АРЫСТЫҚТАРҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК, АҒАЙЫН!

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жағдай күллі Қазақ елін алаңдатты. Мемлекет тарапынан тұрғындарды қолдау, қауіпсіз аймақтарға көшіру шаралары жүргізілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қалаларда тұрғындарды қабылдайтын орындар әзірленді.

 Бауырмал қазақ халқы осынау қиын сәтте біркісідей жұмылып, мейірім мен бірліктің асқақ үлгісін көрсетіп жатыр. Қиын жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарына қалай көмектесеміз? Қалай қол ұшын соза аламыз? Осындай сұрақтармен шынайы ниетін білдіріп жатқан отандастарымыз өте көп.

Міне, осы сұрақтарға жауап беру мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында «Арыс – көмек» деген арнайы блог ашылды. Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жақынын, баласын жоғалтқандар осы сайтқа кіріп, мәлімет ала алады. Сонымен бірге туған-туысын іздеген азаматтарarys.komek@mail.ru эл.поштасына бар мәліметті жолдай алады.

Сонымен бірге қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылды.

 «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Осы есеп-шот жариялана салысымен Арыс жұртшылығына қайырымдылық жасауды жөн көрген азаматтар бірден іске кірісті. Қазір арыстықтарға көмектескісі келетін кез келген азамат жоғарыдағы есеп-шотқа ақша аудара алады.

Бүгін  белгілі шымкенттік кәсіпкер-меценат Қайрат Молдасейітов Арыстағы тұрғындар мұқтаждығы үшін 10 млн. теңге аударды. Ол өзге де кәсіпкерлерді игілікті іске шақырды.

Ендеше, осы сәтте Арыстағы халыққа қолдау көрсетіп, жомарт жүрек танытайық, ағайын. Бұл қиындықты күллі алаш жұрты болып бірге жеңеміз!

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі