АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС. ЖҮЙЕДЕГІ ДАҒДАРЫС

Сол өңірге арнайы жасаған сапардан соң туған ойлар мен толғаныстар

 Арысқа біз не үшін бардық?

Арыс қаласына арнайы ат басын бұруға тура келді. Өйткені ол жақтан да, бұл жақтан да жазғы жылы жаңбырдай біресе жағымды жаңалық, біресе қара суықтай қалтыратар жағымсыз ақпараттар тынымсыз соғып тұрады.  Өзіміз де көптен бері бір барсақ деп жүруші едік Арысты көрдік. Ел-жұртпен кездестік, жүздестік, әңгімелестік. Көргендерімізді, естігендерімізді көкірегімізге түйдік. Сараладық. Зерттедік, зерделедік. Шындық пен өтіріктің аражігін айқындауға күш салдық. Қазақ айтатын «Мың естігеннен бір көрген артық» деген сөздің шындығына осы жолы көзіміз әбден жетті. Осыдан үш ай бұрын қарапайым халық бір күнде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» бастан кешіп, Арыс қаласынан жаяулап-жалпылап үдере қашқаны да тарих жылнамасына қара дақ болып таңбаланғаны анық. Сол сәтінде-ақ ғаламтордың қуатымен бұл оқиға жаһанға жария болды. Әлеуметтік желілер қара аспанды төндіріп, сенсация қуған сайттар мен порталдар Арыс қаласын кескілескен майдан даласына апарып бір-ақ тіреді. Ел шошыды, жұрт шоршыды. Әлі күнге дейін бәле қуған ағайын, (билікті тұқыртудың жолы осы дегендей), Арыс жайлы толымды ақпарат берудің орнына, «жемқорлық жайлады, бөлінген ақша талан-таражға түсуде, халық үйсіз-күйсіз жүр» деген тізесі шыққан мәліметтерді таратуын доғарар емес. Бұл енді шектен шығушылық емей не?

Арыс туралы, ондағы бүгінгі халықтың  хал–ахуалы туралы алыпқашты әңгімелер, дақпырттар жетіп артылады. Кейбір адамдар әлеуметтік желі арқылы қара аспанды төндіріп, үкіметтің еңбегін еш етіп, жұдырықтай жұмылған халықтың көмегін, жасалған жұмыстың берекесін кетіруге тырысып жатқандары жанымызға қатты батып жүр еді.

Халық болғасын оның ішінде данасы да, дарасы да, баласы да, қара ниетті аласы да жүруі заңдылық. Алайда дүйім жұрттың назарын бұруға данасының даралығы емес, аласының шалалығы басым болып тұрғаны қандай қиын.

Иә, ел екеніміз, ер екеніміз – қиын-қыстау күнде көрінсе керек-ті. Кешегі Арыс оқиғасында халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы, бауырмашылығы анық аңғарылды. Ел басына күн туса  қазақ баласы біріне-бірі қарасар, жарты жолға жығып кетпей жарасар, ақырында қуанышпен тарасарына куә болдық. Ата-бабадан қалған ізгілік жолы – қаны бір қандасына деген інкәрлігі, өкпеге қиса да өлімге қимайтын тектілігі,  күретамырдай күдірейіп шыға келетініне де жүрегіміз шымырлап тәубе дестік. Осындай татулық тамыры тереңдеген жерде, имандылық  ұялаған өлкеде, бабалар аманатына адалдық сақталған мекен де қандай сынақ болса да, қажыр-қайраты толысқан, әлдісі әлсізіне болысқан, кедейі мен байы жарасқан, сөйтіп тіршілік ағыстары бір арнада тоғысқан Алаш баласының  мәңгі жасауға қақысы бар. Жаратқан Иеміз томаға тұйық халқымызды іштен ірітетін пасықтықтан, еңсе көтертпейтін жасықтықтан, тас жүрек пасықтықтан сақтағай!

Иә, Арыс қаласындағы жарылыс, қорғаныс саласындағы түйткілді проблемалардың дұрыс шешілмегендігінен туындаған жайт. Тосыннан болды деуге ауыз бармас. Қала іргесіндегі қауіптің алдын алуға, қоймадағы кеңестік дәуірден қалған оқ-дәрілерді залалсыздандыруға шақырған азаматтар  болғанын кім жоққа шығарады? Оларды тыңдаған кім бар? Дана Абай айтпақшы, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» дегеннің кебі баяғы.  Халықтың талап-тілегі ескерілмеген жерде билікте қандай абырой, бедел қалмақ? Бір емес, бірнеше рет ескертуден нәтиже шығармаған қорғаныс саласына жауапты басшылардан не үміт, не қайыр? Тұтас бір ұлттың тағдырына немқұрайлы қараған дөкейлердің әлі күнге биліктің арғымағына шалқайып мініп , жайқалып жүргені халықты қалай ашындырмасын? Ел дүрлігіп жатыр дейміз кейде, шындығына келсек, әділдік іздеген жандардың жанайқайына билік құлақ түрмесе, олар кімге мұңын шағады? Өкінішті жері ақиқатқа шөліркеген қауымның толқынысын, жеке басының пайдасына бұра тартып кететіндер килігіп бұзатыны да рас. Әлеуметтік мәселе шиеленіскен тұста, араға от тастап, екі тарапты жауластырып, ұпай жинап жүретіндер бұрын да болған, бүгін де бар, ертең де болары анық. Өйткені мына сынақ өмірде жақсылық пен жамандықтың күресі ешқашан тоқтамайды…Тек осындай  сын сағатында көзі ашық халықтың жылтыраққа алданбай, жыбырлаққа таңданбай, өтірікке малданбай жүрсе де, қарапайым көрінетін  шындықты аңғармай қалатыны қызық! Оған әлеуметтік желідегі дүрлікпе мақалаға улап-шулағандар жарқын дәлел. Содан да болар, қыранның қырағылығынан көрі, қарғаның қарқылдағанын тыңдауға құмар ағайын саны артып тұр.

