Аспараның ару әкімі

Ару – сұлулықтың символы болса, ана – мейірімнің үлгісі. Маңайына шуақ шашып, қолына алған ісімен шарапатын тигізіп жүретін қыз-келіншектердің мерейлі мерекесі көрікті көктемнің басында келуінің өзі жаратылыстың үйлесімі іспетті. Болмысы нәзік болса да ер азаматтармен үзеңгілесе аттан түспей, басшылық қызметті атқарып, қажет кезде шекара шебінде тұрып, қауіпсіздікті күзететін, еңбектің ауырын да қаймықпай көтеретін әйелдер баршылық. Солардың бірі – Меркі ауданындағы Аспара ауылдық округінің әкімі Гауһар Оспанбекова.

Ауыл әкімінің өзіне жүктелген сенім жүгін жауапкершілікпен көтере білгенінің арқасында талайларды сынға салған кешегі пандемия кезінде бұл ауылда бір де бір науқас тіркелмеген екен. Осының өзі әкімнің тынымсыз іскерлігін байқатса керек.

– Аспара ауылдық округіне үш елді мекен кіреді, оларда 1693 тұрғын қоныстанған. Тұрғындардың кәсібі негізінен ауыл шаруашылығы саласымен байланысты. Жалпы, ауылда 45 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 5 жеке кәсіпкерлік бар. Аспаралықтардың 332-сі жастар, ауылға қатысты барлық істерде олардың қолдауын сезініп келеміз. Мәселен, жастарымыз бірлесіп, кіреберіске ауылдың аты жазылған арка орнатып берді. Қазір мешіттің жанынан ас тарататын асхана салып жатыр. Жыл сайын Наурыз тойын да жастар ұйымдастырады. Әр жылы туған жастар киіз үй, шатыр тігіп, наурыз көже дайындап, дастарқан жайып, мейрамды ұлттық ойындармен өткізіп жүр. Былтыр Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараларды 1985 жылы туғандар ұйымдастырып еді, биыл ол істі 1986 жылғылар қолға алып, дайындалып жатыр.

Негізі, ауылдағы барлық іс-шараларды жүзеге асыруға тұрғындар белсене атсалысады. Міне, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесін де ауылдың кәсіпкерлері, өнерпаздары болып, бірге атап өтіп жатырмыз. Жасы үлкен аналарымызға мерекелік дастарқан жайып, концерттік бағдарлама әзірлеп, иықтарына ақ орамал жауып, құттықтаймыз. Барлық мерекелерді ауыл тұрғындарымен бірге жоғары көңіл-күйде атап өтуімізге кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалығының иелері демеушілік жасайды. Атап айтсақ, Қалдыбай Алмабаев, Қайрат Мұратбеков, Серік Әбденов, Арыстан Бабалиев, Нұрбол Жанбаев есімді кәсіпкерлерімізге барша ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтқым келеді. Нұрбол Жанбаев кәсібін Алматы қаласында жүргізіп отырған жас іскер. Мерекелік шараларға үлес қосуымен қатар, мектепке де тұрақты демеушілік жасап келеді. Сонымен қатар, алдыңғы жылдары ауылдағы аз қамтылған отбасылардың үйлеріне газ кіргізіп берді. Бұған қоса, тұрмысы төмен кісілерге де қайырымдылық көмек көрсетіп жүреді. Жалпы айтқанда, ауылдастарым қай іске де жұмыла біледі, осы әкімдік қызметімде қандай жетістікке жетсем де олардың үлесі зор. Әкім болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Сеніп тапсырылған міндетті лайықты атқаруым да үйдегі ер азаматым Қанатбектің көмегі көп, барлық кезде қолдау көрсетумен келеді, – дейді Гауһар Оспанбекова.

2019 жылы Аспара ауылдық округінің әкімі болып т ағайындалған Гауһар Жарасқызының іскерлігіне риза болған ауыл тұрғындары төрт жылдан соң оған тағы да сенім артып, қайтадан әкім сайлаған. Қазір ана, әже атанып отырған Гауһар үнемі әкесінің «Ақ жүрген адам азбас» деген өсиетін ұстанатынын айтады.

– Қазақ халқы қыз баланы қашанда төрге шығарып, ерекше құрметтеп өсірген ғой. Мені де әкем солай тәрбиеледі. Әкем Жарас Молдабекұлы ұзақ жыл мал бағып, Социалистік Еңбек Ері атанған кісі. Анам Бибіажар дүниеге 6 бала әкелген алтын құрсақты ана. Мен әкеге жақын қыз болып өстім. Кішкентайымнан заңгер, прокурор болуды армандайтынмын. Мүмкін әкемнің жанында жиі жүргендіктен болар, ер мінезділік бойыма дарыпты. Марқұм әкем «Білмегеніңді сұрағаннан ешқашан ұялма. Барды бар, жоқты жоқ деп айт. Ешқашан, ешбір жағдайда да өтірік сөйлеме, біреуге зияның тимесін» дегенді жиі айтатын. Барлық кезде әкемнің осы сөздерін еске алып, әрекет етемін, – дейді ару әкім өткеннің естелігін бізбен бөлісе отырып.

Расында, Гауһар Жарасқызының сөз саптауынан, іс-әрекетінен ер мінезділік, қайсарлық байқалады. Қазақтың «Қызды төрге оздыр, төреңдей күт» деген даналығын көріп өскендігі іскерлікке жетелеген секілді. Қыз бала дүниеге келсе «Бақ келді» деп қуанып, бойжете келе шашбау тағып, салмақтылыққа тәрбиелеп, қашанда жоғарыға шығарып құрметтеген тәрбиенің жемісін осы жазбамызға арқау болған кейіпкерімізден көргендей болдық.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Меркі ауданы