Арыстанбек Мұхамедиұлы: Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек

“Наурыз рухани болмысымызды жаңғыртуға мұрындық
болады”, — деп бастама көтерген министрлікті ақпарат басшылары қолдады.

Министрше айтсақ, Наурыз біздің ұлттық ең ұлық мерекеміз. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы бар «жақсылықтың бастауы» деп ұғады.

Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Айқын», «QAZAQSTAN ZAMANY», «Түркістан», «Қазақ үні», «Жас қазақ», «Ана тілі» секілді бірнеше газеттің редакторлары мен «Абай.кз», «Ұлт.кз», «Массагет.кз» секілді қазақ сайттарының басшылары бас қосты. Басты тақырып — Наурыз. Еркін форматта өткен отырысқа Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан Наурыз мерекесі жайлы сұхбатында көтерілген 8 мәселе арқау болды. Мәдениет министрлігінің ұлыстың ұлық мерекесі Наурызды ерекше атап өтуге деген талпынысы қалам иегерлерінің көңілінен шықты. «Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін адамның ұлтына, діни ерекшелігіне қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бергеніміз абзал. …Қазір Наурыз тойы дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек. Біз осыған аса назар аударғанымыз жөн», — деген министр Наурыз меркесін Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұн жасауды ұсынған. Сонымен бірге аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана арнайы дайындалатын сахналық кейіптен шығып, бұқаралық сипатқа қарай ойысуға күш салуды мақсат еткен. Осы орайда Наурызды фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу жолында министрлік өкілдері бас редакторлармен кеңесуді жөн санаған. «Ақпараттық қолдауды Ақордадан бастау керек» деген сөз саптаған редакторлар Наурыз мерекесіне байланысты түрлі ісшаралар өткізуді ұсынды.

Әрқилы акциялар ұйымдастыру, кәсіпкерлерді жұмылдыру, қайырымдылық шараларын жасау, Наурыз кейіпкерлерін толықтыру, безендіруді ерте бастау, «Наурыз поезд» ұйымдастыру, 21 наурыз күні дастархан басына жиналып Жаңа жылды (22 наурыз) күту секілді т.б. ұсыныстарын ортаға салды.

Мәдениет министрлігі бүгіннен бастап еліміздегі министрлікке қарасты барлық мәдениет ошақтарының Наурыз мерекесіне орай безендіруді бастайтындығын, министрлік қызметкерлерінің арнайы дайындалған «Наурыз» төс белгісін тағатындығын, сонымен қатар «Наурыз эстафетасының» басталатынын хабарлады. «Наурыз балдырғанға арналу керек» деген министр эстафета кезінде «Нұрлы жол» теміржол вокзалында балаларға арналған 500 кітапты мерекеге орай үлестіретінін жеткізді.
Қадірлі халайық! Министрліктің бұл бастамасын сіздер де шынайы түрде қолдап, бұл игі іске бір кісідей жұмылайық!

Бауыржан Карипов