Ашық күнде төбесінде найзағай ойнап, қоймада жатқан «сүрленген» бомбалар жарылып,  ел дүрліге қашқан заман да тарихта қатталып қалар. Келер ұрпақ ақ пен қараны ажыратып алар. Тек, осы бір зауал шақ енді қайталанбаса екен. Арыстағы қабырғалы қазақтың ертеңі жарқын, болашақ таңы арайлап атса екен! Балалардың ұйқысы тыныш, аналардың күлкісі ырыс болып құйылса дегіміз келеді.  Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» деген екен. Ендеше жау шақырып жалаңдағанша,  елдің болашағына алаңдаған ұтар заманды бастан кешіп жатқанымыз есімізден шықпаса игі!

«Аттандап» жатқандардың көксегені елдің іргесінің бекуі емес, кенеуінің кеткені

Сонымен Арыс қаласына жолымыз түсті. Қала мүлде адам танымастай өзгерген. Үш айда еліміздің әр түкпірінен жиналған қаржы мен үкіметтің қолдауы көп дүниенің жаңаруына септігін тигізгені көрініп тұр. Барды бар, жоқты жоқ деуіміз керек. Байбалам салып халықты дүрліктіруге еш негіз жоқ.  Мәселенің мән жайын анығырақ білу үшін (биліктен қасымызға адам ерітпей) бір күн  өзіміз алаңсыз араладық. Тұрғындармен сұхбаттастық. Үш ай бойғы Арыстың тыныс-тіршілігін бажайладық. Кем-кетіктерге де назар аудардық. Бұра тартып бұрмалауға жол бергісі келген тұрғындарды да кездестірдік. Айла–шарғы, қулық–сұмдық әрекеттерімен шошытқандар да болды.

Тағы айтамыз, әлеуметтік желі арқылы билікке «дат» айтып жатқан, халықтың «мұң-зарын» жеткізіп жатқан адамдардың тек бір жақты қаралуға арқа сүйеп алғандары көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Көрмес түйені де көрмес дегендей, есіл еңбек пен халыққа деген жанашырлыққа көңіл бөлмей, тек жағымсыз жақтарды ғана жіпке тізу әділдікке жатпайтын қылық. Кісілікке де үлкен мін! Олай болса «ойбайлап», «аттандап» жатқандардың көксегені елдің іргесінің бекуі емес, керісінше көбесінің сөгіліп кетуі. Солардың өзі осы Арыстың жандануына, жаңғыруына қандай көмек көрсетті екен деген сауал осындай да көкейге оралады. Демеудің түрі көп қой. Біреу жырымен күш берсе, енді біреу әнімен халықтың көңілін көтеріп жатады. Бәзбіреулер қамыққан, жабыққан, тарыққан жұрттың қасынан табылып, жетістіктер мен кемшіліктерді таспадай тең өріп, таразыға тартып, оқырманға ұсынып жатса құба–құп.  Ал бір жақты сын, қарашыл аттай айналсоқтап жүріп алады. Осының кесірінен қалың қазақ баласына жетіп жатқан ақпараттардың көбі жаңсақ, екіұшты….

Ертесіне арнайы комиссия құрамында болдық. Көңілге түйгеніміз жетерлік. Арыс халқы – елдіктің ерен үлгісін көрсеткен ағайындарына дән риза. Иә, көпшілік жер болғасын кейбір жетіспеушіліктер, келеңсіздіктер, түсініспеушіліктер болғанын сол жердегі жауапты басшылар да жоққа шығармайды. Көптің көңілінен шығу оңай емесі белгілі. Әйтсе де, асарлаған елдің еңбегі, халықтың тілегі, биліктің пейілі ескерусіз қалуы обал-дағы…

Күн сайын соңғы мәліметтерді ұсынып отырған Түркістан облысының атқарушы билік өкілдері құрылыс жұмыстарының 99 пайызға орындалғанын алға тартуда. Оған өзіміз де куә болдық. Мұны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі де растайды. Ал, әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан мәліметтер басқаша. Желі белсенділерінің уәжіне сенсек, Арыста үйі жөнделіп бітпек түгілі құрылысы да басталмаған баспаналар барға ұқсайды. Кейбіреулерінің апаттық жағдайдағы үйлері айра-жайра болған күйі жатыр екен. Ал, қылышын сүйреткен қыс болса күннен-күнге жақындап келеді.

