«АСАРЛАТЫП ҮЙ САЛУ» ЖОБАСЫ КӨКТАЛДЫҚ АНА БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы.

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан тұрғындары тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға баспана сыйлауда. Өткен жылы ауылдықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, 12 отбасына асарлатып үй салып берді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 14 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Игі дәстүр аясында ауылдастарына жанашырлық танытып, бір-біріне көмек қолын созуды азаматтық парызы санаған жаны жомарт жандар араласып, демеушілік жасауда. Осындай азаматтық іс Астананың 25 жылдығында Көктал ауылында көрініс тапты.
Айтулы шарада аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жылы лебізін білдіріп, «Асарлатып үй салу» жобасының маңыздылығына тоқталды.
«Үй салудағы мақсат – тек мұқтаж адамды баспанамен қамту ғана емес, оның астарында халықтың ынтымағы мен берекесін арттыру жатыр. Қазір ауданда асарлатып үй салу жалғасуда. Бұл еліміздің бірілігі мен тірлігін, халқымыздың ауызбіршілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын білдіреді деп есептеймін. Сондықтан, бүгінгі үлкен игі іске атасалысқан азаматтарға аудан жұртшылығының және өзімнің атымнан алғыс айтамын. Елім, жерім деп, осындай игі істерге үн қосатын азаматтар барда ауданымыздың одан әрі өсіп-өне берері сөзсіз», – деді аудан басшысы.
Шара барысында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Досмахан Өмірәліұлы жұртшылықты елдің бірлігін сақтап, ынтымағын арттыруға, жас ұрпақты кішіпейілділікке, татулыққа, қамқорлыққа шақыруға ат салысуға үндесе, үйдің иесі Жанар Бектасова шынайы алғасын жеткізді. Сондай-ақ, асарлатып салынған үйдің көтерілуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімі мен Көктал ауылы әкімінің атынан марапаттарға ие болды.
Жаңа баспананың лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайтын баспана 5 бөлмеден тұрады. Таза ауыз су, көгілдір газ кіргізілген.
«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыға жаңа баспананың салынуына «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мен мәслихат депутаттарының демеушілігін ұйымдастырған «AMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалының ықпалын айта кеткеніміз жөн.

Байзақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі