Арыстан (Зуқа батырдың 150 жылдығына)
Бір-ақ батырға жетпейді жүздеген сардар жиғанда,
Баһадүр басы жалғанда арқан — тағдырға сыйған ба?
Ұлыстың ұлы батыры — Зуқалар өткен өмірден,
Батырлық сырын білсең, ол —
Иманда екен, Иманда!
Көзді ашып-жұмған тірлікте иманды жиған тірнектеп,
Халыққа жақын болуда әкенің жолы мың мектеп.
Азаттық үшін алысып,
Жауына жалғыз шапқан ер,
Бақилық батыр бабасын ұрпағы жатыр құрметтеп.
Жебесін атып тауысқан,
Қолдары жауда қарысқан,
Бел шешіп жатпай түнде де елдігім үшін алысқан.
Тәуелсіз елім ақылды,
Батырын іздеп аһ ұрды,
Отаршыл елдер — шибөрі, хас Зуқа батыр — арыстан!
Әділдік туын қисайтпай жол тапқан бірден төтеден,
Батырын іздеп тұр далам, белдерім менен бетегем.
Аллаға құлдық парызын Меккеге барып орындап,
Перзенттік, ұлдық борышын алдында елдің өтеген.
Батыры барда қазағым өзге халықтан тектілеу,
Баһадүр күші жеңістей болады елге көп тіреу.
Бес шумақ жырмен қалайша түгендеп алам рухымды,
Көп болса дағы батырлар,
Тарихта Зуқа тек біреу!
Саят Қамшыгер, ақын,
«Серпер» сыйлығының иегері.