Арыстықтар балабақшадан қиналмайтын болды
1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа ғимараттардың лентасын қию – жақсы үрдіске айналып келеді. Осы үрдіс Арыста биыл да жалғасын тауып, өткен аптада екі бірдей балабақша — 100 орындық «Оразалы ата» және 75 орындық «Самұрық» балабақшаларының ашылу салтанаты өтті.
Ресми шара кезінде қала басшысы Мұрат Болатұлы: «Бала тәрбиесі — ел өмірінде ең маңызды орын алады. Оларға әрқашан ерекше көңіл бөлінеді. Бүгін біз жиналып отырған мереке — соның бір айғағы. Болашағынан үміт күттірер бүлдіршіндеріміздің алтын ұясының ашылу құрметіне қатысып отырған баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, баянды ғұмыр, қажымас қайрат, күш қуат, ырыс – несібе, молшылық тілеймін» – деп ыстық лебізін білдірді.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие-адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналып қана қоймай, әрі жан-жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын саналатыны белгілі. Осыған сәйкес, мемлекет басшысының еліміздің ең кішкентай азаматтарына жасаған айрықша қамқорлығы «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту.
Аталған бағдарламаны Арыста іске асыру қолға алынып, бүгінгі таңда 46 мектепке дейінгі ұйым жұмыс атқарып келеді. Онда 3850 бала тәрбиеленуде. Соның ішінде мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында бүгінгі таңда қалада 23 жекеменшік, 10 мемлекеттік, 13 мектеп жанынан ашылған балабақша жұмыс жасауда.
М.Райымбек,
ОҚО.