АРЫЗ БЕН АРАЗДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында отбасылық сот және билердің атқарып жатқан жұмыстары турасында жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық сот төрағасы Ерлан Ілиясов пен ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ардагерлер кеңесі мен билер кеңесінің төрағалары қатысты.
Күн тәртібіне екі мәселе енгізілген болатын.
Бірінші мәселе отбасылық сот және билердің атқарып жатқан жұмыстары туралы. Ол бойынша сөз алған аудандық соттың судиясы Мирагүл Алиманова осы мәселе бойынша кеңінен тоқталып, бір жылдық есепті баяндап өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселені толықтырып өткен сот төрағасы Ерлан Ілиясов:
— Дереу сотқа жүгінбей кез-келген ұсақ-түйек мәселелер осы біздің билер кеңесімен шешілуі керек. Ауыл әкімдері осыған мән берсе. Әр ауылда ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесі бар. Оның құрамында тұрғындарға сөзі өтіп тұрған ақсақалдар кірген. Ең бірінші осы кісілердің көмегіне жүгініп, кеңесін алсаңыздар қылмыстық істің де тіркелуі әлдеқайда төмендеу болатын еді, — деп ауыл әкімдері мен билер кеңесі тығыз жұмыс істеу керектігін алға тартты.
Бұл мәселе бойынша да аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз алып, кеңес құрамындағы әр ардагердің белсенділігін алға тартып, солардың қатысуымен көптеген мәселелердің алдын алып, сотқа дейін түйіні шешілгендерін айтып өтті. Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе — қайтыс болу фактісін анықтау мәселесі қаралды. Бұл бойынша Ерлан Ілиясов сөз алып, кеңінен тоқталып, алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Онда қайтыс болғаны туралы анықтаманың не себепті алу қиындығы туралы, ол үшін кімге жүгіну керектігі мәселелері кеңінен айтылды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.