Асхат Аймағамбетов: Білім-ғылым саласын қолдауда Ақтөбе облысының әлеуеті жоғары.
Бейсенбі, 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен министр Асхат Аймағамбетов ең алдымен жұмыс сапарын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар қауымымен кездесуден бастады.
Министр білім ордасының ұжымына «Болашақ» бағдарламасының түлегі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Назарбаев университетінің докторанты Лаура Қарабасованы ректор етіп тағайындап, ұжыммен таныстырды.
Айтып өтейік, министр Ақтөбенің тумасы, осы университеттің түлегі боп саналатын жаңа ректор Л.Қарабасованың қызметіне сәттілік тілеп, өңірлік университетті алға жылжыту бағытында зор сенім артылып отырғанын айтып өтті.
Содан кейін, министр Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде болып, «Жас маман» жобасының жұмысымен танысты. Колледжде көптеген жастар ауылшаруашылығы, мұнай және газ, электрмен жабдықтау бағытында білім алуда. Колледж студенттерінің шығармашылық жұмыстарымен танысып, іс-тәжірибесіне көз жіберген министр мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қолдау тұрғысындағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Министрдің жұмыс сапары Батыс шағын ауданында орналасқан «Білім» мектеп-гимназиясында жалғасты. Жеке кәсіпкердің қаржысына тұрғызылған жаңа нысанның ішін аралап көрген бас ұстаз заманауи талаптарға сай жабдықталған кластарға өзінің оң бағасын беріп өтті.
Жұмыс сапарының соңында министр А.Аймағамбетов өңір басшысы О.Оразалинмен бірге облыс әкімдігінде аймақтың білім саласының қызметкерлері, педагогикалық қауымдастығымен, мектеп директорларымен ұйымдастырылған кездесуге қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталды.
— Мемлекет басшысы білім-ғылым сапасын арттыру бағытында алдымызға нақты тапсырмаларды қойып отыр. Педагог мәртебесін көтеру, мектеп құрылысын арттыру, жоғары және арнаулы білім мекемелерін қолдау бойынша елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта Президент тапсырмасын орындау бойынша елімізде мыңнан астам мектеп салынады. Ақтөбе облысында да 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Біз облыс әкімімен бірге білім саласын қолдау бағытында екіжақты меморандумға қол қойдық. Сапалы білім беру мен ұстаздар қауымын қолдау тұрғысынан келгенде Ақтөбе облысының әлеуеті өте жоғары. Өңірде жасалған жұмыстар өте көп, бірлесіп атқаратын жұмыстар өз жалғасын табатын болады», — деді А.Аймағамбетов.
Жұмыс сапарының соңында Асхат Аймағамбетов білім саласындағы оң өзгерістерге көңіл бөліп, ұстаздар қауымына көп қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкіміне алғысын білдірді.