Бұл енді өтірік ақпарат. Тап соншалықты мүсәпірлікке түскен баспана жоққа тән. Бәрі келісімге сай жасалған. Астанадан келген сарапшылар әр бұзылған үйге сараптама жасап, зерттеп, зерделеген. Қанша құрылыс материалы қажет, жарылыстан келген залал қанша, бәрі ескерілген. Бұдан артық не істеуі керек?  Елдік мұрат жолында мысық құсап көзді жұмып, ескі-құсқы үйлерін жөндетіп пайдаға батуды көздегендерге не шара? Әлеуметтік желіні шулатып жүргендер солардың жақтастары. Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде деген осы-ау.

Алғашқы бағытымыз – әскери бөлімге ең жақын орналасқан, яғни ең көп зардап шеккен мөлтекаудандардың бірі – «Көктем-2» болды. Бұл сапар  жайлы журналист Шадияр Молдабек жазды.  Ол газетіміздің өткен санында жарық көрді. «Арыс: Ақиқат пен қауесет». Бұл мақалада көп нәрсе қаузалды. Оны қайталағымыз келмейді. Сондықтан Арысқа басқа қырынан, өзге тараптан салмақты ойлармен, тың көзқарастармен  келуді жөн санадық

Біріншіден отбасындағы әр адамға деп мемлекеттің берген 100 мың теңгесі—әжептәуір көмек болғанын құдайшылығы бар арыстықтар ризашылықпен еске алуда. Тосыннан келген апатқа тосырқап қалған халқына басу айтқан ел-жұртқа да алғыс айтушылар аманатын жеткізгіміз келеді

Әрине, бұл жарылысқа кінәлі адамдар бар шығар, бірақ ешкім де әдейі істемегені анық. Шыны мың күнде сынбайды, бір күнде сынады дегеннің түйіні–Арыс оқиғасы. Қайтейік, арыстықтардың жаяулап қашқаны өмір бойы естерінен кетпейтін шығар. Балалары да, үлкендері де қатты қорқып қалғаны жүздерінде тұр. Сол қорқыныштан әлі де толық арыла алмай отырғандрын да сөз саптауларынан аңғармау мүмкін емес… Кішкене қаттырақ дауыс шықса, төбеден түтін көрінсе бүлдіршіндердің еңкілдеп жылағандарын көзіміз көрді.

Мұның зардабын жоймаса болмайды, әрине. Ол үшін балабақшалар мен мектептерде психолог, логопед мамандарды көбейту қажеттігі туындап тұр. Ал мүгедек балаларды арнайы санаторилерге апарып, жүйке жүйесін емдейтін мамандардың емін қабылдатып, демалдырып келсе екен деген тілегімізді де айта кеткіміз келеді.

Шынын айтайық, үрей мен қорқыныш бала түгілі ересектердің зәресін алыпты. Сондықтан ана ретінде, педогог ретінде айтарым, балаларға психолог, логопед, реабилитация қажет.  Билік мұны тезірек қолға алуы тиіс. Өйткені қорқыныштың зардабы келешек ұрпақтың шошымалы дертке ұрынуына жол ашуы әбден мүмкін.

Аналарымыз қай мәселені де сабырмен шешсе…

 

Қулық-сұмдыққа бейім, жеке бастың қамын жеген арыстықтар жоқ дей алмаймыз. Тұрғызылғанына 50 жыл болған саман үйлерге де жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Кейбіріне сараптама шешімімен қаржы аз бөлінген. Бәлкім, кейбіріне заңдық тұрғыда тиым салынған болар. Мұны дұрыс түсінуіміз керек.  Бәрін зерделеген адам, ішкі саясатқа тереңірек үңілген адам, Үкімет тарапынан жасалынып жатқан ұланғайыр істерді түйсінері һақ. Қаржының бөлінуі де үйдің жағдайына байланысты екенін естен шығармаған абзал.

Қырық жыл бойы адам бас сұқпаған жаман кепелеріне адам жатқызып, «Үкімет менің үйімді жөндемей жатыр, үйтпей жатыр, бүйтпей жатыр» деп лаң шығарып жатқандарға кім тоқтау айтпақ? «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп қазақ осындай да айтса керек. Ел бірлігіне іріткі салатын мұндайларға, арандатушылар қосылса «екі жарты бір бүтіннің» көкесі сол. Мұндайлардың ниеттері белгілі, пиғылдары айқын. Қорқыту, үркіту. Сол арқылы атақ-абырой жинау.  «Болар елдің баласы бірін бірі батыр» дейтін заман бастан бұл-бұл ұшып бара жатыр ма деп қорқамыз кейде. Кез келген мәселеге тек бір жақты қарау – адами тұрғыдан да ұят нәрсе. Не нәрсенің де екі жағы бар. Таяқтың да екі ұшы бар. Сынағанның жөні осы екен деп, игі істерге көз жұма қарап, игерілмеген істерді түртінектеп тауып алу да адамшылыққа жат дүние. Елді дүрліктіріп, әлеуметтік желінің «түндігін» желпілдету қай қоғамда да лас тірлік саналады.

