АШАРШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ 12 КІТАП:
1).СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ «АҚ БОЗ ҮЙ»
Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы – ашаршылық, сталиндік қуғын- сүргін, тоқырау заманын қамтыған ең ірі көркем туындылардың бірі.
Жазушы бұл еңбегінде ерекше суреткерлігімен, трилогиясының көркем құрылымымен көзге түседі. Автор Кеңес кезінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалын, «асыра сілтеудің» елге әкелген зардабын шебер суреттеп, ел басқарып отырғандардың жағымсыз қылықтарын, пасықтығы мен әділетсіздіктерін әшкерелей жазады.
«Ақ боз үй» — нәубетті заманның шындығы арқау болған бірден-бір роман. Журналист Жеңіс Шыныбековтың тілімен айтсақ: «С.Елубай өзінің «Ақ боз үй» роман-трилогиясында өткен ғасырдың басы мен орта тұсына дейінгі қазақ ұлты көрген құқайды бажайлап, терең зерттеп, өткір де тұщымды тілмен баяндап берген. Жазушы отызыншы жылдардағы «ақтаңдақтар», «қарадақтар» миллион даған жазықсыз жандардың аштан қырылып, қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңінің, Ұлы Отан соғысының зардаптары, одан бергі тұралау, тоқырау заманы тари хының кең ауқымды панорамасын жасай білген. Романды оқып отырғанда халықтың «Елім-айлап» зар жылағанын, күңіренген үнін естігендей боласыз. Аштан бұралып қырылып жатқан бала-шаға, шал-кемпір, жазықсыз қиянат көрген ер азаматтың тартқан жан азабы тап кинодағыдай көз алдыңызға келіп, төбе құйқаңыз шымырлайды. Зілбатпан салмақ түскен жүрегіңіз төс сүйегіңізді тесіп шығардай тепкіленіп, бұлқынады. Халыққа қасірет әкелген қатыгез заманға екі қолыңды теріс жайып, қарғыс айтқың келеді».
2).ХАЛЫҚ СЕЙТКЕМЕЛОВ «ШҰБЫРЫНДЫ ҚАНДЫ БОСҚЫН»
Ел ішіндегі ірі байлар 28-жылы кәмпескеленіп, айдалып кеткеннен кейін, шаруа бағып, мал өсіріп күнелткен қарашаруалар мен кедей малшылар ғана қалған болатын. Осы кезде Орталықтан келген Голощекин деген империяшыл қолшоқпар «Кіші Қазан» дегенді ойлап тауып, кедейлердің жалғыз-жарым малын тартып алып, жаппай коллективтендіруді бастамақ болды. Мал иелеріне кулак деген таңба басылды. Бұл тап күресі емес, жай жатқан халықты текке қыру еді.
1931-1933 жылдардағы аштық апатында Ертіс ауданының негізі болған Қызылағаш болысының 20 мыңға жуық қазағының жартысына таяуы қырғынға ұшырады. Ақын Мүбәрак Жаманбалиновтың бұл поэмасына сол жылдардың ащы шындығы арқау болған.
Ертіс ауданының құнарлы топырағында шаңырағын ресейліктер көтерген Суворов совхозында, аштық апаты белең алған кездің өзінде, жыл сайын 30-35 мың гектар егін егілген. Жұмысшыларының тамағы тоқ болды. Ал совхоз төңірегіндегі ауыл қазақтары жүрек жалғайтын нәр таба алмай, қынадай қырылып жатады. Совхозға қайыр сұрауға келген қазақ әйелдері мен балаларын салт атты комендант қамшының астына алып, селоның сыртына қуып тастап отырады. Бұл әйелдер мен нәрестелердің көпшілігіне сол жерден топырақ бұйырады. Қариялардың шамалауынша, бұнда көз жұмған әйелдер саны жүзге жуық. Олардың басына орнатылған құлпытаста: «Бұл зиратта 1931-1933 жылдардағы аштық құрбаны болған қазақ әйелдері жерленген» деген жазу бар. Совхозда трактор жүргізу өнеріне қазақтардан ең алғаш Жұмабай Смақановтың ғана қолы жеткен. Өзгелері – келімсектер. Жұмабайдың Павлодар қаласының түбіндегі бір ауылда тұратын жалғыз апасы Мүлипа аштық апатында күйеуінен, 9 баласынан айырылды. Оның аман қалған жалғыз ұлы Кәлен жұбайы Құрадай екеуі әрі сырқат, әрі аштық меңдеген Мүлипаны қоларбаға отырғызып, Жұмабайды іздеп шығады. Поэмада осы үшеуінің жол үстінде тартқан азаптары суреттеледі. Поэма Жұмабай Смақановтың көзі тірісінде айтып берген шындыққа негізделіп жазылған.
