Асқар Жұмаділдаев жайында 15 дерек
Ғасырлар бойы 1000 жылда бір туатын дара, қайталанбайтын тұлға Асқар Жұмаділдаевты бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Нағыз қазақ ауылынан шыққан, күнге күйіп, құмның арасында ойнап жүрген баладан «әйгілі математик» шығады деп кім ойлаған? Көшеге бір қолына нан, екінші қолына қант алып, 5-6 жастағы ойын баласының өзінен үлкен бабалалардың мектепке бара жатқанын көріп, қызығып, жасы жетпей тұрғанына қарамастан, ерте оқығысы келеді. Сөйтіп, мұғалімдерге жалынып, ерте мектепке барады. Жастайынын оқ бойы озық болып өседі. Жанындағы достары теңбіл доптың артынан қуса, ол білімнің артынан шапқысы келеді. Сондықтан болар, достары кішкентайынан Жұмаділдаевты «Оқымыс» деп атап кеткен.
Сол кездегі кішкентай «оқымыс» — бүгінде ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик. Есімі қазақ жерінде ғана емес, шет елдерге де белгілі. Ғылымда ашқан жаңалықтары, мақалалары, шешкен есептері баршаға аян. Асқар Жұмаділдаевты тек математика саласының білгірі ретінде ғана емес, өмірлік принциптері мен мінезінің ерекшелігі жағынан да даралайды. Назарларыңызға ұлтымыздың бүгінгі математигі Асқар Жұмаділдаев туралы қызықты 15 ДЕРЕКТІ ұсынамыз:
- Атасының аты Жұмекен. Шалдың баласы болып өскендіктен, ешкім бетіне қарап сөйлемеген.
- Достары футбол ойнап жатса, бала Асқар қолына таяқ алып, жерге есеп шығарады екен.
- Математика ғана емес, тарих пен әдебиетке де біршама жақындығы бар. Қазақ ұлтының шығуы, тарихи қалалар жайында көптеген мақалалар жазған. Арасында өлең жазатын әдеті де бар.
- Мектепті қызыл дипломға бітірген.
- Анасы Күлшат баласының мектеп табельдері мен дәптерлерін сандыққа жинап, осы күнге дейін сақтаған.
- Күні-түні ұйықтамай, көзі қызарғанша кішкентай шамның жарығымен кітап оқитын болған.
- Асқар Жұмаділдаевтың мектептегі мұғалімі Қали Дүйсеманов: «Асқардың қойған сұрақтарына нақты жауап беру үшін, көп мұғалімдер оның оқитын сыныбына дайындықсыз бармаған. Тіпті, білмейтіндерін бірінен-бірі сұрап отыратын кездер болды».
- Жастайынан өте жылдам, тез сөйлейтін қабілетімен ерекшеленеді.
- Іні-қарындастарының барлығы Асқар ағасының жолын қуып, математика, сондай-ақ, қаржы саласында да қызметтер атқарып келеді.
- Қазақтың белгілі ақыны Тұманбай Молдағалиевтің күйеу баласы. Алғаш Тұманбай ағаның қызы Құралайға ғашық болып, үйленеді. Қатал тағдырдың жазмышы Асқар ағаны айналып өтпеді. Құралайдан да, жалғыз ұлынан да айырылып қалады. Кейіннен Сәуле есімді жарымен көңіл жарастырып, бүгінде Медет және Сағым атты ұлдарын тәрбиелеп отыр.
- Орыс тілін жетік меңгермесе де, Алматыдағы физика-математика мектебінде 7 сынып оқып жүргенде сонау Ресейдің М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универсиетіне оқуға түсу үшін былай деп хат жазады: «Уважаемый проверяющий! Вы не могли бы прислать брошюру о МГУ и что нужно сделать, как готовиться? Посоветуйте пожалуйста, чтобы поступить в МЕХМАТ МГУ? И еще один вопрос: как получить задание из вечерней математической школы? Я был бы весьма благодарным, если бы помогли достать ее До свидания!» Мой адрес: г. Алма-Ата, … Аскар Джумадильдаев.
- Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың тұңғыш математигі. Бұл – әлемдегі тұңғыш қазақша атауы бар алгебра!
- Ол Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А. Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, лекциялар оқыған.
- Академик ұялы телефон ұстамайды да, қолданбайды да.
- Биыл академик Асқар Жұмаділдаев 60 жасқа толды.