Иә, «Біткен іске сыншы» көп дейді қазақ. Өздерінен кеткен қателікті билік терең сезініп, шама-шарқылары жеткенше түзетуге күш салып жатқаны байқалады. «Ондай-ондай байдың қызында да болады» демекші, асығыс жұмыс сәтінде кем кетіктің болуын да ешкім жоққа шығармас. Тағы айтамыз, түймедейді түйедей қылу – болар елдің баласының ісі емес. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» қай кезде де. Біз биліктің қолшақпары емеспіз. Айтатын жерінде айтып, қайтатын жерінде қайтып жүрген баспасөз өкілдеріміз. Арыста көрген түйгенімізді газетіміздің «Арыс. Ақиқат пен қауесет» атты мақаладан оқыңыздар.  (26.09.2019). Онда көп нәрсе қамтылды деп ойлаймыз.

Бұл жолы біздің айтқымыз келгені мүлде басқа мәселе. Арысты аралап көріп жүріп, үйлері жөндеуге келмейтін, 30-шы жылы салынған саман тамдарды мемлекет есебінен жөндетіп алғысы келетін жалғызбасты аналардың жанайқайы жадымызда жаңғырып тұр! Оларға қарап тұрып қай-қайдағылар ойға оралды.

Қайда барсақ та көп балалы әйелдер алдымыздан шығады. Неге? Ақ орданың алдына да әйелдер күрке тігіп жатып алды. Әкімдіктердің маңайына да әйелдер үйір. Таяуда тіпті Астана әкімінің орынбасарына бөтелке лақтырып, лаң салғанда осы әйелдер. Қай жерде дау-дамай, сол жерде әйелдер жүреді. Бұған қазір көз үйреніп кеткені сондай, ешкім назар салып қарамайтын да болды.

Ұлттық құндылығымыздың бірі, ардақты, аяулы асылдарымыз әйел-аналар емес пе еді? Олар ана деген қастерлі аттан неге аттап кетті? Шынымен бәріне билік кінәлі ме? Оларды көшеге шығуға, билікке қарсылық көрсетуге итермелеп отырған не нәрсе? Қанағатсыздық па, тойымсыздық па? Көрсеқызарлық па?

Жасырмайық тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарыққа мойымай, отбасын асырау үшін аналарымыздың дорба арқалап, бала-шағасын асырау қамымен базар жағалап кеткені өтірік емес. Сөйтіп тұтас бір ұрпақтың жетілуіне, өсіп–өнуіне жол ашқаны да рас. Сөйткен аналардың бүгінгі жалғасы өнбес дау қууға, аттандап ұрандатуға, барға қанағат етпеуге әуес. Бір білгеніміз шын мұқтаждар ауылда отыр. Олар ешкімге шағынбайды. Өйткені күйбең тірліктен олардың қолы бір сәт те босамайды… Ал шеруге шығып, шерін тарқатуға құмар әйелдердің көксегені не? Бас пайдасы болмаса, басқа қандай айласы?

Жетімдік те, жесірлік те тағдырға жазылған нәрсе. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Бірақ о заманда,  бұ заман қай қазақ балам көп еді, оларды асырауға көмектес деп билікке талап қойып еді. Бүгінгі егде жастағы көбіміздің әке–шешелеріміз оннан аса бала тәрбиелеп өсірді. Солардың қайсысы мемлекетке қол жайды. «Бір төл артық туса, бір түп жусан артық шығады» деп, тіпті балаларының атын айтуға қимайтын. Тіл – көзден сақтанатын. Солай ер жеткен балалар бүгінде ел билеп отыр. Ешқайсысы көштен қалып қойған жоқ.

Бүгіндері биліктен әртүрлі деңгейдегі көмектерді алып отырып, әйелдердің көшеге шығуы жиілеп кетті. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады қарап отырсаң. Баланы бейне біреу үшін туғандай бұлданатындары бар тіпті.  Ер – азаматтарымыз тасадан сығалап, әкелік айбарынан айырылып бара жатыр. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген бабалар тәмсілі жүзеге асар болса, келер ұрпағымыздың шама-шарқыда белгілі болып қалғандай… Осы қарқынмен жүре берсек, бүгінгі күнімізге зар болып қаламыз ба деген қауіп басым бізде.

Иә, билік белгілі бір деңгейде көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды қанатының астына алып көмек көрсетуге міндетті. Дамыған елдердің бәрі де адам ғұмырын, тағдырын бірінші орынға қояды.  Өйткені жер мен елдің іргетасы – ұрпақ. Ол ұрпақ білімді, білікті болып  өсуі үшін жәрдемақылар тағайындалады. Оның да шегі мен шеті бар.  Сондай-ақ жердің асты мен үстінің байлығынан да халықтың алашағы бары есепке алынады. Иә, осы жерде билікке бір айтатын мәселе осы қазынамыз үркердей ғана байларға бұйырып, қараша бұдан қағылған. Елді де, аналарды да ашындырды. Сондықтан әділет салтанат құруы керек.

Әрине, шектен шыққан аналардың әбес қылықтарын құптай қою қиын. Мұның бәрі ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатқанына айқын мысал. Қазақты қазақ етіп сақтап келген қанағатшылдық, шүкіршілік, шыдамдылық жоғалып барады ағайын.

Адам баласынан қулық артылған ба, сірә да? Арыс қаласына сапар барысында мына әңгімені естіп жағамызды ұстадық. 21 мың теңгенің де жыры таусылар емес. О баста, халықтың дүмпуінен қорыққан билік, бес баланың өлімінен кейін көпбалалы аналарға 21 мың теңге төлеуге бүге-шігесін терең зерттемей ерте шешім шығарып қойды ма деп жоримыз. Кіріс-шығыс қаржы да дұрыс есептелмегені анық. Соның зардабын билік енді тартып жатыр. Махамбеттің «Етектен кесіп жең болмас» дегені дәл келді….

Түркістан қаласында 21 мың теңге алуға оқталған бір азаматтың бір емес, екі рестораны бар болып шығыпты. Сөйтсе әлгі отбасы мүшелері – ол ресторан балаларымыздікі, олар өздері күнін көреді. Бізге ол рестораннан еш пайда жоқ деп бет бақтырмай, тіпті сотқа да беруге қамданып жатқан көрінеді. Бұл бір ғана мысал. Мұндайдың сіздерге бірнешеуін келтіруге қауқарымыз жетеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл тағы да ұлттық құндылықтың, ұят пен иманның бойымыздан қаша бастағанын, «қанағат қарын тойғызады» деген тәмсілді ұмытқанымызды көрсетіп тұр. Тойымсыздықтың арты қасіретке, мешкейліктің соңы ауруға соқтыратынын неге ұмытты халқымыз. «Қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын» ұлт ұрпағы мұншалықты неге ұсақталып кетті, ә?

Қанағатшыл халықтың неліктен қадірі қашып тұр?

Билікке айтар бір сын бар, ол ұлттық идеологиядан жұрдай қазақ қоғамы туралы. Егер тап қазір ұлттық құндылықтар дәріптеліп, патриоттық жігер намысқа жанылмаса бәрі кеш.  Әлеуметтік желі бетімен кетсе, оны ауыздықтар заң болмаса, билік сайлаған заңды басшыларға күйе жағу тиылмаса,  кім көрінген аузына келгенін құсып, билікті қаралауын доғармаса, елге жаны ашитын әкімдерді қаралау тоқтамаса, келешегіміз жарқын, болашағымыз айқын деп кім айта алар? Күндердің күнінде Ұлы Абай айтпақшы, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деу кімге керек?

Соңғы уақытта елді арандатудың түрлі жолдарын ойлап тауып, билік пен халықтың арасына ірткі салушылар еркінсіп кетті. Көп балалы аналарды ашындырып, ел бір дүрлікті. Енді, зейнеткерлерді билікке айдап салуда. Бүлікшілер мен арандатушылар қатаң жазаланбаса, елдің тыныштығы бұзылады. Жалған ақпарат қашанда жарға жығады, ел арасына іріткі салуға жол берілмеуі керек. Ол үшін билік әлеуметтік желіні ауыздықтайтын заң қабылдауы тиіс. Сонда ғана былапыт сөздер мен ғайбаттарға тұсау салынады.  Бұл жайында «Ел боламын десең, әлеуметтік желіңді түзе, билік» (19 тамыз, 2019 жыл,  «Қазақстан дәуірі» газеті) деген мақала да жаздық. Тыңдар құлақ, оны тәптіштеп оқыр шенеунік болса, шіркін!

Арыста жүргенде әлеуметтік желіні қарап отырып әкім–қаралардың ісінен кемшілік іздеген блогерлердің ісіне қарнымыз ашты. Шенеуніктерді қаралау, оларға жала жабу үрдісі де тиылмай тұр ғаламторда. Көңіліне жақпай қалған әкімнің қыр соңынан қалмау, шалыс басқан қадамын қапы жібермеу көрер көзге байқалып қалады.  Мысалы елге сыйлы, ұлтжанды азаматтың бірі, билік баспалдағының көп сатысына табаны тиген Асқар Мырзахметовты Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда ақша жеп қойды деген сарындағы арандату мақаласы не үшін жазылғаны бізге беймәлім. Анығы тапсырыс болған секілді. Бұл жайлы Асқар Мырзахметовтың көмекшісі әлеуметтік желіге қарсы мақала жазып, айыптаушыны  сотқа бергелі жатқандығын хабарлады. Ал облыс әкімінің олармен айтысып–тартысуға қат–қабат жұмыстан қолы босай қоймайды–ау…

