АСФАЛЬТ ТӨСЕЛМЕГЕН КӨШЕ ҚАЛМАДЫ

Ауданға қарасты Шайдана ауылының жолдары 30 жылдан бері жөндеу көрмеген еді. Ауыл азаматтары осы мәселені ағымдағы жылы аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен өткен кездесуде көтеріп, Көпбергенов, Нұрбаев, Әлімқұл көшелерін жөндеуден өткізу керектігін жеткізген. Кездесуде аудан басшысы бұл мәселе жыл соңына дейін реттелетінін айтып, уәдесін берген болатын.
Сөзден-іске келер болсақ, Қарасу ауылдық округінің әкімі Айдын Масатовтың айтуынша бүгінде аталған үш көше қиылысымен бірге асфальт төселіп, тұрғындар игілігін көріп отыр. Осылайша, бір ауылдың жол төселмеген көшесі қалмаған.
Округ әкімі алдағы уақытта тротуар және екі көшені жалғайтын қиылыстарға да асфальт төсеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде.
Ауыл тұрғыны Ерболат Беркінов асфальт төсеу жұмыстарына көңілі толататынын жеткізді.
– Жақсы жол мердігерін тапқан екен. Бір апта жолды таптап, үш күнде бір көшені асфальттап үлгерді. Қалған көшелерде солай. Енді ауыл балалары тақтайдай тегіс көшелерде велосипед, самакат теуіп, қызығын көруде,–дейді.