АРЫС ТРАГЕДИЯСЫ. ДӘРМЕНСІЗДІК ПЕН ӘЛСІЗДІК….

Қазір барлық назар Арыс қаласына ауып тұр. Маусымның 24-і күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, бірнеше адам қаза тауып, көптеген адам зардап шекті. Түркістан облысы әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан ондаған мың адам эвакуацияланды. Әлі де іздестіру шаралар жалғастырылуда.
Көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан «осындай орасан зор қару-жарақ қоймасы қаймана қазақ қалың шоғырланған өңірге орналасыпты. Неге? Кеңес өкіметі келмеске кеткен отыз жылда осы аждаһаны басқа жаққа көшіруге, ескірген арсеналды жоюға болар еді ғой. Неге? Қорғаныс министрлігі жыл сайын қару-жарақты көшіруге қаржы сұраған. Берілмепті. Неге? Момын қазақ бәріне көнеді деді ме? Қырылса қазақ қырылар деді ме? Сананы жаулаған сауал көп. Жауап жоқ!» деген сарындағы реніштер айтылуда.

 

Әсіресе Парламент секілді құзырлы органдағы депутаттардың тап оқиға орын алған күні атқарушы билікке қатаң ескерту жасап, депутаттық сауал жолдауға уақыт таппағандары үшін бұқара халықтың өкпесі қара қазандай. Баз біреулер депутаттарды еңбек демалысын да жүр ғой, мазасын алмайық деп түйреп жатыр.
Мұндай да қазақ «Жау кеткесін қылышыңды тезекке шап» деген. Қазір елдің амандығынан артық тілейтін ештеңе жоқ. Бұл да Арыстағы ағайынға Алла Тағаланың жіберген бір сынағы болар.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Арыс қаласының іргесіндегі қару-жарақ қоймасында бірнеше рет қайғылы оқиғалардың орын алғаны билікке сабақ болмағаны ғана өкінішті!


Обалы нешік, 5.03. 2009 жылы Арыс қаласында болып, халықтың арыз-шағымын тыңдаған сол кездегі депутат, генерал Ержан Исақұлов он жыл бұрын Парламентте Арыс проблемасын көтеріп, ол жақта қауіп-қатердің бар екенін Қорғаныс министріне депутаттық сауал қылып жолдаған екен. Сонда сөйлеген сөзі әлеуметтік желі де жүр. Мәжіліс депутаты Ержан Исақұлов палатаның жалпы отырысында оқ-дәрінің сақталуы мен кәдеге жаратылуы үшін жауап беретін лауазым иелерін мәжіліске шақыру жөнінде ұсыныс жасапты. «Арыс қаласындағы Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймаларында КСРО әскері Ауғанстаннан шығарылған кезде әкелінген сансыз көп оқ-дәрілер мен снарядтар сақталуда. Ондағыдай оқиға келешекте де қайталануы мүмкін, ондай жағдайда ауқымы мен залал-зардабы да ауыр болмақ. Сол себепті оқ–дәрінің сақталуы мен кәдеге жаратылуы үшін жауап беретін лауазым иелерін мәжіліске шақыруды ұсынамын», — депті депутат. Лауазым иелері тексеру қорытындысын жария етіп, оқыс оқиғалардың бұдан былай болмауына қандай шаралар қолданылып жатқанын хабарлауға тиіс болған…
Шырқыраған шындыққа билік құлақ түрсе, бүгінгі қайғылы оқиғаның алдын алған болар ма едік деген ой ғана қолдан келіп тұрғаны әзірге.

Меруерт Қазбекова, «Ақ жол» партия-сының мүшесі, депутат:
— Арыстағы жағдайды естігенде қатты алаңдап, уайымдадым. Дегенмен оңтүстік халқы бірлігі бекем ғой. Халықтың ынтымағы арқасында жағдай тұрақталып қалды.
Қандай да болмасын бейбіт күндегі жарылыс еліміз үшін үлкен қасірет. Адамдар қорыққанынан жан-жаққа жапа тармағай қашқан. Балалар ата-анасынан адасып, туыс-туған бір-бірінен ажырап қалды. Әлі де ата-анасымен табыса алмаған балалар бар екенін естіп жатырмын. Әрине, бәрі жақсы болса екен деп тілеймін.
Бұған дейін де бірнеше рет жарылыс болды. «Ақ жол» фракциясы да кезінде айтты. Қазір мемлекеттік комиссия тексеріп жатыр ғой. Зардабы қалай болады, қауіптің бетін қалай қайтару керек бәрін комиссия шешеді.
Қандай да бір сыртқы күштің әсері бар деп ойламаймын. Бірақ жемқорлық, парақорлық, ісіне мұқият маманның болмауы, әлі де болса әркім өз саласы бойынша проблеманы уақытылы шешуге қауқарсыздық танытып келе жатқаны, жауапсыздық осындай үлкен апатқа себеп болды деп ойлаймын.

Аманкелді Құрмет, белгілі журналист, сарапшы:
— Жалпы, Арыста жарылыс болғанын естігенде бірден «адамдар аман ба екен?» деген сауал көкейіме оралды. Өйткені, ондағы қойма тұтас Қазақстан Қарулы күштерін оқ-дәрімен қамтамасыз етіп тұрған әрі 1989 жылы Ауғанстаннан Кеңес әскері шығарылғанда алып келген снарядтар сақталған жер. Ондағы кез келген төтенше оқиғаның зардабы ауыр болуы мүмкін.
Ал жарылыс зардаптарын жоюға келсек, тиісті мекемелер нақты айналысып жатыр. Менің білуімше, онда жүздеген саперлар жүр. Олар жан-жаққа шашыраған оқ-дәріні жинап, қаланы тазалауы керек. Шаһардың бүлінген жерлері түзетілетіні жайлы Президент те айтты. Бірақ, адамдардың санасы мен жадында қалған жараны оңалту қиынға түсетін шығар. Кәсіби психологтар бұқарамен тығыз жұмыс істеуі қажет. Балаларды тыныш аймақтардағы демалыс лагерлеріне көбірек жіберіп, сергітіп алған дұрыс.
Мұндай оқиға қайталанбауы үшін барлық қоймалар тексеруден өтуі қажет. Арнайы комиссия-ларға әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері, азаматтық сектор мамандары, журналистер, отставкадағы офицерлер қатысқаны дұрыс болар еді. Мемлекеттік құпия саналмайтын, айталық залалсыздандыру қажет деп саналатын оқ-дәрінің көлемі ашық айтылып, инвентеризация жасалғаны дұрыс. Одан сон оларды жедел жою керек болады. Әрине, оңай жұмыс емес. Бірақ, өте маңызды іс. Екіншіден, Арыстағы қойманы басқа жаққа көшіру ісін жеделдеткен дұрыс. Қойма көшірілмесе, халықтың ұйқысы тыныш болмайды.
Оқиғаның астарында қандай да бір саяси мән немесе белгілі бір күштер тұр деп ойламаймын.

Ресейлік «Новая газета» басылымының әскери шолушысы Павел Фельгенгауэр «Арыстағы әскери қоймада ескі қару-жарақ жарылды» деп топшылайды:
— Бұл совет үкіметі заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі. Ресей қаруларды Кавказдағы, Сириядағы соғыстарда қолданды. Ал Қазақстан ешкіммен соғысқан жоқ. Сондықтан миллиондаған тонна қару-жарақ қалды. Ескі қаруды утилизация жасап жатыр. Бірақ әлі бар. Себебі Совет одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деп, көп қару жинаған. Совет одағы Қытай Қазақстан жақтан кіреді деп ойласа керек. Сондықтан Қазақстанда да қару сақтаған. Ал қазір Қазақстанда бұл қаруларды утилизация жасауы керек. Себебі Қазақстанға (бұл қарулардың) мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі, қару ескірген сайын қауіпті, — дейді ресейлік сарапшы. (Пікір «Азаттық» радиосынан алынды).

 

«БІРЕУГЕ МАЛ ҚАЙҒЫ, БІРЕУГЕ ЖАН ҚАЙҒЫ»

Ел басына күн туғанда арсыздық та белең алыпты. Арыста дүкен мен тұрғын үйді тонағаны үшін үш адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысында айтты. «Қазіргі уақытта Арыс қаласының периметрі бойынша күзет орындары қойылды. Қалада ешкім қалмады. Тұрғын үйлерге зақым келген, жарылмаған снарядтар бар. Тұрғындардың қалаға кіруіне тыйым салынған. Қалада ұрлық пен тонау деректері болмауы үшін 75 полиция жасағы жұмыс істеп жатыр. Қазір үш адам ұсталды, олар екі қылмыс жасаған: бір дүкенді қиратып, бір тұрғын үйді тонаған», — деді Тұрғымбаев. Оның айтуынша, қаладан шыққан және кірген автокөліктер тексеріліп жатыр.

 

ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ АЛҒЫС АЙТТЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Арыс тұрғындарының игілігі жолындағы ауқымды әрі пайдалы еңбектері үшін барлық волонтерлерге ризашылық білдіремін. Зардап шеккендердің жағдайы шынымен де қиын. Мемлекет оларға көмек береді. Қала мен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіреміз», — деп жазды “twitter” парақшасында. Еске салсақ, Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездескен болатын.

 

Парламент депутаттары Арысқа аттанды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент депутаттары Арыс тұрғындарымен кездесу үшін Түркістан облысына аттанғанын айтты.
Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Ресми дерек бойынша апат салдарынан екі адам қаза болып, 170-ке жуық адам зардап шеккен. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанған. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келген. Төтенше жағдайға байланысты бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды. Қылмыстық іс қозғалды. ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осы орайда, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Барлық депутаттық корпус атынан Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан қаза болғандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Сонымен бірге, зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуін тілейміз. Баршаңызға белгілі, осы күндері бүкіл қазақстандықтар бір ел болып Арыс тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ», — деді. Сондай-ақ, Нұрлан Зайроллаұлы депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударғанын жеткізді.
«Ал кеше бір топ депутаттарымыз халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кетті. Баршамыз Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруын тілейміз. Арыс, біз біргеміз!» — деді Мәжіліс төрағасы.

Нағашыбай Қабылбек