«АСАРҒА» КЕЛ, АҒАЙЫН

Жақсы қасиет пен бауырмал болуға тәрбиелейтін дәстүрлердің түрі өте көп. Солардың бірі – Асар жасау. Асар ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлеріміздің бірі.
Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырады.
Бір ауылда, аймақта тұратын адамдардың бір-бірімен бауырдай болған татулығы осындайда көрінеді.
Қазақтың «көп түкірсе – көл» деген аталы сөзі осы асармен байланысты.

Қазіргі таңда қолға алынып келе жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы көптің көңіліне қуаныш ұялатты.

Бұл игі істің мақсаты әлеуметтік осал топтағы, көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу.

Бұл жоба қазақы әдепті жаңғыртудың бір жолы екенін және ауылдас ағайының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтаса, бірлесе жұмыс жасай білетіндігін көрсетті.

«Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты.

Асарлатқан ағайынның көмегімен соңғы үш жылда ауданда «Асар» жобасымен 29 отбасы баспанамен қамтылды.

Биылдың өзінде 8 отбасының құрылысына көмек көрсету жоспарланып отыр. Олардың ішінде 3 жаңа құрылыс, 5 қайта құру құрылыс жұмыстары бар.

Дегенмен, құрылыс жұмыстарына қаржының толық жиналмауына байланысты құрылыс, жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу.

Бұл жобаның өскелең ұрпақты ұйымшылдық пен бірлікке, жанашырлық пен бауырмашылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейтіндігін ескерсек, «Асарға» ел болып жұмыла кірісіп, қолдау білдіруміз қажет.

«Асар» жобасы қай кезде де ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс болары сөзсіз.

Ендеше, «Асар» жобасына бір кісідей ат салысайық, ағайын!

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі