АРЫСТА 120 ОРЫНДЫҚ БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ
Арыс қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала орталығынан 120 орындық жаңа бастауыш мектеп ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл, қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жебелі Достанов, білім саласының ардагерлері, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты.
«Арыс қаласының білім беру жүйесінде орын тапшылығы мен апатты мектептер мәселесін толықтай шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі ашылған жаңа мектеп – осы бағыттағы ауқымды істердің нақты нәтижесі. Оның қала орталығында орналасуы, орталықтағы өзге мектептерге жүктемені азайтуға ықпал етіп, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды,» – деді шаһар басшысы.
Заманауи талаптарға сай салынған бұл мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда жарық және кең оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған зертханалар, кітапхана, спорт және мәжіліс залдары бар. Сондай-ақ, мектептің қауіпсіздік жүйесі толықтай бейнебақылаумен қамтылған.
Мектептің құрылысы жергілікті кәсіпкер Дариға Мырзабаеваның қолдауымен жүзеге асырылды.
Айта кетейік, Арыс қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл сайын жаңа мектептер бой көтеріп, қолданыстағы білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтуде. Соның нәтижесінде, қала мен ауылдарда орын тапшылығы мен апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі