтың аузына байлап жібере жаздаған жауыздығына. Жеме-жемге келгенде билікке күйе жақтарып, өздері жауапкершіліктен қашқандарына.
Маусымның 27-і күні таңертең Шымкентте «Ақмешіт» алдындағы көшені жапқан Арыс тұрғындары түстен кейін қаладағы «Нұр Отан» алдына барып, даттарын айтты. Шеруді қолдауға қарсымыз, бірақ ақиқатқа жүгінуге жол ашық емес пе? Халық неге өз тағдырының қыл көпірдің үстінде тұрғанына ашынбауы керек?Басым бөлігі Арыс тұрғындарынан құралған наразы топтың басты талабы — әскери қоймадағы жарылыстан кейін ішінара бүлінген Арыс қаласынан өздерін басқа жаққа көшіру еді. Қалада радиация барын айтқан тұрғындар ол жақта демалу мүмкін емес екенін айтып, экологиясына шағымданғаны да есте. Соңғы он жылда бірнеше рет жарылыс болғанын айтқан арыстықтар «жарылыстың тағы болмасына ешкім кепілдік бере алмайды» деген сөздеріне жазықты емес.
Қару-жарақ қоймасынан кім пайда көріп отыр?
Олай болса, Арыс қаласында қауіп жоқ деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзіне кім сенеді? Радиация жоқ дегені қай сасқаны? «Арыста ешқандай радиация жоқ. Сіздерге (Арыстан) үй салып береді. Оны сатасыздар ма, жоқ па — сосын өздеріңіз шешесіздер, — деді облыс әкімі.
Жарайды, делік. Бірақ бомба жарылған, оқтар ұшқан аймақта радиация жоқ дегенге сену қиын. Қаншама химиялық қоспалар мен күкірттер ауаға көтерілген жерде, «таза ауаның самалы есіп тұрады» деген қисынға да келмейтін дүние ғой. Сіріңкені тұтатсаң да оның түтіні қолқаны қабады емес пе? Оның қасында жарылыс болған қойманың зардабы… Жарайды мұнысарапшыларға қалдырайық…
2009 жылы Арыстағы жарылыс кезінде 3 адам қаза тауып, 17 адам жараланған. Бұл дәл кешегідей шу туғызбаған секілді болып көрінер. Себебі, ол кезде екінің бірі интернет желісінде отырмайтын. Қолдарында заман талабына сай келетін смартфон жоқтың қасы еді. Дегенмен ел құлақтанды. Алайда бей-жайлық, бәлкім билік тарапынан жылы жауап қою белең алды?
Қалай десек те, Арыс қаласындағы мәселенің ушығуына өз кезегінде Қорғаныс министрі болғандар жауапты. Атап айтсақ, осы уақыт аралығында ҚР Қорғаныс министрлігін басқарған жандар:
Даниал Ахметов — 10 қаңтар
2007 — 17 маусым 2009
Әділбек Жақсыбеков — 24 маусым
2009 — 2 сәуір 2014
Серік Ахметов — 3 сәуір
2014 — 22 қазан 2014
Иманғали Тасмағамбетов — 22 қазан
2014 — 13 қыркүйек 2016
Сәкен Жасұзақов — 13 қыркүйек
2016 — 7 тамыз 2018
Нұрлан Ермекбаев — 7 тамыз
2018 ден қазіргі күнге дейін.
Бұл министрлер қалың қазақтың тағдырына осыншама жеңіл қарады деп айып тағу бәлкім артық болар. Бірақ қауіптің бар екенін ескертіп, Парламентте заң қабылдатуға, қару-жарақ қоймасын елден жырақ әкетуге не кедергі болды екен, ә? Көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан «осындай орасан зор қару-жарақ қоймасы қаймана қазақ қалың шоғырланған өңірге орналасыпты. Неге? Кеңес өкіметі келмеске кеткен отыз жылда осы аждаһаны басқа жаққа көшіруге, ескірген арсеналды жоюға болар еді ғой. Неге? Қорғаныс министрлігі жыл сайын қару-жарақты көшіруге қаржы сұраған. Берілмепті. Неге? Момын қазақ бәріне көнеді деді ме? Қырылса қазақ қырылар деді ме? Сананы жаулаған сауал көп. Жауап жоқ!» деген сарындағы реніштер айтылуда. Ащы болса ада бір шындық мынау. Еліміздегі Семей полигон зардабы, Чернобыль АЭС зардаптары адам өміріне қаншама қасірет әкелгенін біле тұра, Арыс халқын тікелей әскери қару-жарақ қоймасының қасына жақын салу қазақ халқына жасалған қастандық екені көрініп тұр!
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Арыс қаласының іргесіндегі қару-жарақ қоймасында бірнеше рет қайғылы оқиғалардың орын алғаны билікке сабақ болмағаны ғана өкінішті!
