Ашынған аналар министрлікке, парламентке неге келді?

Соңғы жасақталған А.Мамин Үкіметіне «елдің дүрлігуін емес бірігуін, кедейленуін емес теңелуін» қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, күрделенген әлеуметтік мәселелерді шешу қазіргі Үкіметтің атқаруға тиіс ең басты міндеті.
Алдымен тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау Заңмен бекітіліп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әрбір балаға 21 мың теңге беру бойынша жұмысты бастап кетті.

 

Қандай құжат керек?

Басында көпбалалы отбасыларға жәрдемақы деп аталып, кейін өмір сүру шегі ең төмен тұрғындарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек деген айдармен үлестірілмек жәрдемақының жыры тым тереңдеп барады. Республикамыздың барлық аймақтарында қауырт жұмыс істеп жатқан Жұмыспен қамту орталықтары құжат жинау талаптарын тым шектен шығарып жіберіп жатыр. Жоғарыдан құжат жинау үшін ата-аналарды жан-жаққа сабылытпау туралы пәрменді тапсырма болғанымен, іс пен сөздің алшақтығы аналарды тағы да ашындырып отыр.

Құшақ-құшақ құжат жинап, таңсәріден қайта-қайта Жұмыспен қамту орталығына ағылудан қажыған халық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сосын Мәжіліске барған. Аналардың негізгі талабы «21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны тұрмыс жағдайына қарамай, әрбір балаға беру керек. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту керек. Отбасы табысын есептеу кезінде зейнетақыны, несиені кіріс деп санау мүлдем ақылға сыймайды. Билік алғашқы жарнасыз үй алуға болатындай жеңілдік жасауы тиіс» дегенге саяды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: «Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жеке куәлік пен бір ғана өтініш жеткілікті. Басқа қажет құжатты комиссия әділет министрлігіне сұраныс жіберіп, өзі алуы керек. Тиісті заң қабылданды. Заң орындалуы үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер де қолданысқа енді. Комиссия қосымша құжат талап еткен жағдайлар анықталды. Бұған байланысты министрлік жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатыр», — дейді.

 

Кіріс қалай есептеледі?

Нұр-Cұлтандағы Бейбітшілік 25-те құжат қабылдап жатқан Жұмыспен қамту орталығы 21 мың теңге жәрдемақыдан дәмелі тұрғындардан жеке куәліктен басқа ештеңе сұрамауға тырысып-ақ жатыр. Бірақ…
Тұрғылықты мекен жай туралы анықтама — қазіргі таңда уақытша мекенжай құжатымен АӘК алуға болады. Кіріс ретінде зейнетақы, несие, мүгедек балаға қараушыларға бөлінетін жәрдемақы, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы, алимент, асыраушысынан айрылған отбасына тағайындалатын жәрдемақы саналады.
Е-Халық базасында 2007 жылдан бергі ақпарат қана бар, ал одан бұрынғы ақпараттардың кейбірі жоқ. Сондықтан, құжат тапсыруға жеке куәлік (өзіңіздің түпнұсқа, ал жолдасыңыздың ИИН көшірмесін), балалардың туу туралы куәлігін (ИИН болуы керек) ала барған дұрыс.
Отбасында бір адам жұмыс істеуі міндетті. Егер отбасындағы бала кішкентай (7 жасқа дейін) болса, онда анасынан жұмыс істеу туралы құжат сұрамайды. Ал әкесі жұмыс істеуі керек. Егер отағасы жұмыссыз болса онда, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 10 күннің ішінде жұмысқа тұруы керек. Сол кезде құжаттарды өткізуге болады.
Атаулы әлеуметтік көмек алты ай мен бір жылдың аралығында беріледі. Ақша ай сайын түсіп тұрады. Тек құжаттарды 6 айда бір немесе 1 жылда бір рет жаңалап отыру керек. Құжат тапсырған соң арнайы комиссия 3-10 күннің ішінде үйіңізге барады.
Ал өзін-өзі еңбекпен қамтыған адамдар бірыңғай жиынтық төлем жасамаған болса, онда тездетіп БҰЗҚ-ға немесе екінші деңгейлі банкке барып немесе Каспий.кз арқылы зейнетақы төлемін төлеуі тиіс. Зейнетақы аударымы кемі үш ай төленуі керек, одан кейін де АӘК құжат тапсыруға болады. Өзін-өзі еңбекпен қамтыған адамдар бірыңғай жиынтық төлем ретінде 2300 теңгені Каспий.кз қосымшасы арқылы төлеу жеңіл дейді мамандар.
Жұмыспен қамту орталықтары құжатты кез-келген уақытта қабылдай береді. Бұл пилоттық жоба 10 жылға жоспарланған. 30 сәуірге дейін құжат тапсырып үлгергендер, 1 сәуірден бастап жәрдемақыларын алатын болады.

 

21 мың теңгенің жыры

Қолдағы ата-ананың зейнетақысын, қорадағы мал мен талдың кірісін, тууына кепілдік жоқ тауықтың жұмыртқасын, тіпті несиені кіріс ретінде санауды «қандай білгіш қай жерімен ойлап тапқаны» биліктегі «оқығандарға» ғана аян. Ал «айлығы шайлығына жетпей» қалт-құлт еткен шаруа шекесі шылқып шалқайып, шырт түкіргендердің қатарынан екенін естігенде естен танбай қалай жүр екен дейсің.
Халық 21 мың теңгені алмаса да «аштан өліп, көштен қалып» жатқан жоқ.
Десек те… 21 мың теңге біле білген адамға, қалжыраған халықтың қалын жақсартудың қамы емес, кең байтақ қазақ даласын көзалартқан дұшпаннан қорғаудың бірден бір тетігі, демографиялық олқылықтың орнын толтырудың төте жолы емес пе еді!?
21 мың теңге біле білген адамға «Неге балаларды біреулер туып, басқалар асырау керек» деп, көпбалалы отбасыларға, аналарға, көпбалалы отбасында өсіп келе жатқан балаға қырын қарайтын психологиядан арылтып, «Балалы үй базар» қағидасын қалыптастыруға біріктіретін күш емес пе еді!?
21 мың теңге «Артық дәулет бас жармайды» деп маңдай терімен тырманып, тұрмысын түзеп, сапалы болашақ, салауатты өмірге ұмтылған ата-ананың арқасын кеңге салып, ұрпағын «ешкімнен кем қылмай» өсірсем деген үмітінің үкіленгені болатын.
Алайда біздің Үкіметке ақылына білімі сай бай-қуатты, ерік-жігері тасыған қайратты халық емес, «арқа еті арша, борбай еті борша» күн көріс күйін күйттеген тобыр ғана керек болғаны ма сонда?

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