АССАМБЛЕЯ ЖИЫНЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУ ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен отырысы өтті.
Бірлікті бекемдеген басқосуға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен аудан, қалалардағы филиалдарының басшылары, аудан, қалалардағы ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық білім, денсаулық, мәдениет басқармасының, полиция департаментінің, БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев ҚХА-ның 30 жылдығы аясында өңірде өтетін іс-шаралардың дайындық барысына тоқталды.
– Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры әрі мемлекетіміздің басты құндылығы. Биыл еліміздегі этносаралық татулық пен бірліктің нығаюында ерекше орын алатын Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толып отыр. Облыста мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән берілуде. Бұл ретте, өңірімізде «Қоғамдық келісім» КММ-і тарапынан Ассамблеяның құрылған күні және Алғыс айту күніне байланысты 10 күндік шара ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің қолдауымен 30 жылдық аясында өңірімізде ұйымдастырылатын 34 жоба ұсынылып, мақұлданды. Оның ішінде ел бірлігін нығайтуға екпін беретін бірнеше телевизиялық жобалар бар. Сонымен бірге, мерейтойлық жылға байланысты облыстық Ассамблеяның құрылып, қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы арнайы кітап шығару жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Келелі кеңесте Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов пен ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісімді жандандыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында баяндама жасады.
Жиын қатысушылары Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың облыс аумағында іске асуымен танысып, алдағы атқарылатын жұмыстар жайын талқылады.
Басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бұл ретте, басқарма басшысы Ерлан Күзембаев пен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева барлық сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған басқарма басшысы халықтың бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды жобаларын жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі