Ащысайдың болашағы алда

Моноқалалар тізіміне енген Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қазір барынша ажарланып келеді. Бір кездері халқы тым азайып, көркі қашқан шаһарда бүгінде 96 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бір жыл ішінде тұрғын саны мыңнан астамға көбейген. Тәжірибелі басшы Әбдібақыт Мақұлбаев тізгінін ұстаған қала бюджеті де өсумен келеді. Осы жылдың қазан айындағы есеп бойынша өні көлемі 992,8 миллион теңгеге жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 26 миллиард 020,7 миллион теңгеге жоғары. Он айдың қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс бөлігі 100,5 пайызға орындалып, 8 843 391,8 мың теңгені құрады.

Кентау жайлы айтқанда Қаратаудың қойнауында жатқан Ащысай ауылының жай-күйі көңілге әсер етеді. Кентау мен Созақ ауданын жалғап жатқан, таудың ішін жарып өтетін тас жолмен әрлі-берлі жүргенде сұрқай тарқан ауылды көріп, жанымыз күйзелетін. Кеңес Одағы тұсында дүркіреген өндіріс орны ретінде атағы алысқа ұзаған ауыл еді. Фашистік Германияның әскеріне қарсы атылған 10 оқтың 9-ы Шымкенттен шыққан десек, сол оққа пайдаланылған шикізат осы Қаратаудың қойнауынан — Ащысайдан алынған деседі. Сол жылдары осы бір кішкентай ауылдың өзінде 17 мың халық қоныстанған. Соның нәтижесінде таудың бір қуысында қаз-қатар көпқабатты үйлер салынып, Ащысайдың қазаны қыж-қыж қайнаған. Қазір онда 2 мың ғана тұрғын қалған. Қалғаны тіршілік қамымен жан-жаққа тарыдай болып шашылып кеткен. Дегенмен, Ащысайдың болашағы әлі алда деп ойлаймыз.

Ащысай ауыл әкімдігінің бас маманы Сабира Сағынбаеваның айтуынша, кішкентай ауылдағы екі мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Онда 327 бала дәріс алады. Олардың жанынан ашылған шағын орталықтарда 50 бүлдіршін тәрбиеленеді. 400 орындық мәдениет ошағы толық жөндеуден өткізіліп, жылу қазандықтары орнатылған. Ендігіде нысан бос тұрмастан, мұнда бірқатар спорттық және мәдени секциялар ашылып, ащысайлықтарға қызмет етіп жатқан жайы бар екен. Интернет ұстайды, ұялы байланыстан жырақ жатыр деп айта алмаймыз. Көше бойлары жарықтандырылған. Ауыз судан проблема жоқ ұқсайды. Бір сөзбен айтқанда, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» секілді көрінген Ащысай ауылының тұрғындарының өмірге деген өкпелері қара қазандай деп айта алмайсың. Тұрғындардың біраз бөлігі мемлекеттік әлеуметтік нысандарда қызмет етсе, 60-70-ке жуық жастар вахталық негізде жұмыс істейді. Мемлекеттен субсидия алып, мал шаруашылығын кәсіп етіп отырған тұрғындар да жоқ емес. Қалғандары зейнеткерлер мен жас балалар.

Айтқандай, жуырда Ащысайдың қойнауындағы қорғасынды игеру мақсатында қытайлық инвесторлар келіп, келісімге отырып, құрылыс жұмыстарын бастап қойған көрінеді. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асар болса, мұнда қайта кен игеріліп, Ащысайдың байырғы өмірі қайта басталатынға ұқсайды. Сонда жергілікті тұрғындарға да тұрақты жұмыс табылып, елге оралатындар қатары артуы әбден мүмкін. Сол себепті де Ащысайды болашағы жоқ ауыл ретінде қарауға негіз жоқ.

Нұр МЕКЕН,