Ал осы Жамбыл облысы әкімінің ел үшін сіңіріп жатқан ерен еңбегін бағалаған кім бар? Күні кеше үкіметте пилоттық жобаның тұсауын кесті, және оны қорғады. Ел игілігі үшін жасалған бұл қадам жалғасын тауып, газетіміздің (№38 (1271) 26 қыркүйек) санында Жамбыл облысында Асқар Исабекұлының бастамасымен «Елдік – елге байланысты»  форум өткенін, онда ұлттық мәселелер терең қаузалғаны мақалаға арқау болды. Шенеуніктердің мінін тергіш, солардың айтқанына көпшілік сенгіш блогерлер мұндай да қостауға да, қоштауға да жарамай үнсіз қалатыны неліктен? Осы тұрғыдан келгенде Президент Тоқаевтың  әкімдерді әлеуметтік желіге тіркелуге берген пәрмені өзін өзі ақтады деуге келмейтіндей. Өйткені біздің көбімізде мәдениет пен парасат аз. Керісінше дөң айбат пен қыжырпа сөз көп. Қолжетімді әкімді  реті келсе сөзбен тұқыртып алу, сәті түспесе парақшасына кіріп жеке бастың шаруасымен мазалау белең алып тұр. Бұл дегеніңіз онсыз да қадірі қаша бастаған шенеуніктерге үлкен соққы…

«Халық айтса қалып айтпайды» ешқашан. Елдің тұрақтылығы мен ынтымаған сақтау үшін құрылған Ұлттық сенім кеңесіне енгендердің көбі – әлеуметтік желі арқылы «даңқ» тұғырына қонғандар. Биліктің оларды қандай кретерилерге сүйеніп кеңеске тартқанын бұқара халық біле алмай дал болып жүр. Егер билік әділдік орнатқысы келсе, өзінен сөзі бұрын жүретіндерге тоқтам салуға тиіс. Әйтпесе, әлеуметтік желіде сілтенген «қамшының» бір ұшы өздеріне тиіп, мазаларын қашырып отыруы кәдік.

«Көп қорқытады, терең батырады» демекші, билік халықтың көңілінен шығудың бәрін жасап жатыр. Оны жоққа шығаруға болмас. Әйтседе несиелердің пайызын түсіруді талап ету заман талабы. Халықтың арасында жүреміз, көп нәрсені сеземіз, көреміз, естиміз. «Несиені төлей алмай жатқан халықты кінәләй бергенше, сол несиелердің екі есе өсім пайызбен беріліп,  халық қиналып жатқанын неге айтпайды, неге сол мәселені шешуді көтермейді халыққа жаны ашыса билік» дейтіндер бар.

Дұрысы несие аларда адам  «қайтіп  қайтарам?» деп ойлану керек еді, алайда болар іс болғасын, банктер аз өсіммен беру жеңілдіктерін қарастырса , мүмкін төлеу мен төлей алмай қалу мәселесі шешілерме еді дейміз-дағы …

Жуырда әлеуметтік желіден журналист Бердібек Хабайдың «Қанағатшыл АНА» деген жазбасын оқып қатты риза болдық. Жас болса да, бас боларлық ой айтыпты. «Бір танысымның 7 баласы бар. Астана іргесіндегі Қояндыда времянкада тұрады. Келіншегі баламен үйде отыр, ал жолдасы қалада бір жеке кәсіпорында жұмыс жасайды. Жалақысы ел қатарлы. Бір күні әлгі танысымның үйіне барып көсемсіп отырмын ғой. «Ой Ереке сен қалаға тіркеуге тұрып, елдер құсап үй кезегіне тізімделмейсің бе? Жеңілдіктер ал. Келіншегің автобуспен тегін жүреді жақсы ғой»… деп. Сонда арғы жақта тамақ қамымен жүрген келіншегі «Ой, ұят емес пе? Біз елден жаман болып жатырмыз ба? Шүкір! Балаларыма мектеп тарапынан көмек беріліп жатыр, тегін тамақ ішеді, мектепке дайындық кезінде құрал–жабдық киім-кешегі жағынан да көмектеседі. Көпбалалы деп балаларымды қосымша сабаққа да жаздырған. Ол да тегін, білімдері жақсы. Мешіттен ай сайын азық-түлікпен көмектеседі. Оларына рахмет! Алла қаласа бір жер алуға ауыл әкімдігі көмектеседі деп ойлаймын. Мен не үшін қалаға барып алақан жаюым керек? Ұят емес пе?!» дегенде не айтарымды білмей қалдым. Содан барып анау «Ақорданың алдында жүрген аналардың нендей ойлағаны бар екен?» деп ұзақ ойландым. Рас, бізде үкімет қарайласып жатыр ғой. Айтқандай әлгі танысымның келіншегі ел алатын 21 мың тенгені де алмайды. Қанағатшыл өзі. Аналар осындай қанағатшыл еді ғой баяғыда деген ой еріксіз ойыма орала кетті» депті. Иә, қазақтың қадірі қашпай, санасын уайым баспай, асып-саспай тіршілік кешкен дәуренінде ата мен әже тұрмақ, бесіктен белі шықпаған бала да қанағатшыл еді. Сабырлы еді. Бар болса таспайтын, жоқ болса саспайтын. Көпті беретін құдай дейтін, азды беріп сынайтын да құдай дейтін. Тәубесін аузынан тастамайтын, билікке қолын жайып «бер-бер» деп қақсамайтын. Содан қазақ жаман болды ма? Ырысы тасып кемерінен асты, қойы егізден тауып жайлауды басты. Ниеті түзу болғасын  бірлігі де күшейді, иманы да еселенді. Ал біздің тойымсыз пенделердің пиғылы дұрыс болмағандықтан, ырысы да кеміді,  тапқандары  бойларына сіңбеді.  Ақырында имандары әлсіреп, тіршіліктері шатқаяқтап кетті. Кім кінәлі?

