Ашыққан жылан

Шетелдерде отбасын құрып, бала санын көбейткеннен гөрі аң-құс, жан-жануар, ит асырап, бар қамқорлығын, тапқан табысы мен ыстық ықыласын соған ғана арнайтындар бар ғой. Сондай бір әйел кісі питон жыланын бала кезінен бастап бағып-қағады. Оны жас сәбидей мәпелеп, шомылдырады, ұнатқан асын жегізеді. Бар қуанышы да, уайымы да — сол жыланы болады. Жылан да әйелдің бар көңіл-күйін ұғатындай өмір сүріп жатады. Күндердің күні ол мүлдем ас ішуден қалады. Басын көтермей оратылып алып аш жатады да қояды. Әйел байғұс бар тапқанын аузына тосса да ешбіріне көз қырын салмайды. Шарасыз әйел мал дәрігеріне жүгінеді:
— Жыланым қаншама күннен бері нәр татқан жоқ. Түнімен маған оратылып ұйықтап шығады, күні бойы аш. Түнде маған оратылып жатқанда, мені қимайтындай, көз алдымда семіп бара жатқандай көрінеді, — деп жылап жібереді. Жыланды әбден қарап шыққан дәрігер:
— Иә, қиын жағдай екен. Бірақ, сіз дәл уақытында хабарласыпсыз. Жыланның ешқандай ауруы жоқ. Ол тек сізді жұту үшін асқазанынан орын дайындап ашығып жүр. Түнде оратылып жататыны — сіздің көлеміңізді өлшеп жүр! — дегенде әйел есінен танып түсе жаздапты.
Міне, достар, бетпе-бет келген ашық дұшпаннан гөрі жаныңда күліп, құшақтасып жүрген достың озбырлығы он есе қиын екен. Сондықтан адам дос таңдағанда саған зияны тимейтін, болашағыңа балта шаппайтын адал, мейірімді, ақылды дос іздеу керек.
Серік Қалиев