Аспаптар əуені «Астана Операда»
Күнделікті күйбең тірлікке еніп, сырт-сырт соққан сағат тіліне ілесумен өтіп жатқан уақытымыз есепке алынбай жатады. Джек Лондон айтқандай: «Адамның негізгі міндеті — күнелту емес, өмір сүру». Қарбаласта өмірден лəззат алу мүмкін емес. Бірақ та, сəттердің жиынтығынан тұратын əрбір күніміздің өз сыйы бар. Солардың бірі — əуен.
Өткен аптада, нақтырақ айтқанда, 7 маусым күні «Астана Опера» театрының камералық залында Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті мен пианист Данияр Есімхановтың қатысуымен өткен «Музыкалық сұхбат» концертінің куəсі болдық. «Қазақквартет шақырады» топтамасынан ұсынылған концерттік бағдарлама — классицизм жəне романтизм бағытындағы шығармаларға арналды.
Классикалық музыканың тұрақты тыңдармандары жиналған концертте Айдар Тоқталиев, Алексей Лебедев (скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) және шығармашылық топтың жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтар (виолончель) әйгілі Йозеф Гайднның №6 ішекті аспаптар квартеті, ми-бемоль мажор, ор.76, сондай-ақ романтик-композиторлардың шығармалары — Ф.Шуберттің №13 шекті аспаптар квартеті, ля минор «Rosamunde» D 804, ор. 29 және Д.Есімхановпен бірге Р.Шуманның Клара Шуманға арналған фортепианолық квинтеті, ми-бемоль мажор, ор.44 композицияларын орындап, көрерменге көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, соңғы орындалған Р.Шуманның фортепианолық квинтеті, ми-бемоль мажор, ор. 44 жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырса, әуенге елітіп, тына қалған жұртшылықтың музыка тілінің табиғатын түсініп, терең бойлай алғандықтары көрініп тұрды. Себебі, концерттен кейінгі ду қол шапалақтар мен лебіздер, «браволаған» тыңдарманның шынайы ықыласы камералық залды жаңғыртып жіберді.
Жанұзақ Койчукулов