3).БАҒДАД ЖАНДОСАЙ «ШОШҚАНЫҢ ҚҰМЫ»
Бағдад Жандосай «Жас алаш» газетінің шежіре қариясы, ең қарт қызметкері болған. Аштық, ашаршылық туралы аз жазылған жоқ. Ал бұл «Шошқаның құмында» нақты дерекке, бастан кешкен оқиғаларға құрылған, бояма, қоспасы жоқ таза туынды.
«Шошқаның құмы» хикаясы кезінде төңкеріліп түскен дүниенің қақпағын қайта көтерген. Әйтсе де Бағдад Жандосайдың жазбалары нақты дерекке, бастан кешкен оқиғаларға құрылған, бояма, қоспасы жоқ таза туынды. Бұл кітаптан үлкен де, кіші де мол тағлым алары, зұлмат жылдар қасіретін толық көзге елестетері даусыз.
4).»ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ АШТЫҚҚА ҰШЫРАДЫ?»
«Қазақ қалай аштыққа ұшырады? (Қасіретті жылдар хаттары)» кітабын С.Әбдірайымов, И.Н.Бухонова, Е.М.Грибанова, Н.Р.Жағыпаров, В.П.Осиповтер құрастырған.
Бұл жинаққа қазақ халқына орны толмас қайғы мен қасірет әкелген отызыншы жылдар ойраны туралы мемлекет және партия қайраткерлері Т.Рысқұловтың, О.Исаевтың, Л.И.Мирзоянның, жазушы Ғ.Мүсіреповтің, сондай-ақ басқа да азаматтардың еліміз бен республика басшыларына әр жылдарда жазған хаттары жарияланған. Оларда сол бір зұлмат кезеңнің экономикалық жағдайы айқын бейнеленіп, аштық пен азапты өлімнің себеп-салдары көрініс тапқан.
Қазақ халқы тарихының қайбір қалтарыс-бұлтарысына үңілсек те ХХ ғасырдың 30-жылдары әкелген зұлматпен шендесер қасіретті табу қиын. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды» сыртқы жаудың басқыншылық шабуылының салдары болса, 30- жылдар ойраны қаскөйліктің, екі шылбыр, бір тізгінін сталинизм ұстаған шикі социализмнің, голощекиншіл ұр-тоқпақтардың «асыра сілтеп», жасыра бүркеп жүріп, қолдан жасаған зобаларының кесірі еді. Қара жолдың бойында шашылған сүйегі жинаусыз қалды. Бұл – тарихымыздың ақтаңдағы емес, дамыл-дамыл еске алар, еске алған сайын бүгінді барлап, ертеңді ескертер, жазылуы қиын қара жара. Бұл – мың-миллион бейбақтар құрбан болған өткелсіз өткеніміздің құрдымы.
Аузымен өртке су сепкен қарлығаштай шырылдап келіп, арашаға түскен Тұрардай, Ғабиттей, Ораздай, тағы басқадай арыстарымыздың бұл хаттарын жүректен қан, көзден жас ағызбай оқу мүмкін емес. Қанаттарын жалын шарпып, өмірлерін өртке тастаулары мүмкін екенін біле тұра жазған. Сонымен бірге, осынау құжаттардың Қазақстандағы ашаршылықты орталық білмей қалыпты» дейтін дәйексіз қауесеттің негізсіздігін тағы да дәлелдей түскенімен де құнды екенін айтқан жөн.
