АСТАНА – ӘДІЛЕТТІҢ АЙНАСЫ
Заң үстемдігі – кемел қоғамның кепілі. Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақтылығы әділеттілік пен заңның мызғымастығына тікелей байланысты. Тарих беттерін парақтасақ, құқықтық тәртіптің орнықпаған жерінде хаос пен әділетсіздік белең алғанын көреміз. Демек, заң үстемдігі – тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, ол тұтас ұлттың мәдениеті мен санасының көрінісі.
Қазақстанда заңның үстемдігін қамтамасыз ету және әділеттілік принциптерін сақтау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қағидаттарды нығайту мақсатында құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын толық қорғау үшін қылмыспен күресті жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұл саясат қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, заңды сыйлайтын мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
Осы бағыт бойынша Астана қаласында құқық бұзушылық деңгейін төмендету және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру басты назарда тұр. Ол үшін Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және олардың жұмысын заманауи технологиялармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін орнату, патрульдік қызметтің тиімділігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары күшейтілуде.
Президенттің бастамасымен құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Полиция қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру, сот жүйесінің әділдігін қамтамасыз ету, жемқорлықпен күресті күшейту – осы бағыттағы негізгі қадамдар. Қазақстанда 2024 жылы тіркелген қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға азайған. Бұл құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы мен қоғамдағы құқықтық мәдениеттің жоғарылауына тікелей байланысты. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларының саны көбейіп, жедел әрекет ету топтарының жұмысы күшейтілді.
Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясаты тек қылмыспен күресуді ғана емес, сонымен қатар оның алдын алу шараларын да қамтиды. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар және жемқорлыққа қарсы күреске ерекше назар аударылуда. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін түрлі ақпараттық және ағартушылық бағдарламалар жүзеге асырылып, заңды құрметтеудің маңыздылығы кеңінен насихатталуда. Бұл саясат өзге елдерде де бар. Нөлдік төзімділік саясаттары көбінесе қамауға алу мен айыппұлдардың көбейюіне әкеледі. Бірақ кейбір зерттеулер бұл саясаттың қылмыстың деңгейін төмендетуден гөрі әлеуметтік мәселелерді тереңдететінін көрсетті. Мысалы, Калифорниядағы үш рет сотталғандар туралы заң қатаң жазаларға негізделген саясаттың нәтижесінде түрмелерде отырған адамдардың саны өскен. Сондықтан бұл саясаттан жақсы көрсеткіш күтеміз.
Заңның үстемдігі – дамыған қоғамның ең басты белгісі. Мемлекет тек қатал жазалау шараларына сүйенбей, құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуді көздейді. Құқық бұзушылыққа жол бермеу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат заң талаптарын сақтаған кезде ғана мемлекет дамып, өркендей алады. Құқықтық тәртіп орнаған жерде әділеттілік салтанат құрады, ал әділеттілік – нағыз өркениеттің негізі. Әрбір азамат заңға бағыну арқылы елдің дамуына үлес қосады. Егер халық өз құқығы мен міндетін жетік білсе, әділетсіздікке төзбесе, онда кез келген мемлекет гүлденеді. Сондықтан білім беру жүйесінде құқықтық мәдениеттің дамуына ерекше назар аудару қажет. Заңды білген адам – өз құқығын қорғай алады, ал заңға құрметпен қараған қоғам тұрақты әрі өркениетті қоғам құрайды.