Асан қайғы
«Асан қайғы мен әз Жәнібек» дейтін аңызды Астраханда отырған Жәнібек хан Асан қайғымен дос болып, оның жалғыз баласы Жәнәбілді алып қалады, ал Асан қайғы елді бастап Жиделібайсынды іздеп жүріп кетеді. Сол сапарында болса керек, жиһанкез алдымен Жиделібайсын жеріне келеді. Жерге қызығып: «Әй, Жиделібайсын, артыма бөктере кетер едім, әттең атымның сауырына сыймайсың-ау!»- дейді. Содан кейін Сауран, Түркістан, Әулиеата, Шу, Аспара, Жетісу, Баянауыл, Қаратал, Қарсақбай, Ақмешіт, Нарын-Самар, Шыңғырлау өзені мен Маңғыстауға аттанады. Бұлар тек «Асан қайғының жер шолуы» дейтін аңызда аталатын қалалар мен жер-су атаулары. Ал «Асан қайғының жерге айтқан сындары» дейтін екінші аңызда жоғарыда аталған жер-сулардан басқа Ертіс, Есіл, Нұра, Торғай, Қызылтау, Ермеймен, Қаратау, Алматы секілді ондаған өзендер мен таулар аталады, олардың әрқайсына сын айтылады, баға беріледі.
Жер-су, тау-тасты, қалалар мен қыстақтарды атап, олардың бас-басына айтқан сындарына қарап Асан қайғыны Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір шапқыншылықтарының қанды жорықтарынан тарап, бытырап кеткен қазақ рулары мен ұлыстарының ежелгі ата мекеніне бастап келген көшбасшы, қайта қоныстандырушы деп қарауға, бағалауға болады. Өйткені, байырғы қазақ жерінің Асан қайғы атамайтыны, сынамайтыны кемде-кем. Асан қайғы қазақ рулары мен ұлыстарын әр жерге орналастырғаннан кейін енді халықтың орталығына, қала сағанасын салып орнығуға лайықты жер іздейді. «Басы байрақ, аяғы тайпақ екі-ақ ауылға қоныс екен»- деп Сырдың бойын тарсынады. Түркістан қаласын оның қасындағы Сауран қамалын көріп: «Әттең-ай, қорғанды қорғай алмайтын жерге салған екен. Айнала тақ шеті, шөлтастың өті.. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ- түбі тұрақты бола алмас»- деп ұнатпайды. Ақыры Майқы би сияқты хандықтың орталығына Ұлытау жерін көреді. Асан қайғыны Ұлытаудың сарқыраған суларымен, жайқалған көкорай шалғынды жайылымдарымен қатар қорғануға қолайлы жер жағдайы қызықтырса керек.
Б. Адамбаев «Қазақ шешендері»
Дайындаған: Ф. Метерқұлова, Шерхантану бөлімінің қызметкері