Асхат Аймағамбетов: Мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл бастамаларға таңғалмай, керісінше, қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еліміздегі әлеуметтік реформалар туралы ой бөлісті. Ол алты жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі өзгерістерді салыстыра отырып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым. 500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім — бұл жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады. Мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті. Осыдан алты жыл бұрын, егер мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылып, қарапайым жұмысшы мамандары Ақордада мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді. Бірақ заман өзгерді», – деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл бастамаларға таңғалмай, керісінше, қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық.

«Әрқашан бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақытылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық», – деді Аймағамбетов.

Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттарға апаратын нақты жолды салып, ауқымды реформаларды жүргізіп, іске асырғанын атап өтті.

«Бірінші кезекте, білім беру жүйесіндегі тарихи өзгерістерге тоқталу қажет. Мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым. 500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім – бұл жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады», – деді ол.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысы 109 мың теңгеден екі еседен астам өскенін, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын, мәжбүрлі түрде газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, шексіз есеп беру міндеттері заңмен тоқтатылғанын еске салды.

«Тіпті бүгін осындай жағдайлар болса, оған қоғамның өзі қарсылық танытып, резонанс тудыратын жағдайға келдік», – деді депутат.

Бұрын мұғалім мамандығын түлектер амалсыздан, абыройлы мамандықтарға түсе алмаған кезде ғана таңдайтын.

«Ал қазір ол беделді мамандықтың қатарына кірді. Енді бұл мамандыққа ең мықты түлектер түсіп жатыр. Мысалы, педагогикаға түсетін талапкерлердің орташа балы 55-тен 100 баллға дейін көтерілді», – деді ол.

Президенттің «Жайлы мектеп» жобасына тоқталған депутат бұл бастаманың еліміздің барлық өңірлерін қамтитынын атап өтті.

«Енді мектептің қай жерде орналасқаны маңызды емес – ауылда ма, қалада ма – барлық жерде бірдей жоғары стандарттар: заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. Бұл бұрынғыдай тек облыс орталықтарында ашылатын 20-30 элиталық мектеп емес. Бұл – бүкіл ел бойынша, оның ішінде шалғай ауылдарда салынған 217 жаңа әрі жайлы мектеп», – деді Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта тек имидждік нысандар емес, шын мәнінде елге қажет мектептер мен ауруханалар салынып жатыр.

«Өйткені әр жаңа мектеп – жай ғана ғимарат емес. Әр мектеп – бұл нағыз болашақтың фабрикасы», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, депутат әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтты.

«МӘМС бойынша шешілмеген сұрақтар көп. 3,5 млн азамат МӘМСпен қамтылмаған, сапалы медициналық көмекке қолжетімділік, реттелмеген тарифтер проблемалары бар. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды берді», – деді ол.

Оның айтуынша, тағы бір үлкен мәселе – азаматтық қызметкерлердің жалақысының төмендігі мен 500 мың мүгедектігі бар жандардың бүгінгі нарық пен бағаларға сай келмейтін жәрдемақысы.

«Бұл мәселелерді болашақта шешуіміз қажет», – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов Президент Ұлттық Құрылтайда «Адал азамат» тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталғанын атап өтті.

«Енді мұғалімдер мен барлық қоғам сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстарын одан әрі күшейтуі қажет», – деді ол.

Сөзінің соңында депутат: «Атқарылған реформалардың барлығы – Ел Президентінің жаңа, заманауи саясатының айқын көрінісі. Егер бұрын әлеуметтік саясат салдармен күресуге бағытталған болса, қазір проблемалардың алдын алуға басымдық берілуде. Бұрын әлеуметтік саясат – құлағандарға сүйеу болса, қазір ол адамдарымызды құлатпауға бағытталған. Бұл енді өзгермейтін қағидат болып қала бермек», – деп қорытындылады.

https://turkystan.kz/article/257457-askhat-aimagambetov-mug-alimnin-shamy-sonip-kalsa-barlyk-kogam-karang-yda-kalady

 сурет: parlam.kz