Обалы нешік, 5.03.2009 жылы Арыс қаласында болып, халықтың арыз-шағымын тыңдаған сол кездегі депутат, генерал Ержан Исақұлов он жыл бұрын Парламентте Арыс проблемасын көтеріп, ол жақта қауіп-қатердің бар екенін Қорғаныс министріне депутаттық сауал қылып жолдаған екен. Сонда сөйлеген сөзі әлеуметтік желіде жүр. Мәжіліс депутаты Ержан Исақұлов палатаның жалпы отырысында оқ-дәрінің сақталуы мен кәдеге жаратылуы үшін жауап беретін лауазым иелерін мәжіліске шақыру жөнінде ұсыныс жасапты. «Арыс қаласындағы Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймаларында КСРО әскері Ауғанстаннан шығарылған кезде әкелінген сансыз көп оқ-дәрілер мен снарядтар сақталуда. Ондағыдай оқиға келешекте де қайталануы мүмкін, ондай жағдайда ауқымы мен залал-зардабы да ауыр болмақ. Сол себепті оқ-дәрінің сақталуы мен кәдеге жаратылуы үшін жауап беретін лауазым иелерін мәжіліске шақыруды ұсынамын», — депті депутат. Лауазым иелері тексеру қорытындысын жария етіп, оқыс оқиғалардың бұдан былай болмауына қандай шаралар қолданылып жатқанын хабарлауға тиіс болған…
Оқ-дәрінің зардабы мен залалы жоқ па?
Шырқыраған шындыққа билік құлақ түрсе, бүгінгі қайғылы оқиғаның алдын алған болар ма едік деген ой ғана қолдан келіп тұрғаны әзірге. Оны айтасыз, Арыс полигонының ажал төндіріп тұрғанын 2017 жылы «Қазақ үні» газеті де жазыпты. Құлақ асқан кім бар оған? Кешегі кеңес дәуірінде ел мен жерге қатысты уытты мақаланың бюрода талқыланатыны осындайда еске түседі. Неге сондай әбжілдік танытпай отыр біздің билік?! Осыған кейде ызаң келеді-ақ!..
«Арқа жылы болса, Арқар ауып несі бар» демекші, Арыс жайлы болса, іргесінде қару-жарақ қоймасы жарылмаса, елдің үрейін алмаса, Арыс жұрты үдіре көшіп несі бар? Арыстағы шетін оқиға сыртта жүрген билікке өкпелі топтардың оң жамбасына дөп келіп тұр. Олар «жығылғанға жұдырық» деп қазақ билігін табалап жатыр. Бұл көрініс өзі ашынып отырған халықтың ащы етіне тұз сепкендей әсер етуде. Халық пен биліктің арасының алшақтай беруіне, жауапсыз министрлер мен тосыннан тап беретін осындай келеңсіздіктер сына қағады… Арыс халқының да біраз толқып-толқып басылғаны сөзімізге дәлел болар… «Көп қорқытады, терең батырады» дегенге салсақ, ашынған жұрттың алапат күшке ие екенін билік мойындауы тиіс…
Келер ұрпақ жақсы мен жаманның, әділдік пен жалғандықтың аражігін ашып береріне кәміл сенеміз. Ең бастысы Арыс оқиғасы билікке сабақ бола алды ма? Қазақ «ер кезегі үшке дейін» деуші еді, ол межеден Арыс трагедиясы баяғыда асып кеткен. Қойдан жуас халықты қайта-қайта ашуландыру біреулер үшін пайданың көзі болса, билік үшін елінің амандығы тұрақтылығының айнасы болуы тиіс еді ғой… Енді қателесуге жол берілсе, тағы да саясат сайқал қақпақылға салса… артының не болатынын ойға алудың өзі қорқынышты.
Обалы қане, Мемлекет басшысы Тоқаев Арыс қаласына құстай ұшып жетті. Бұл әрине ел тізгінін ұстаған презденттің міндеті. Сөйте тұра үдіре көшкен халықты сабырға шақыруы, қастарынан табылуы абырой биігіне көтерер марапатқа лайық бастама. Келе сала төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді сұрады.
— Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші — көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін.Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс, — деді Қазақстан Президенті.
Мұның бәрін көзіміз көрді. Қиындыққа ұшыраған Арыс жұртына Қазақстан халқы, алаштың бар баласы қолындағы барын аямады. Ел екенімізді көрдік, Ұлт екенімізді сезіндік.Бауырмал екенімізді аңғардық. Өкпеге қисақ та бір-бірімізді өлімге қимайтынымызды ұғындық. Жұмылсақ — жұдырық, біріксек — алынбас қамал екеніміз байқалды. Алла Тағала осы ынтымағымызды, бірлігімізді көп көрмегей! «Күндер өтті сырғып, сағаттар өтті ырғып…» қауіптің беті сейілді. Ағайын туыс өз мекеніне өзен болып құйылды.