5).М.ҚОЙГЕЛДИЕВ. Т.ОМАРБЕКОВ. «ТАРИХ ТАҒЛЫМЫ НЕ ДЕЙДІ?»
Кітапта қазақ халқы тарихының осы уақытқа дейін зерттелмеген немесе біржақты зерттелген күрделі кезеңдерінің саяси бейнесі жасалған. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғасырымыздың 20-шы жылдарында жаңа қалыптаса бастаған тоталитарлық жүйеге қарсы күреске шыққан қазақ зиялыларының тағдыры сөз болады. Екінші бөлімде 30-жылдардағы ашаршылыққа, жеке басқа табынушылыққа байланысты халқымыздың басынан кешкен ауыр тағдыры баяндалады.
ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдарының алғашқы жартысындағы Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік өмірі туралы, сондай-ақ осы тарихи кезеңнің халық тарихында алатын орны жөнінде жарық көрген еңбектер аз емес. Бірақ қоғамдық ой мен ғылымда идеологиялық диктат үстемдігі жағдайында өмірге келген бұл еңбектер бүгінгі таңда сапалы өзгерістерге ұшыраған қоғамдық сұраныстарды қанағаттандырудан қалды. Кітапта сөз болатын мәселе – көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастырудың ауыр салдары. Жаппай күштеп ұжымдастыруда Лениннің өсиеті аяқасты етіліп, оның шаруаларды кооперативтендіру туралы идеялары дөрекілікпен бұрмаланды. Сталиндік коллективтендірудің лениндік кооперативтендіру жоспарынан жер мен көктей айырмашылығы болды. Оқырманға ұсынылған бұл кітап авторлары осы ойды нақты мысалдармен көрсетіп беруге күш салып, 20-30-шы жылдардың саяси-әлеуметтік өмірінің көлеңке тұстарына, ақтаңдақтарына көбірек үңілді.
6).»ҚЫЗЫЛДАР ҚЫРҒЫНЫ»
Қызыл империяның қолымен жасалған 1931-33 жылдардағы алапат аштық қазақ халқын тарихта бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшыратып, тең жартысына жуығын жалмады. Тарихымызда бұрын айтылмай келген аталмыш ақтаңдақ туралы деректі, зерттеу мақалалардан тұратын бірді-екілі кітап жарық көрген болатын. Ал бұл кітапта сол аштықтың зардабын тартып, өздері де бір өліп, бір тірілген тірі куәгерлер көздерімен өріп, бастарынан өткерген зұлмат жылдар трагедиясын баяндайды.
Кітапта 1931-1933 жылдардағы аштық туралы тоталитарлық жүйе тұсында шындықты айтуға тыйым салынғаны, тағдыры тәлкекке түсіп, небір сұмдықты өз бастарынан кешіріп, тірі қалғандардың аянышты тағдырлары жазылған.
7).МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ «АҚТАҢДАҚТАР АҚИҚАТЫ»
Белгілі академик Манаш Қозыбаев бұл еңбегінде отызыншы жылдары Голощекин жүргізген «Кіші Қазан» төңкерісінің қазақ халқына қаншалықты қасірет әкелгенін сөз етеді. Тарихи деректерге сүйене отырып, «Ермак кім?» деген сұраққа байыппен жауап береді. Кітапта Хрущевтің, Брежневтің, Голощекиннің саяси портреттері берілген.
8).САПАРҒАЛИ ЛӘМБЕКҰЛЫ «АРЫСТАР»
Сапарғали Ләмбекұлының «Арыстар» дилогиясының бұл екінші кітабында Голощекиннің қазақ елін ашаршылыққа ұшыратқаны, сталиндік қуғын-сүргін тудырған зобалаңдар сөз болады.
