АРЫСТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Арыс қаласында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Қарулы Күштерінің 32 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.
Батырлар алаңында өткен салтанатты шара армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды.
Шара барысында майданда қаза болған жауынгерлер мен бейбіт заманда өмірден өткен ардагерлер құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, жиналған көпшілік боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін, қорғаныс саласының қызметкерлері Мемлекеттік Туды сахнаға салтанатты түрде әкеліп, мерекелік іс-шара Әнұранмен ашылды.
Шара барысында қала басшысы құттықтау сөзі сөйлеп, қызметтік борышын үлгілі атқарған, жоғары кәсіби біліктілігі, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне, сондай-ақ қаламызды көгалдандыруға үлес қосқан әскери сала мен коммуналдық сала қызметкерлері салтанатты түрде марапатталды.
Айта кетейік, бірқатар әскерилер «Арыс қаласына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, және Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұдан соң қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов жиналғандары мерекемен құттықтап, азаматтарға қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Түркістан облысы