Асфальт өндіретін зауыт іске қосылады
Оңтүстікте жол салу жылдан жылға қарқын алып келеді. Соған байланысты асфальт тапшылығы байқалуда. Жұмысты жандандыру үшін жылдың соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысында «ДезФумекс» серіктестігінің асфальт және битум шығаратын зауыты іске қосылмақ.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан бұл жобаның құны 120 миллион теңгені құрайды. Зауыт өндірістік жоспары бойынша жылына 10 мың тонна битум, ірі түйірлі асфальттан 8 мың тонна, майда түйірлі асфальттан 22 мың тонна, жалпы алғанда жылына 40 мың тонна асфальт және битум шығаруды көздеп отыр.
Жаңа жобаның жүзеге асуы отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және дағдарыс кезінде еліміздің экономикалық тұрақтылықта болуына септігін тигізеді. Кәсіпорын жұмысын бастаған кезде мұнда 20-дан астам азамат жұмыспен қамтылатын болады.
Өндірістің иесі, жергілікті кәсіпкер Жалшыбек Шүменов облыстағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының көмегімен бизнес-жоспарын әзірлеп, қолдануға дайын асфальт шығаруға бағытталған зауытты салып отыр.
Шалқар БЕК,
Оңтүстік қазақстан облысы