9).ҚҰРМАНБАЙ ЕСПЕНБЕТОВ «КҮРЕҢБЕЛ ҚАСІРЕТІ»
Бұл кітап ашаршылық жылдары орын алған оқиғалар желісімен жазылған. Автор Күреңбел жерінде болған қасірет арқылы күллі қазақ даласындағы тарихи, саяси ахуалдарды суреттеген. Автор өз анасынан, оның замандастары айтқан естеліктердің негізінде жазған. Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде биліктердің жасаған әрекеттерінен қиындыққа тап болып, қыспаққа түскен, тіршілік азабын тартып, қайғы жұтқан Күреңбел халқының өмірін көрсету арқылы күллі қазақ халқының басына түскен нәубетті көрсеткен. Шындық негізінде жазылғанымен көркем шығарма.
10).АМАНБАЙ ЕСІЛБАЙ «АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ»
Белгілі қаламгер Амантай Есілбайдың бұл еңбегі тарих ақтаңдақтарының бірі – ашаршылықты өз басынан өткеріп, тағдыр тауқыметін қайыспай көтере білген жанның өз айтуымен еш қоспасыз сол қалпында жазылған. Автор кейіпкер айтқан оқиғалармен шектеліп қалмай, Ақмола, Атбасар өңірінде ашаршылық жылдары ел басынан өткен тарихи оқиғаларды толық қамтуға тырысады.
Ел тарихынан үлкен мағлұмат беретін шығармада автор тіл көркемдігіне, ой тереңдігіне мән беріп, оқиға желісін қызғылықты баяндауға ден қойып, бір адамның өмір тарихын суреттеу арқылы тарихтан сыр шертуге тырысады. «Асылдың сынығы» — сонысымен құнды. Аталмыш еңбектің тілі жатық, ойы орамды. Қамтылған оқиғалар өмірдің өзіндей шынайы, боямасыз қалпында көз алдыңа елестейді.
11).ВАЛЕРИЙ МИХАЙЛОВ «ҒАЛАМАТ ЖҰТ ШЕЖІРЕСІ»
Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Қазақстанда адам айтқысыз ауыр трагедияның болғаны белгілі. Ғасырлар бойы көшпенді өмір сүріп келген қазақ жұртын еш дайындықсыз, қысқа мерзім ішінде отырықшылық жағдайға көшіруді қолға алған ойы шолақ, ісі олақ саясаткерлердің оспадар әрекетінің салдарынан қазақ даласын жайлаған жаппай аштық пен ауру-індеттен жергілікті халықтың үштен бірінен көбірегі жойылып кетті. Қолдан жасалған жұт құрбандарының арасында қазақ жеріне зорлап көшірілген ресейлік шаруалардың қаймағы дерлік көптеген басқа ұлт өкілдері болды. Алпыс жылдан астам уақыт бойы жабық болған бұл тақырыпқа алғаш рет қалам тартқан қазақстандық жазушы В.Михайловтың 1992 жылы қазақ тілінде «Ұлы жұттың жазбалары» деген кітабы жарық көрген еді. Автор оны толықтырып, 2008 жылы орыс тілінде қайта шығарды. Кейін ол қазақ тіліне ықшамдалып аударылды.
12).»1932-1933 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ АҚИҚАТЫ»
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ тарихында «ұлы ашаршылық» атауымен қалғаны белгілі. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру КСРО тарихындағы жалпы адамзатқа қарсы жасалған қатыгез тәжірибе болатын, оның зардаптары бүгінге дейін жойылған жоқ. КСРО-ның ресми билігі мен тарих ғылымы ашаршылық мәселесін жарты ғасырдан астам уақыт жасырып келді немесе оны өздеріне тиімсіз көрсетті.
1930 жылдардағы ұжымдастыру және ашаршылық құрбандарына арналған ұжымдық монографияда Мемлекет тарихы институты ғалымдары мұрағаттық құжаттар мен қазақстандық, кеңестік, ресейлік және батыстық еңбектер негізінде Қазақстан тарихының сол бір қасіретті беттерін кешенді зерттеу және жаңаша ой- тұжырымдар жасауға талпыныс жасады.
@kzkitap