Әскери борышын өтегендерге жеңілдіктер қарастырылады

Елімізде әскерден келген жастарға университетке түсуге мүмкіндік жасалып отыр. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мерзімді әскери қызметін өтеген жастарға оқуға түсу үшін қандай жеңілдіктер қарастырылғанын түсіндірді.
«2022 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін арттыру, оның ішінде ҚР Қарулы күштерінің, басқа да әскери құралымдар қатарында мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктерін алу жұмысына бастамашы болды. Бұл жобаға жастар оң пікірлерін айтып жатыр», – деді А. Төлембаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктерге тоқталды.
Біріншіден, қызмет аяқталғаннан кейін ҰБТ-ны ескерместен екі жыл ішінде ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігі бар.
«Екіншіден, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібімен ерекшеленген әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО есебінен оқу құқығы беріледі. Бұдан өзге, оқу орнының әскери кафедрасында емтихансыз тегін оқуға болады. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметін өтеп шыққандар қатардағы жауынгер болады. Ал егер офицер шенін алғысы келсе, олар әскери кафедрада білім алып, лейтенант атанады», – деді министрдің кеңесшісі.
Бұл келісім әскери қызмет өткерген және орта мектепті бітіргені туралы аттестаты, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар адамдарға қатысты.
Сонымен қатар мерзімді әскери қызметтен өткендер ҚР Қорғаныс министрлігі оқу орындарына емтихансыз түсе алады.
Бұл тұрғыда жастарға жоғары оқу орнына жеңілдетілген тәртіппен түсуі үшін тапсырылатын құжаттар тізімі айқындалды.
«Бұл жеңілдіктерді пайдалану үшін жастар тиісті құжаттарды жоғары оқу орындарына тапсыру керек. Оның арасында әскери қызметті өткергені туралы анықтаманы ұсыну тиіс. Бұл құжатты халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады», – деді А. Төлембаева.
Сонымен қатар, жастар әскери билет пен жеке куәліктің, білімі туралы құжаттың көшірмесін, 086 анықтамасын тапсыруы тиіс.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін енгізу бастамасын еліміздің 40-тан астам жетекші жоғары оқу орны қолдады.
Осы орайда ол тиісті келісім аясында ЖОО-лар 100 пайыз жеңілдік беретінін айтты.
«Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды оқыту үшін үш мың орын беру жөнінде келісімге қол қойылды», – деді министрдің кеңесшісі.
Бұған дейін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында жеңілдікпен біЛім алу туралы келісім 2023 жылдан бастап күшіне енетіні хабарланған еді.
Еске салсақ, былтыр күзде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әскери борышын өтегендерге университеттерде жеңілдіктер қалай берілетінін түсіндірді.
«Бұл жерде ескеретін екі жайт бар, біріншіден, біз грантты тек заңды түрде ҰБТ нәтижесі арқылы бере аламыз. Екіншіден, Қорғаныс министрлігі өзіміздің бірнеше университет, жоғары оқу орындарымен келіскен жағдайда, біз оған қарсы емеспіз. Шын мәнінде де, жастарымызды әскери қызмет атқаруға ынталандыратын тетіктер табуымыз керек. Өкінішке қарай, қазір көп жастар әскерге барғысы келмейді. Яғни әскери қызметтен кейін оқытуда халықаралық тәжірибеге сүйену керек, мысалы Израильде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде, мына тұрған Өзбекстанның өзінде осындай тетіктер бар. Грант емес, сол университеттің өз жеңілдіктері немесе ақылы түрде түсу мүмкіндігін бере аламыз. Бірақ мемлекеттік грант тек ҰБТ негізінде беріледі. Сондықтан, бұл жерде заңбұзушылық жоқ. Конституцияны да, ҰБТ механизмін де бұзбаймыз. Жалпы әскерімізді, армиямызды, Қорғаныс министрлігін қолдауымыз керек», – деді Саясат Нұрбек.

Қазақпарат