Әсерлі идеология құрбаны болмаңыз!
Құрметті қысқаметражды ролик түсіретін жандарға қаратып айтамын. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңізге, жұмыстарыңызға шүбә келтірмек емеспін. Ол үлкен еңбек, онда тер, онда қажыр мен қайрат жатыр. Бірақ…
Осы бір аптаның ішінде қайта-қайта әлеуметтік желі арқылы арнайы болмаса да, жасырын түрде жарнамасы жүріп кеткен роликке көзім түсті. Сюжет бойынша өрімдей бір үйдің бағып-қағып отырған қызы көтеріп қойып, онысын үйіне айтып, әкесі есіктен қуып шығады-мыс. Кейін қыз далада қалып, отбасы одан бас тартқан секілді оқиға баяндалады. Осы жері көрерменнің ішкі айғайын тудырып, «обал-ай» дегізеді. Ал кейін қыз баласын далаға тастап кетеді. Ең қызығы, ролик басында үйінен қызын қуып шыққан әкесі далада жатқан сәбиді бауырына басып жылайды. Соңында «кешірші, қызым!» деп аяқталады.
Сюжеті аяушылыққа толы, көрерменді елең еткізеді. Тіпті іші-бауырын езіп жібереді. Роликтің деңгейі жақсы, түсіру жұмыстары сәтті. Тек неге бұл моральды насихаттап жүрсіздер?..
Жеті атасынан қыз алыспаған қазақтың дәстүрі қатаң. Бұл дәстүрлер заманнан қалып кеткен деген жабайы түсінік емес, ұлтты ұлт қылып сақтап отырған қасиет. Ал енді сіздер мынандай дүние көрсетуге ұмтылып жатырсыздар. Қазақта «ТЕК» дейтін салмағы қорғасындай сөз бар. Оған антоним «ТЕКСІЗ» дейтін де қарғыс бар. Қазақ некесін қиып, жарын қасына ақ адал жолмен алмайынша төсек түгілі, көңіл қоспаған. Ал сіздер осы моральды көрсетудің орнына «қызыңыз бір қателікке ұрыныпты, әкесі ретінде кешіріңіз, ол да сіздің балаңыз, аяңыз» деген түсінік жасап отырсыздар.
Ертең қазақ қоғамы осыған үйренеді. Бара-бара қыз баласы «әкем түбі кешіреді ғой» деп ойына келгенін жасайтын болады. Есігін қағып жылайтындардың саны көбейіп кетсе ше..?
Неге керісінше, сол қателікке ұрынбас үшін, сол қателікке барғанға дейінгі алғы-шартын жасайтын тәрбиелі, мәні терең, тектілік туралы, ұят пен ар туралы ролик түсірмеске. Біз керісінше, асқар тау әкені жылатып, оның қатал мінезі мен тәрбиесін аяқ асты етіп, қызға еркіндік бердік. Бұл не Еуропашыл идеологияның лирикаға негізделген нәзік қылын шертетін сарындағы сюжет пе?
Ағылшын фильмдеріндегідей әкесі не анасы баласын шапалақпен бір тартса, бетіне бежірейіп қарап есіктен шығып кететін, артынан ата-анасы сол үшін кешірім сұрайтын… Қызы түзден туып келсе, есік ашып қарсы алатын «бақытты отбасының» образын жасайтын сюжеттерді біздің қазақ қоғамына «мә, көрші» деп берудің қажеті жоқ.
Көгілдір экран, әлеуметтік желі арқылы тәрбиеленіп жатқан санасы соқыр ұрпақты үй ішінен тәрбиелей алмай алқынып жатқан кезде, сіздер жығылғанға жұдырық болмаңыздар. Ал еңбегіміз жемісін берсін десеңіздер, жоғарыда айтып өткенімдей, біздің этикаға, біздің дәстүрге сай, тәрбиесі бірінші орында тұратын, тектілік иісі аңқып тұратын дүние жасаңыздар. Оны мен де, көрермен де, мемлекет те қос қолдап қолдайды.
Like үшін жасалған еңбектің лайық бола бермейтінін түсініңіз, бүгінгі жаңа заманның әлеуметтік ролигі арқылы сусындап жатқан ұрпақ.
М.Ақан