Астана Алаштың 100 жылдығын тойлады
2017 жылы 10 қараша күні Астанадағы ЭКСПО кешеніндегі Конгресс орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының егемендікке талпынған күрестерінің ішіндегі айтулы оқиғалардың бірі болып табылатын Алаш қозғалысы, ұлт зиялыларының өскелең идеялары заман өткен сайын әділ бағасын алып келе жатыр. Бүгінгі халықаралық деңгейдегі жиналыс та сол ардагерлердің ұлы ісіне айрықша құрметтің бірі болса керек. Айтулы жиналысқа Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан секілді елдерден келген ғалымдар қатысты.
Жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Пленарлық мәжілісті ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы, конференция модераторы Ерлан Сыдықов ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметі жайлы айта келіп, Республикамыздың әр аймағында Алаш тақырыбы төңірегінде 3000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. «ХХ ғасыр басындағы «Алаш» жалпыұлттық қозғалысы мен Алаш автономиясының тарихына жаңа сипатта баға беру және қазақ мемлекеттілігін дамытудағы рөлін айқындауды міндет еткен ғылыми конференцияда қоғам қайраткерлері мен ғалымдар маңызды баяндамалар жасады. Атап айтар болсақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, Мұстафа Шоқайтанушы Әбдуақап Қара, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мәмбет Қойгелді, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Әзірбайжан ҰҒА Кавказтану институтының директоры Муса Гасымлы, Өзбекстандағы Самарқан мемлекеттік университетінің профессоры Ильхомжон Саидов, Қырғыз-Ресей Славян университетінің кафедра меңгерушісі Зайниддин Курманов, Башқұрт ғалымы Марсиль Фархшатов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Людмила Гривенная, сондай-ақ, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған қатарлы ғалымдар баяндама жасады. Конференция аясында «Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер және Алашорда», «Алашорданың саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты секция отырыстары өтті.
Конференция жұмысына қатысушылар мынадай бірнеше ұсыныстарды ортаға тастады: «Алаш» қозғалысы қатысушыларының мұраларын зерттеуді одан ары жалғастыру, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің қызметін тереңнен ашатын іргелі зерттеулер жазуды ұйымдастыру. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметін халыққа насихаттау мақсатында қозғалыс өкілдерінің толық шығармалары берілген «Алаш қозғалысы тарихы» атты ғылыми басылым кітаптар сериясын жариялау;
- Алаш қозғалысына қатысты сол дәуірдің мұрағат құжаттарын жүйеге келтіріп, құжаттар сериясын басып шығару;
- Аудио-визуалды ақпарат түрлері, тасқа таңбаланған көркем сурет, Ә. Бөкейхан, Б. Қаратаев, М. Дулатов пен ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының есімдерін қасиетті орындарға, ғылыми ұйымдар мен ЖОО-на беру арқылы қозғалыс жетекшілерін мәңгі есте сақтау жұмыстарын жалғастыру;
- «Әлихан Бөкейханов», «Алаш қозғалысына — 100 жыл» атты төсбелгілер тағайындауды және олармен Алаш қозғалысы қызметін зерттеу мен таратуға қомақты үлес қосқан Қазақстан және шетел азаматтарын марапаттауды ойластыру;
- Алаш идеясын кеңінен насихаттау мақсатында жетекші өкілдер шығармаларын, олар туралы іргелі зерттеулерді шет тілдеріне аудару;
- Республиканың жетекші ғалымдарының қатысуымен Алаш қозғалысын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерттеу ісін қолға алу.
Осында тілге алынған ұсыныстар, «Мәңгілік ел» құруды мақсат еткен, тәуелсіз Қазақстанда жасап жатқан Алаш баласының барлығына ортақ арман, санасына салмақ салар салихалы ойлар еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойынан бастап, биылғы 100 жылдығы аталып жатқан «Алаш қозғалысы» қарсаңында елімізде талай-талай ғылыми конференциялар, жиындар өткізілген екен. Алайда алаштанушы ғалымдарымыз бен ұлтжанды азаматтарымыздың арасында алаштану ісіне мемлекет тарапынан шынайы көңіл бөлінбей отырғандығын, билік басындағылардың Алаш арыстарын ұлықтауда әлі де болса жасқаншақтық танытып отырғандығына көңілдері толмайтын адамдардың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан ел үшін қысқа уақыттың ішінде, барлық жоғын түгендеп, айдалада ақсөңке болып жатқан сынған сағанақтарын жинастырып алу да оңайға түспесі тағы бар. Деседе алаштану істерінде, Алаш қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуде кемшіліктеріміздің көп екендігін ғалымдарымыз айтып келе жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясының астарында жатқан, Алаш арманын шынайы түсінген адамдардың қатары да мол дей алмаймыз. Жалғыз ғана ғылым үшін, ұлт алдындағы перзенттік парыздарын өтеу үшін тер төгіп жүрген азаматтарымыз аман болсын дегіміз келеді…
Ерқазы Сейтқали