Шерағаң айтқан «Қазақстанды тонау» әлі жалғасып жатыр

Түйін сөз

Сөз барысында айтқанымыздай әлеуметтік желіге арқа сүйеп алған кей топтар, кез келген адамды қаралап, болмағанды болғандай етуге тым үйір. Оның зардабын тартып жатқандар қаншама? Әлеуметтік желіге тоқтам салуды көздейтінімізде сондықтан. Мысалы, «Nur Otan» партиясы жала жапқан үш азаматты жауапқа тарту үшін сотқа жүгінді жақында. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Жаңалықты оқыған адамда екі түрлі ой болары анық. Алайда бұл үш азамат «партия құруға кедергі келтірді» деген сылтаумен «Nur Otan-ның» үстінен бірнеше рет шағымданған. Әлеуметтік желіде бірқатар посттар жазып, арандатушылық мәлімдемелер жасаған. Бұл айыптауларды шындыққа көз жеткізуге ерінетін кейбір азаматтар жарыса таратып, партия беделіне нұқсан келтірген. Бір қызығы аталған азаматтар саяси ұйым құруға рұқсатты «Nur Otan» емес, ҚР «Саяси партиялар туралы» Заңының 10-бабы, 1-тармағына сай  Әділет министрлігі беретінін білмегендігінде болып тұр?!

Экономика саласының білгірі, білікті ұстаз Фатима Жақыпова да  әлеуметтік желіге бастан кешкен қиянатын жазып шықты. Оқып отырып жағаңды ұстайсың. Адам баласының мұншалықты қатігез бола бастағаны қасірет қой білгенге. «Жаптым жала, жақтым күйе» дегендерге заңымыздың қаншалықты өткір екенін уақыт көрсетер.  «Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлық және ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау туралы маған қатысты айыптаумен ақпарат таратылуда. Бүгін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы диссертацияны тексерді. Қазақстанда орындалатын ғылыми еңбектердің плагиатына тексерудің жалғыз бағдарламасы тек аталған орталықта бар. Анықтама скриншотын назарларыңызға ұсынамын.

Мен, өзімнің мыңдаған әріптестерім сияқты, ғылым кандидатының, ғылым докторының  дәрежелерін алудың барлық кезеңдерінен: жұмысты кафедрада талқылаудан, сарапшылардың және оппоненттердің көпшілік алдында қорғауға дейінгі сатыларынан толығымен өттім….

…Иә, бұл алға басқан дұрыс қадам болды. Бірақ ешбір жағдайда да  еліміздің мыңдаған ғалымдарының – менің әріптестерімнің ғылыми еңбектерін сынау мен оларды жоққа шығару мақсатында емес!

Тек барлық кезеңдерден сәтті өткен соң ғана ғылыми дәреже берілетін. Ғылыми дәрежені берудің заңдылығын растайтын барлық құжаттар мұрағатта 75 жыл бойы сақталады.

Ең соңында менің айтарым. Осыған дейін маған және менің әріптестеріме қатысты таратылған жалған ақпарат бойынша ар-намысымызды, абыройымызды және iскерлiк беделдiлiгiмізді қорғау туралы талап-арыз  сотқа жолданды және ол сот өндірісіне қабылданды» деп әділетсіздіктің құрбанына айнала жаздағанын  ашық жазды.