Арыстықтарға қалаға қайтуға билік рұқсат берді. Бірақ енді жарылыс болмайтынына УӘДЕ берді ме? Бермесе, неге қайтарды?.. Бұл да көптің көкейіндегі сауалдың бірі ғана… «Арысқа оралып жатқан тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ», — деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын да ашық мәлім етті тағы. Біз өз ойымызды жоғарыда тіптіштеп кеткендіктен, бұл мәселені қайта қаузауды жөн көрмедік. Тек қана Арысқа қайта оралған бір кісі әлеуметтік желіге: «жұмыртқасын басып жатқан тауығым да, түйетауығым да өліп қалыпты. Демек ауаның адамға залалы қаншалықты болмақ, радиация жоқ деп жатыр, оны шынымен тексерген эксперт-бақылаушы бар ма?» деген жазбасын оқыдық. Өтірік-шыны бір Аллаға ғана аян.
Нұр-Сұлтанда қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Кеңесті қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Кеңеске президент Қасым-Жомарт Тоқаев және қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қатысты. Жиында Назарбаев Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Демек ниет оң, назар дұрыс. Билік басындағы тұлғалар халыққа бәрі жақсы болады деп уәделерін үйіп төкті. “Уәде — Құдай сөзі” деген қазақ бұған имандай сеніп отыр.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, қазірден-ақ халық арасында Арыс қаласының түбіндегі әскери қойма басқа жаққа көшірілетін болыпты. Дұрыс қой… Бірақ сол арсенал қоймасын емес, қаланың өзін басқа жаққа неге көшірмеске? Құдай біледі, сол қойманы көшіру деген желеумен миллиардтаған доллар қаржы бөлінеді… Шағын бір қала салуға болатын қаржы көкке ұшқалы тұр деушілерге не айтамыз?…
Иә, қойма кеткенмен, орны қалады, қару көшірілгенмен зардабы қалады…
Қысқасы, жұрттың басындағы қайғыны пайдаланып біреулер ақша «сындырып» қалады-ау деген күдік басым халықта…
Түйін:
Арыс оқиғасы билікке сабақ болса игі
Жоғарыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арыс қаласындағы оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін комиссия құрылатынын айтқанын жеткіздік. Осы орайда менің айтпағым, «Ешкімге қажеті жоқ және күмәнді Сенім комиссиясының орынына Арыс апатын тексеру жөніндегі қоғамдық комиссия құруды ұсынамын. Алапат жарылыстың себебі мен салдарын ғана емес, осы трагедияға байланысты қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер жөнінде ел ішіне тарап жатқан қаңқу хабарлардың да анық-қанығын қоғамдық комиссия тексеруі тиіс. Тексеру біткенше, «жалған ақпарат тарату» статья бойынша қозғалған барлық қылмыстық істерді тоқтата тұру қажет. Алдымен мән-жайдың ақ-қарасын анықтап алайық», — дегім келеді. Шымкент қаласында Арыс тұрғындары билікке талап қойғанда, әлеуметтік желіде «Оңтүстік өңірінен Парламентке сайланған депутаттар қайда? Халықтың алдына молдалар емес, солар шығуы керек қой!» деген реніштерін де естідік. Халық айтса қалып айтпайды деген осы шығар!
Тағы бір қорқыныш мынау. Арыстағы жағдай ядролық отын қалдықтарын көмген жерде болмасына кепілдік бар ма? Өйткені біздің елде Ресей әуе кемелерінен түсетін қалдықтарды көметін жер көп. Мұндай жауапсыздық үшін кімді айыптаймыз кейін?
Мақаламның түйінін белгілі жазушы Дулат Исабековтың:
«Арыс оқиғасы – үлкен қылмыстық жауапсыздық»деген жазбасымен аяқтауды жөн көрдім.
«Менің балалық шағымның барлығы осы жерде өтті. Кеңес үкіметі кезінде бұл қару-жарақ қоймасы үлкен қоршауда болып, адам аяғы баспайтын. Тәуелсіздіктен кейін былыққа батты. Ол жерде талай адам жұмыс істесе, екі адам ғана қайтыс болыпты дейді. Мұның өзі де ақылға қонымсыз. Ол тіпті, мүмкін емес. Егер шыны мен көпшілігі аман қалса, онда олар жұмыста болмаған деген сөз. Осындай кереғар түсініктер өте көп.
Ал енді менің ағайындарым, жерлестерім, «Құдай салды, біз көндік» демекші, бұл да бір тағдырдың тәлкегі шығар. Сендер елімізді басқарып отырған басшылардың жауапсыздығының кесірінен өздеріңнің отандарыңнан безіп кетуге мәжбүр болдыңдар. Екінші рет қайталанбаса екен. Енді өзі ештеңе де қалмады ғой деймін Арыста. Енді сабыр сақтаудан басқа амал жоқ…
Ресейдегі Кремль басшылары Қазақстанға АЭС салуға өте құштар. Олар АЭС-ті бізге неге тегін салып бергіш болып қалды? Неге олар бізді жарылқай қалды? Күндердің бір күнінде ол АЭС Чернобыль апаты сияқты жарылса, онда жарты Қазақстанда тіршілік тоқтайды. Өйткені, бізде бұл саланың мамандары жоқ.
АЭС салуды тоқтатуға осы Арыстағы апат себепші болады деп үміттенемін. Мүмкін бұл бізге Жаратушы иеміздің АЭС-тен сақтаныңдар деген ескертпесі шығар».
Сәуле Мешітбайқызы