Жүре берсең, көре бересің деп қазақ бекер айтпаған екен. Кейде онсызда жүйкесі жұқарған халыққа басу айтамын деп, арнасынан тасып кететін шенеуніктер көп. Бұл көрініс халық пен биліктің арасының жер мен көктей екенінен хабар беретіндей… Арыстағы жағдайды бәзбіреулер қалқан етіп, билік қамалын талқан етпекші болып, жалған ақпараттарды тоғытып жатқанда Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың  мына сөзі халықтың ашу-ызасын туғызды. Ескерте кетсек, Мәжіліс вице-спикері Владимир Божко «халық биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіністік танытуы керек. Иә, үш жыл ішінде халықты әлеуметтік қолдау 17 есе өсті. Бұл үшін, кешіріңіз мені, қазақстандықтар билікке тізерлеп тұрып алғысын айтуы керек» деген болатын. Осы сөзі өзіне бәле болып жабысты. Осыған байланысты әлеуметтік желіде өз пікірін білдірген Мұхтар Тайжан: «Осы сөзі үшін Владимир Божко Қазақстан халқынан кешірім сұрауы керек» деді. – Сіз депутатсыз, нақты айтқанда, вице-спикерсіз, сіз балаларыңызбен немесе немерелеріңізбен  солай сөйлесіңіз. Қазақстан халқымен емес.  Егер Божко халық алдында кешірім сұрамайтын болса, онда «Nur Otan» партиясы оның аталған лауазымға лайықты, лайықсызын қарайтын болсын»,– деді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан фейсбук парақшасында.

Қарап отырсаңыз, Божка байғұс соншалықты жаман сөз айта қойған жоқ. Биліктің халық үшін жасап жатқан жұмыстарына өз әділ бағасын беруге талпынғаны байқалады. Алайда шенеуніктердің әр сөзінен ілік іздеп отыратын қауым, бір ауыз сөзіне кіжініп, Божка мырзаны бір қауыздың ішіне сиғызып жіберді. Осыдан–ақ әлеуметтік желінің күш-қуатымен ойнап көр шамаң жетсе…

«Әттең тонның келтесі ай» дегізетін жайттар бүгінгі қоғамда жетіп артылады. Соның бірі сыбайлас– жемқорлық. Көшеге шығып, шаңдатып сөз сөйлейтін әйелдердің де биліктің бетіне басатыны да осы лепес. Арыстағы шағым айтуға құмар әйелдердің де үй-жайларының жөнге келмеуіне бөлінген қаржының өңештен өтіп кетуі себеп екен.  Ақ-қарасын анықтамай қаралай салудан оңай не бар екен бұл жалғанда. Дегенмен жемқорлықтың жегі құрттай жалмап келе жатқаны да шындық. Соның кесірінен билік пен халықтың арасына сызат түсті. Ол сызаттың бүгін–ертең бүтінделе қоюы екіталай.

Тоқсаныншы жылдары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасындағы  «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» тақырыбындағы жазылған хаттар желісіне көз жүгіртіп отырып, арада ширек ғасыр өтсе де бұл мақаланың құны түспегенін аңғармау мүмкін емес. Жазушы Шерхан Мұртазаның қазіргінің жемқорларына қаншалықты дәл әрі әділ баға бергенін көріп қайран қаласыз. «Біздің шенеуніктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары осы. Қазақстан, қайран Қазақстан, Құдай тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті! Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады. Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді, жетіп артылады. Камал, сен өзің емес пе едің алғашқы: «Қазақстан. XXI ғасыр» деген мақалаңда Қазақстан байлығы бір миллиард адамды асырауға жетеді деген?! Ал қазіргі халқы он жеті миллионға жетер-жетпес. Соның қаншауы бай, қаншауы кедей! Есепке жүйрік едің ғой, шығарып көрші. Солай, Камал дос. Адамның санасы, ниеті, пейілі түзелмей, түк те түзелмейді…

Президент  өзінің уәзірлеріне «қомағай, қанағатсыз» деп ашынса, демек қоғамның бас ауруы бар деген сөз. Ондай шенеуніктер қоғам денесіндегі қатерлі ісіктер. Дер кезінде сылып тастап отырмаса аса қауіпті. Ал біздің прокуратура, тергеу, милиция, сот, қауіпсіздік органдары ұры-қарылардың, парақор, жемқорлардың шабақтарын ғана ұстайды да, жайындарын, акулаларын ұстауға шамасы жетпейді. Яки қорқады, яки сыбайлас.

Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Қалың қалай?» – десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз», – деп тәубасын айтады. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды. Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын…

Ширек ғасыр бұрын айтылған байламды сөз ақыры буырқанып атой салды.  Оны көзіміз көрді.  Билікте тәубесіне келіп, артық-кемін күзеп жатқандай әсерге бөлейді. Дана бабаларымыз «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, берекең кетсе нең қалар» дегенін әр қазақ жүрек төріне тұмардай сақтауы керек. Әйтпесе осы күнімізді күндейтіндерге күлкі болып қалуымыз ғажап емес…

Сөз соңында айтарымыз ағайын, «Qazaqstan dauiri» газетінде «Халық жəне президент» деген айдар бар. Ол жер еркін сөзге берілген ашық алаң. Халық пен билік һақында ой тамызығын тұтатқыңыз келсе, есігіміз ашық. Бізге бəрінен тəуелсіздігіміз бен бірлігіміз қымбат. Олай болса  ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ізгі ойымызды ортаға салайық!

Сәуле Мешітбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.